Тоғжанов: 10 жылда 200-ден аса медициналық нысан ашылды

20 Қаңтар 2023, 18:24
897
Бөлісу:
Тоғжанов: 10  жылда 200-ден аса медициналық нысан ашылды

Президент Іс басқармасының Медициналық орталығының басшысы Алексей Цой Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановпен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

 Маңызды құжатқа қол қою облыс үшін тарихи сәт болып есептеледі, өйткені жоғары деңгейдегі медициналық орталық алғаш рет аймақтарға шықты.   

Ералы Тоғжанов ПІБ Медициналық орталығы еліміздің денсаулық сақтау флагманы екенін, бүгінгі меморандум өңірдегі медицинаны одан әрі дамыту үшін маңызды қадам болатынын атап өтті.   

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға орасан зор көңіл бөлді. Өңірде Президент тапсырмасын орындау мақсатында  жұмыстар істеліп жатыр. Облыста тек соңғы 10  жыл ішінде  заманауи құрылғылармен жабдықталған 200-ден аса медициналық нысан ашылды.  Дүниежүзін жаулаған коронавирустық пандемия адамзат үшін үлкен сынақ  және сабақ болып, денсаулық сақтау саласының бір орында тұрмай,  әрдайым дамуы керектігін дәлелдеді. Осыған байланысты, бүгінгі қол қойылған меморандум – Ақтөбе облысы тұрғындарының денсаулығын сақтау жолындағы маңызды қадам. Бұл өңірдегі медицина қызметкерлерінің кәсібилігін арттыруға үлкен серпіліс бермек, ақтөбеліктерге көрсетілетін медициналық көмек сапасын арттыруға оң нәтижесін тигізеді деп сенемін, - деп атап өтті Ералы Тоғжанов.   

Тоғжанов: 10  жылда 200-ден аса медициналық нысан ашылды

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен, жетекші әлемдік серіктестермен ынтымақтастық - Медициналық орталықты ең озық технологияларды енгізуге болатын Үздік тәжірибелер орталығы немесе Апробация орталығы ретінде танытуға мүмкіндік берді. Біз білім беру, ғылыми-зерттеу жұмыстарын іске асырамыз, санитарлық-эпидемиологиялық зерттеулер жүргіземіз, инновациялық әдістерді іздестіру және тәжірибеге енгізу, сондай-ақ республиканың практикалық денсаулық сақтау саласына технологиялар қолдану, бейімдеуді белсенді жүргізіп жатырмыз. Соңғы үш жылда клиникалардың мамандары 150-ден астам жаңа технологияларды енгізіп, оны Қазақстан тәжірибесінде алғаш рет қолданды. Ақтөбе облысының 130-дан астам азаматы медициналық орталық ұйымдарында медициналық көмек, шипажайларда емделіп, оңалтылды. Біз өңір тұрғындарына практикалық көмек көрсетуді одан әрі кеңейтуді және арттыруды жоспарлап отырмыз. Осы жетістіктердің барлығымен біз Ақтөбе облысындағы медициналық қауымдастықтармен бөлісуге дайынбыз, - деді Президент Іс басқармасының Медициналық орталығының басшысы Алексей Цой өз сөзінде.   

Келелі келісім аясында ПІБ Медициналық орталығы халыққа кеңестер беруге, санаторий-курорттық емдеу және медициналық оңалту бойынша қызметтер көрсетуге, ал қажет болған жағдайда ауыр науқастарды емдеуге міндеттеме алады. Өңірдің медициналық мекемелерінің қызметкерлерін инновациялық технологияларға оқытуды ұйымдастыру, науқастар шалдыққан аурулардың алдын алу, диагностикалау, емдеу және оңалту, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жаңа медициналық технологиялары мен инновациялық әдістемелерін дамыту саласында тәжірибе алмасып, білімдерімен бөлісу туралы  уағдаластыққа қол жеткізілді.   

Меморандумда медициналық және басқарушы персоналдың біліктілігін арттыру, оның ішінде қашықтықтан оқыту, бірлескен ғылыми семинарлар, конференциялар өткізу, бірге ғылыми-зерттеу және инновациялық қызметті дамыту көзделген.   

Сондай-ақ, келісім шаралары өңірлік денсаулық сақтау жүйесін дамыту арқылы жаңа технологияларды меңгеруге, дәрігерлерді оқытуға, отандық медицинаның сапасын және халықтың жоғары технологиялық медициналық қызметтерге қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді деп күтілуде.   

Айтып өтейік, өңірде өтіп жатқан ҚР ПІБ Медициналық орталығының күндері аясында республикалық деңгейдегі жетекші мамандар  17-20 қаңтар аралығында 30 күрделі жоғары технологиялық операцияны жасап, Ақтөбе медициналық орталығының базасында 157 науқасты тексеріп, кеңестерін берді.   

Емдеу мекемелерінің медицина қызметкерлеріне шеберлік сыныптарын өткізді.

Өзгелердің жаңалығы