Тоқаев Жээнбековке көңіл айтты

30 Шілде 2020, 13:02
1068
Бөлісу:
Тоқаев Жээнбековке көңіл айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан Республикасының президенті Сооронбай Жээнбековке көңіл айту жеделхатын жолдады. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз Президенті Сооронбай Жээнбековке Қырғызстанда коронавирус пандемиясының құрбандарын еске алу үшін Ұлттық аза тұту күні деп жариялануына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады.

Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан коронавирус пандемиясы салдарынан қайтыс болған бауырлас қырғыз азаматтарын ұлттық аза тұту күнінде қайғыларыңызға ортақтасып, қолдау көрсетуді жөн санадым. Осындай қиын-қыстау кезеңде мезгілсіз қайтыс болған адамдардың жақындары мен туыстарының орны толмас қайғысымен бөлісемін, ал қазіргі уақытта аты жаман індетпен күресіп жатқан науқастардың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіремін, – делінген жеделхатта.

Қасым-Жомарт Тоқаев қабылданған нақты шаралардың, қырғыз халқының ынтымағы мен бірлігі елдегі эпидемиологиялық ахуалды тез арада тұрақтандыруға мүмкіндік беретініне сенім білдірді. Сондай-ақ Қазақстанның әрдайым бауырлас Қырғызстан халқына қажетті көмек көрсетуге және коронавирус індетіне қарсы бірлесіп күресу үшін күш біріктіруге дайын екенін жеткізді.


Өзгелердің жаңалығы