Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. 2018 жылы туризм саласы бойынша Тобыл-Торғай өңіріне 1,7 млрд теңге пайда түскен. Бұл жөнінде облыс әкімдігінде өткен селекторлық отырыста кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Роза Горянная мәлімдеді.
«Өткен жылы Қостанай облысында 193 мыңдай Қазақстан азаматы қонақ болған. Өсім – 10,8%. Алтынсарин, Қарасу, Науырзым, Сарыкөл, Таран аудандары мен Арқалық қаласында көркіштердің төмендеуі байқалады. Ал, шетелдік туристер көлемі 13,1% көбейген, яғни, 20,4 мың адам. Биыл барлығын қосқанда 220 мыңның үстінде турист келеді деп жоспарлап отырмыз», - деді Роза Горянная.
Оның айтуынша, 2018 жылы жобалық басқару үлгісіне сәйкес, туризмді дамытудың өңірге пайдалы төрт негізгі бағыты айқындалған: инвестиция көлемін ұлғайту, тұрғындарды көбірек жұмыспен қамту, жалпы қосылған құн мен еңбек өнімділігін арттыру.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі 2019-2025 жылдарға арналған бағдарлама құрастырып, соған сәйкес ТОП-50 туристік нысандар тізімі жасалған болатын. Оған Қостанай облысынан Алтынсарин ауданындағы сауықтыру орны мен аңшылық-трофейлік кластері кіргізіліп отыр. Осы бағдарламаны негізге алып, облыста 2022 жылға дейін есептелген іс-шаралар жоспары бекітілді.
«Бұл мәселеге өңірдегі әкімдіктер немқұрайлы қарайды. Туристік саланы алға жылжытуға қатысты тұшымды ұсыныстары жоқ. Сайттарында қонақжайлығы туралы маңызы шамалы ақпараттар мен сапасыз фотоматериалдар орналастырылған», - деді баяндамашы.
Облыс басшысы Архимед Мұхамбетов аудан, қала әкімдеріне ескерту жасап, кемшілікті жоюға тапсырма берді.
«Қателіктерді қайталамауға тырысайық. 10 маусымға дейін өңірлердің туристік әлеуетін арттыру жөнінде нақты ұсыныстар күтемін. Содан соң, жол бойындағы сұрқы қашқан нысандарды қалыпқа келтіру немесе сүріп тастау керек. Ол да адамның көңіл-күйіне, жақсы әсер алуына кері ықпал ететін көріністер», - деді Архимед Мұхамбетов.