Тоғжанов су объектілерінде қауіпсіздік шараларын күшейтуді тапсырды

5 Маусым 2023, 19:16
649
Бөлісу:
Тоғжанов су объектілерінде қауіпсіздік шараларын күшейтуді тапсырды
Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі

Ералы Тоғжанов Ақтөбе облысының су объектілерінде қауіпсіздік шараларын күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен жиында су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және егіс науқанының барысы мәселелері қаралып, оған мемлекеттік органдардың басшылары, аудан әкімдері бейнеконференц-байланыс режимінде қатысты.

Жиынның ашылуында облыс әкімі үстіміздегі жылдың 1 маусымында Елек өзенінде суға батып бара жатқан баланы құтқарып қалған 9-сынып оқушысы Қолқанат Баққұлға алғыс хат пен бағалы сыйлық табыстады. Ол кішкентай баланы жағаға шығарып, оған алғашқы медициналық көмек көрсеткен.

Сен нағыз батырсың! Ержүрек батылдығың үшін саған және нағыз батырды, еліміздің болашағына бей-жай қарамайтын рухы берік азаматты тәрбиелеген ата-анаңа риясыз алғысымды білдіремін, - деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Оқушының анасы облыс әкіміне елеп-ескергені үшін өз алғысын білдірді.

Мен бұл жағдай туралы алғаш естігенде қатты қорқып кеттім, ал қазір ұлымызбен мақтанамыз, - деді Жарқынгүл Нұрмұханова.

ТЖ департаментінің басшысы Марғұлан Аманбаев 1 маусымнан бастап облыс бойынша 65 жағажай, оның 18-і Ақтөбе қаласында жұмыс істей бастағанын баяндады. Бұл ретте облыс орталығында бір ғана коммуналдық жағажай жұмыс істейді. Осыған байланысты Ақтөбе су қоймасы, «Абрикос» бау-бақша ұжымы және Тұрғындар қалашығында тағы үш коммуналдық жағажай ашу жұмыстары жүргізілуде. Аталған жағажайларда қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін құтқару курстарынан 64 адам өтіп, тағы 24 адам оқуын жалғастыруда. Жағажайларды құтқару құрал жабдықтарымен қамтамасыз етілуі жалпы 94,3% құрайды.

Су айдындарында адам өлімінің алдын-алу жөніндегі іс-шаралар шеңберінде сүңгуірлер тобымен жағажайлардың су түбі әр түрлі қоқыстардан тазартылды. Шомылуға тыйым салынған жерлерде 203 тыйым салу белгісі орнатылды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.

Полиция департаментінің мәліметінше, ағымдағы жылдың 1 мамырынан бастап облыста төрт кәмелетке толмаған бала суға батып кеткен.

Өңір басшысы уәкілетті мемлекеттік органдарға профилактикалық жұмыстарды, су айдындарындағы қауіпсіздік шараларын жандандыруды, балаларды жүзуге жаппай оқытуды қамтамасыз етуді, сондай-ақ белгіленбеген жерлерде шомылу, алкоголдік ішімдіктер ішу, балаларды қараусыз қалдыру және т.б. су объектілеріндегі құқық бұзушылықтарды анықтауды күшейтуді тапсырды. Жыл басынан бері облыстың су айдындарында барлығы 110-нан астам құқық бұзушылықтар анықталған.

Біз облысымыздың әрбір тұрғыны, әсіресе балалар үшін жауаптымыз. Азаматтардың, кәмелетке толмаған балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне аса жауапкершілікпен қарауды сұраймын, - деді Ералы Тоғжанов.

Басқосуда егіс жұмыстарының барысы туралы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының м.а. Асылхан Абтиев баяндама жасады. Ағымдағы жылы облыс бойынша жалпы егіс алқабы 770,5 мың гектарды құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 62 мың гектарға артық.

Егіс жұмыстары сәуір айында басталды, бірақ мамырдың екінші онкүндігінде жауған жаңбырдың салдарынан жұмыс барысы бәсеңдеген. Бүгінгі таңда жоспарланған аумақтың 89%-ы егіліп, егістің толық аяқталуы ағымдағы аптаның соңына жоспарланған.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді арзан дизель отынымен қамтамасыз етуде мәселелер жоқ.

Сондай-ақ, облыс әкімі аудан әкімдерінің шегіртке зиянкестерінің таралуы жөніндегі ағымдағы жағдай туралы баяндамаларын тыңдап, аумақтарды химиялық өңдеу бойынша жұмыстардың барысын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

Бұдан басқа, жиын барысында Өрлеу тұрғын алабының жолдарын жөндеу мәселесін шешу бойынша қабылданып жатқан шаралар талқыланды, бұл сұрақпен тұрғындар 31 мамырда азаматтарды қабылдауда облыс әкіміне жүгінген болатын.

Өзгелердің жаңалығы