Тоқаев Сингапур премьер-министрі мен Иран президентін Қазақстанға шақырды

1 Қазан 2019, 15:31
1959
Бөлісу:
Тоқаев Сингапур премьер-министрі мен Иран президентін Қазақстанға шақырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан президенті Сингапур премьер-министрі Ли Сянь Лун және Иран Ислам Республикасының президенті Хасан Руханимен кездесті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.  

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес алаңында Қасым-Жомарт Тоқаев Сингапур премьер-министрі Ли Сянь Лунмен кездесті.

Кездесу барысында мемлекет басшысы екі елдің арасындағы қарым-қатынастың достық ниетке құралғанын атап өтті.

«Біз сіздің елді құрметтейміз. Бүгінгі Сингапурдың негізін қалаған сіздің әкеңіз Ли Куан Ю Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен жақын достық қарым-қатынаста болғаны, оның 90-жылдардың басында Қазақстанға келгені есімізде. Екі ел арасындағы тығыз ынтымақтастыққа берік негіз бар деп ойлаймын»,– деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Сингапур премьер-министрі де екі ел арасындағы өзара қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға ниетті екенін айтты.

«Біз Қазақстанмен арадағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниеттіміз. Өзіңізбен президент ретінде бірлесе жұмыс істеуге асықпын»,– деді Ли Сянь Лун.

Тараптар екі жақты сауда-экономикалық, инвестициялық байланыстарды арттыруды, сондай-ақ, «Астана» халықаралық қаржы орталығы аясында қалыптасып келе жатқан өзара қарым-қатынастың көкжиегін кеңейту жайын атап өтті.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Сингапур премьер-министрін елімізге арнайы сапармен келуге шақырды.

«Біз сізді өзіңізге ыңғайлы кез келген уақытта күтеміз. Сіздің сапарыңыз өзара ынтымақтастықты дамыту үшін бірқатар нақты мәселелерді талқылауға жақсы мүмкіндік береді»,- деді Қазақстан президенті.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Иран Ислам Республикасының президенті Хасан Руханимен кездесті

762cebbe69483ea367b469458511091a.jpg

Кездесу кезінде сауда-экономикалық, көлік-логистикалық, ауыл шаруашылығы салаларындағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды.

Қазақстан президенті екі ел арасындағы байланысты одан әрі арттыру, сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық одақпен ортадағы өзара қарым-қатынасты нығайту қажеттігін атап өтті.

Сөз соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Хасан Руханиді Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.

Өзгелердің жаңалығы