Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Ұлытау өңірінде өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт мәлімдеді.
Біз барлық салада бәріне бірдей мүмкіндік беретін нағыз әділ қоғам құруымыз керек. Оның бір жолы – тәуелсіз сот жүйесі. Бабаларымыз «Тура биде туған жоқ деген» деген сөзді тегін айтқан жоқ. Біз қара қылды қақ жарған билер жолын жалғастыруға тиіспіз. Қазіргі таңда елімізде үш жүзге жуық судья жетіспейді. Сол орындарға әділ, адал және білікті жастарды тартуымыз қажет. Мен мықты кәсіби заңгерлерді Әділетті Қазақстанды бірге құруға шақырамын, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде.
Сонымен қатар ол нағыз демократиялық әрі әділ мемлекет құра алатындығымызды алға тартты.
Қазақстан өзінің өркениеттер тоғысында болған көпжылдық тарихында әлемнің түрлі дәстүрлерінің алуан түрлі реңкін сіңіре білді. Бұл біздің мәдени кодымыздың ажырамас бөлігі, ұлтымыздың баға жетпес байлығы мен бәсекеге қабілетті басымдығы. «Алуан түрліліктегі бірлік» қағидатын назарға ала отырып, біз нағыз демократиялық әрі әділ мемлекет құра аламыз, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.