Тоғжанов Astana Mining & Metallurgy 12-ші тау-кен металлургия конгресіне қатысты

16 Маусым 2022, 17:44
1198
Бөлісу:
Тоғжанов Astana Mining & Metallurgy 12-ші тау-кен металлургия конгресіне қатысты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтанда Astana Mining & Metallurgy 12-ші Халықаралық тау-кен металлургия конгресі өтіп жатыр. 

Екі күн бойы орталық және жергілікті мемлекеттік органдар, ұлттық және халықаралық компаниялар, инвестициялық қорлардың өкілдері мен ірі кәсіпорын басшылары тау-кен саласының бүгінгі ахуалы мен оның дамуын жан-жақты талқылады. 

Алғашқы Конгресс 2010 жылы өткен болатын. Осы уақыттан бері Astana Mining & Metallurgy саладағы кәсіпқой мамандар бас қосып, өзара уағдаластыққа қол жеткізетін және тараптар арасында тиімді келісімшарттар жасалатын алаңға айналды. Өз кезегінде дәстүрлі басқосуға шетелдік мамандар мен сарапшылардың қатысуы кең көлемде тәжірибе алмасуға және саланы дамытуда ортақ шешімдер қабылдауға ықпал етеді.

Жиында Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов сөз сөйлеп, тау-кен саласының ел дамуындағы және азаматтардың әл-ауқатын арттырудағы тарихи рөліне тоқталды. Сондай-ақ ол 230 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отырған салаға мемлекет тарапынан қойылып отырған жаңа міндеттер мен мақсаттар туралы баяндады.

Премьер-министрдің орынбасарының айтуынша, Жаңа Қазақстан тұжырымдамасының басты мақсаттарының бірі – тұрғындардың кірісін ұлғайту. Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша өткізілген референдум нәтижесіне сәйкес халық жердің және табиғи ресурстардың иесі екінін туралы ереже біржола бекітілді. Осыған орай еліміздің мемлекеттік өнеркәсіп саясатына бірқатар талап енгізілді. Атап айтқанда, ірі жер қойнауын пайдаланушылар ағымдағы өндірістік және тұтынушылық қажеттіліктерді қамтамасыз ету үшін шағын және орта бизнеске қолайлы жағдай жасауы тиіс.

Қазіргі таңда өңдеу өнеркәсібімен айналысатын 50 ірі кәсіпорын анықталды. Аталған кәсіпорындардың базасында шағын және орта бизнес белдеуі құрылатын болады. Олар кепілдеме сатып алулар үшін оффтейк келісімдер мен шарттар жасайтын болады. Нәтижесінде импорттық өнімдерді жалпы құны 3 трлн теңгені құрайтын отандық тауарлар алмастырады деп күтілуде, — деді Е. Тоғжанов.

Сондай-ақ Премьер-министрдің орынбасары бүгінде мемлекет отандық шикізатты тереңдетіп өңдеуге ерекше көңіл бөліп отырғанына назар аударды. Мұндағы басты мақсат – бағасы жоғары өнімдерді көбейту және экспортқа бағытталған жоғары технологиялы тауар түрлерін арттыру.

Жыл басынан бері өңдеу көлемінің артқанын бағамдап отырмыз. Мәселені түбегейлі әрі жүйелі шешу үшін қажетті нормативтік база құрылды. Шикізатпен қамту қайта өңдеу өнеркәсібі үшін маңызды және негізгі тетік саналады. Игі іске бастама жасап, оны жүзеге асыруға атсалысқандарға алғыс білдіремін және де бұл тараптағы жұмысты одан әрі жандандыруды сұраймын, — деп атап өтті Е. Тоғжанов.

Конгресс аясында дәстүрлі түрде Қазақстанның Алтын өндірушілерінің форумы өтеді. Осымен үшінші рет ұйымдастырылған жиында инвесторларды тарту үшін заңнаманы жетілдіру, бағалы металдар саласын қолдаудағы әлемдік үрдістер, салық жеңілдіктері мен преференциялар, салық режимі өзгерістерінің алтын өндіру жобаларының инвестициялық тартымдылығына әсері мәселелері талқыланбақ.

Сондай-ақ шара аясында III Көмір форумын өткізу де жоспарланған. «Тау-кен өндірушілері және тау-кен металлургиялық кәсіпорындардың республикалық қауымдастығы» ЗТБ серіктестігімен жыл сайын ұйымдастырылатын жиында сарапшылар көмір саласын дамыту мәселелері мен декарбонизация стратегиясын талқылайды. Оған қоса, салаға кадрлар даярлау және ЖОО түлектерін тиімді жұмысқа орналастыру бойынша дөңгелек үстел де өткізілмек.

Сонымен қатар Astana Mining & Metallurgy аясында «Алтын Гефест» салалық сыйлығын тапсыру рәсімі ұйымдастырылмақ. Марапат тау-кен металлургия саласын дамытуға қосқан үлесі үшін үздік геологтар, кеншілер, металлургтер, студенттер, журналистер мен алдыңғы қатардағы кәсіпорындарға беріледі.

Өзгелердің жаңалығы