Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жақында ҚР Қорғаныс министрлігінің ұйымдастыруымен Щучинск қаласында орналасқан Шоқан Уәлиханов атындағы кадет корпусымен танысып қайттық.
Щучинск қаласы елордамыздан 239 шақырым қашықтықта орналасқан. Министрліктің ұйымдастырған арнайы баспасөз туры аясында ТМД аумағында сержанттарды дайындайтын жалғыз оқу орнын аралап көрдік.
Кадет корпусы – сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен 1996 жылы 1 шілдеде ҚР Қарулы күштері үшін кіші командалық құрамды даярлау мақсатында құрылған. Арада 4 жыл өткенде Үкіметтің қаулысы негізінде кадет корпусына Шоқан Уәлихановтың есімі берілді.
Естеріңізде болса, 1847 жылы 12 жасар Шоқан Омбы кадет корпусына оқуға түсіп, білім алған. Сондықтан бұл корпусқа қазақтың ұлы ғалымының есімін беру тегін емес.
Баспасөз турына келген тілшілерді кадет корпусы бастығының тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасары – бөлім бастығы, полковник Қайрат Асанов пен кадет корпусы бастығының оқу жұмыстары жөніндегі орынбасары – бөлім бастығы, подполковник Роман Холод күтіп алды.
Мұнда 100-ге жуық адам жұмыс істейді. Корпустың айналасы бетон қабырғамен қоршалған. Ішінде жолақтарға асфальт төселген.
Осы 23 жылдың ішінде еліміздің Қарулы күштерінің қатарына 3 мыңға жуық түлегіміз қосылды. Қазіргі кезде 500-ге жуық болашақ сержанттар оқып жатыр. Жылдан жылға Кадет корпусына түсуге тілек білдіргендер саны артып келеді. Қазіргі уақытта қабылдау конкурсы бір орынға 3 адамды құрайды. Бұл ретте талапкерлерге денсаулық жағдайы бойынша қатаң талап қойылады. Қабылданғанға дейін кадеттер үш рет медициналық комиссиядан өтеді. Жылына министрліктің тапсырмасы бойынша 230-240 түлек қабылдаймыз, - дейді Қайрат Асанов.
Бұл оқу орнының қабырғасынан 1999 жылы бітіріп шыққан алғашқы түлектердің бірі – шебер-сержант Темірбек Халықов бүгінде Қарулы күштердің бас сержанты. Аталған оқу орнының өзге де түлектері әскери жоғары лауазымдарда қызмет атқарып жатыр.
Кадет корпусының тұрмысы жалпыәскери жарғылардың талаптарына және ҚР қорғаныс министрінің бұйрықтарына сәйкес ұйымдастырылған. Оқу кезінде тәрбиеленушілер толық мемлекеттік қамқорлықта болады.
Жалпы орта білім базасында оқыту – 1 жыл 10 ай. Кадет корпусының негізгі міндетінің қатарына кадеттердің техникалық және кәсіптік білім алу үшін ұлттық және жалпы адами құндылықтар, ғылым және тәжірибе жетістіктері негізінде жеке тұлғаның қалыптасуына, дамуына бағытталған қажетті жағдайды жасау кіреді. Жылына екі рет демалысқа жіберіп тұрамыз. Болашақ сержанттар жазда және қыста үйлеріне барып келеді. Олардың жол қаражаттары да төленеді. Одан бөлек, ай сайын 3600 теңге көлемінде стипендия беріледі, - дейді оқу жұмыстары жөніндегі орынбасар Роман Холод.
Қысқы каникул екі аптаға созылса, жазғы демалыс бір ай көлемінде.
Бұл жерде негізінен 17-18 жастағы бозбалалар оқиды. Ал жалпы 17 мен 21 жас аралығындағы денсаулығы жақсы және мектеп бітіргенде алған аттестаттың орташа балы 3,5-тен жоғары кез келген азамат арнайы емтихан арқылы қабылданады. Жасы 23-тен аспаған, бірақ әскери қызметті өтеген немесе келісімшарт бойынша әскери қызметті өтеп жатқан, жасы 24-тен аспаған азаматтар да кадет корпусының тәрбиеленушісі атана алады.
Кадет корпусында оқу үшін:
- интерактивті оқыту сыныптары;
- компьютер сыныптары;
- лингивистикалық зертхана;
- әскери пәндер бойынша сыныптар;
- кітапхана (көркем әдебиет және оқу);
- оқу орталығы (полигон) бар.
Кадет корпусын тәмамдаған түлектерге сержант атағымен қоса, әскери билет, техникалық-кәсіптік білім туралы мемлекеттік үлгідегі диплом, "В", "С" санаттағы "автокөлік жүргізушісі" куәлігі мен 3-сыныпты "ҰЖМ механик-жүргізуші" біліктілігі беріледі. Сонымен қатар, кадет корпусын бітірген сержанттар жұмыс мәселесін уайымдамайды. Өйткені диплом аларда олармен әскери қызметті өткеру туралы 10 жыл мерзімге келісімшарт жасалады екен.
Корпусты аралап көргенімізде техникалық базасының да жақсы жасақталғанына көзіміз жетті. Курсанттардың қаруды бұзып жинайтын аудиториясына кіргенімізде атыс қарулары мен граната атқыштардың барлық дерлік түрі біздің назарымызға ұсынылды. Калашников автоматынан бастап, Драгунов снайпер мылтығын да көрдік.
Қару атуға арналған екі жаттығу залы да бар. Журналистер де өз шеберліктерін сынап, үш реттен атып көрді. Арамызда 26 балл жинап, жеңіске жеткені де болды. Басшылықтың айтуынша, 18 балл – "қанағаттандырарлық", 21 балл – "жақсы", 25 балдан жоғары "өте жақсы" деп саналады.
Болашақ отан қорғаушы дені сау, күшті және төзімді болу керек. Сондықтан курсанттарға арналған спорт базасында жабдықталған екі жаттығу залы, екі ойын залы және футбол алаңдары бар. Кадет корпусының аумағында ашық типті спорт алаңы (гимнастика қалашығы) жалпыәскери кедергілер жолағы, баскетбол және волейбол алаңы орналасқан.
Екі ғимараттан басқа курсанттарды жаттықтыру үшін Щучинск қаласынан 50 шақырым жерде "Амандық" оқу орталығы бар. Оқу орталығында әскери атыс полигоны, танк жарысы жолы, автодром және практикалық алаң бар. Курсанттар бір семестрде екі рет оқу полигонына барып, сол жерде шамамен екі апта тұрады.
Барлық курсанттар қатысатын жалпы дайындық бағдарламасына қоян-қолтық ұрыс, қорғаныс, шабуыл және пышақпен ұру кіреді. Өздерін сабақ кезінде жақсы қырларынан көрсеткен қабілетті балалар қосымша жаттығуларға қатысады. Содан кейін әртүрлі жарыстарға апарамыз. Кадет корпусының намысын қорғап жүрген курсантарымыз жетерлік, - деді спорт кешенінің нұсқаушысы Мухаят Адимухаммед.
Қарулы күштер арасында жыл сайын спартакиада өтіп тұрады. Оны ұйымдастыратын халық арасында орысша нұсқасы танымал ЦСКА, яғни Армия орталық спорт клубы. Щучинскідегі кадет корпусының курсанттары республикалық спартакиада ойындарында талай рет жүлделі орындардан көрінген. Спартакиада негізінен жеңіл атлетика, шаңғы сайысы, қоян-қолтық ұрыс, армрестлинг, баскетбол, волейбол, футбол сияқты спорт түрлерінен өтеді. Жалпы, спартакиада қысқы және жазғы болып екіге бөлінеді.
Ал курсанттар 1 жыл 10 ай бойы қайда тұрады деген сұраққа келсек, корпус ішінде жатақхана да бар. Бір бөлмеде 3-4 адам тұрады. Бөлмелеріне кіріп көргенімізде бәрінің заттары әскери тәртіппен тап-тұйнақтай жиналып тұр. Бірақ әскери казармаларға мүлдем ұқсамайды. Әр курсантқа жеке кереует, киім ілгіш қарастырылған. Сондай-ақ, бөлмеде дәретхана, душ және киім ауыстыратын бөлме бар. Төсектер жарғыға сәйкес, терезелерден 50 сантиметр қашықтықта орналасқан. Бөлмелердің бәрі бірдей, артық ештеңе жоқ. Жатақхананың 500-ге жуық курсантты орналастыруға мүмкіндігі бар.
Бөлмеде 4 бала тұрамыз. Өзім Семей қаласының тумасымын. Бала кезімнен әскери қызметкер атанамын деген арманым болды. Сол мақсатым бойынша осында келіп, емтихан тапсырып, жолым болып оқуға түстім. Биыл соңғы жылым. Оқуды аяқтаған соң, Қазақстан Қарулы күштерінің қатарына қосыламын, - дейді 2-курс студенті Бауыржан Асаубаев.
Сонымен қатар, курсанттар бос уақыттарын кітапханада өткізе алады. Кітапхананың негізгі қоры 20 мың данадан астам кітапты құрайды, олардың 300-ден астамы электронды форматқа аударылған.
Кадет корпусының ғимаратында медициналық бөлім орналасқан. Онда жалпы тәжірибелік дәрігер, хирург және 9 медбике тәулік бойы жұмыс істейді. Олардан басқа жоспарлы тексерулерге келетін мамандар (стоматолог және зертханашы) бар. Қызметкерлердің міндетіне курсанттардың денсаулығы ғана емес, сонымен қатар тамақ сапасын бақылау, мұғалімдер мен олардың отбасы мүшелерін медициналық тексеруден өткізу кіреді.
Экскурсия барысында 2015 жылы ашылған музейді де аралап көрдік. Онда тарихи тұлғалар туралы мәліметтер, алғашқы ұстаздардың және құрметті түлектердің суреттері бар.
Бір қызығы, 2016 жылдан бастап кадет корпусы балдық-рейтингтік бағалау жүйесіне көшкен, ал 2019 жылдан бастап курсанттар кредиттік оқыту жүйесіне қосылды.
Жарғыға сәйкес, оқу орнында курсанттар 16 взводқа бөлінген, әр топтың құрамында 25-30 адам бар. Кадет корпусының өзі екі бөлек территорияда орналасқан. Экскурсия өткізілген А ғимаратында тілдік және интерактивті жабдықтар орнатылған 37 кабинет бар. Мұнда курсанттар әскери құқық, тарих және т.б. сабақтарды оқиды.
Корпуста 40-қа жуық мұғалім істейді. Оның ішінде тоғызының әскери салаға қатысы жоқ. Бұл жерге орта мектеп түлектері келеді, сондықтан жалпы пәндер оқытылмайды. Алайда қазақ тілі, ағылшын тілі, тарих сынды қажетті пәндер бағдарламаға енген. Ал қалған оқытушыларымыз осы салада көп жыл қызмет еткен әскерилер. Бүгінде 9 жалпы пәндерден сабақ беретін, 31 арнайы пәндерді оқытатын мұғалімдеріміз бар, - деді подполковник Роман Холод.
Жыл сайын қызметркерлердің біліктіліктерін арттыру үшін курстар өткізіледі. Одан бөлек, халықаралық аренада тәжірибе алмасып тұрады. Мысалы, Ресей, АҚШ, Германия, Литва және Түркияның оқу орындарымен байналыс орнатқан. Айта кету керек, АҚШ-тағы халықаралық симпозиумда білім беру саласындағы қазақстандық кадет корпусының моделі үздіктердің бірі болды. Осыған байланысты Ресей, Беларусь, Әзербайжан, Қытай және басқа да елдер Қазақстанның тәжірибесіне көбірек бет бұрып жатыр екен.