Ералы Тоғжанов мәдениет және өнер қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ақтөбеде Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған ауқымды мерекелік шара өтті. Оған Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов, мәдениет және өнер саласының қызметкерлері, өңірдегі шығармашылық зиялы қауым өкілдері қатысты. Өнер – руханиятымыздың өзегі, мемлекеттік идеологияның тірегі. Өңір басшысы мәдениет саласында қажырлы еңбек ететін мамандардың Қазақстан халқының бай мәдени мұрасын жаңғыртуға және келер ұрпақтың бойына сіңіруде елеулі үлес қосып жүргеніне ерекше тоқталды.
Мемлекет басшысы өзінің сөзінде «Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басудың бір тетігі – мәдениет қызметкерлерін қолдау. Елдің рухани дамуы мен кемелденуі мәдениеттің қарқынды дамуымен ұштасып жатыр. Еліміздің атын шығаратын да – мәдениет пен өнер» - деген еді. Өңірімізде мәдениет саласы күннен күнге жақсы өріс алып, шарықтап дамып келеді. Көп жылдар бойы көтерілген түйткілді мәселелердің бірі – жаңа қазақ драма театрының құрылысы болды. Үстіміздегі жылы қаламыздағы Бөкенбай көшесі бойында жаңа театр ғимараты, планетарий мен кітапхана үшін үш қабатты үш бөліктен тұратын ғимарат бой түзейді. Сондай-ақ, зиялы қауым - ақындар, жыршылар, күйшілердің басын қосар «Рух» аллеясы салу да жоспарда бар, - деп қуанышты жаңалығымен бөлісті облыс әкімі.
Ақтөбе өңірінде креативті индустрияны дамыту, жастар көп шоғырланатын орталықтар құру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы қазіргі таңда күрделі жөндеуден өтіп, материалдық-техникалық базасын нығайту, жаңарту жұмыстары аяқталуда. Кітапхана жанынан «Art&Science» креативті орталығын ашу жоспарлануда. Орталық базасында жастар сұранысына ие дыбыс жазу орталығы, IT резиденция, контент room, Art Space, Movie холл, дизайнерлер мен суретшілер шеберханасы сынды қызмет түрлері ұсынылады. Дәл осындай орталық «Өнер орталығы» ғимаратында да болады. Сонымен бірге, тарихи жәрмеңкелерді жаңғырту, көрнекті мәдениет және өнер қайраткерлерінің мұрасын насихаттау жұмыстары жалғасады.
Биыл Хромтаудағы Мәдениет үйінің құрылысын бастаймыз. Бұл осы күнге дейін мәдениет үйі болмаған облыстағы жалғыз аудан орталығы. Темір аудандық музейінің жаңа ғимараты салынады. Сондай-ақ, Әйтеке би ауданындағы мәдениет үйі, Алға, Байғанин, Қобды, Ырғыз, Мәртөк аудандарындағы тоғыз ауылдық клубтарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі, - деп Тоғжанов алдағы жоспарларымен бөлісті.
Кәсіби мерекеге орай облыстың бірқатар мәдениет қызметкерлері «ҚР Еңбек ардагері» және «ҚР Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілерімен, облыс әкімінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. Шара концерттік бағдарламамен аяқталды.