ТМД байқаушылары миссиясы: Қазақстан сайлау заңнамасының талаптарын толық сақтап отыр

Михаил Лебединскийдің пікірінше, дауыс беру халықтың көңіл-күйін және сайлауды ұйымдастыру деңгейін көрсетеді.

 ©BAQ.KZ/Сымбат сатыбалдина 23 Тамыз 2026, 12:21
23 Тамыз 2026, 12:21
75
Фото: ©BAQ.KZ/Сымбат сатыбалдина

ТМД елдері байқаушылар миссиясының өкілі, Ресейдің Ленинград облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Михаил Лебединский Қазақстандағы сайлау науқанының өту барысына оң баға берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, ТМД байқаушылар миссиясының басты міндеті – азаматтардың құқықтарының сақталуын және сайлау процесінің ұлттық заңнамаға сәйкестігін бақылау.

Біз Қазақстан Конституциясын, сайлау туралы заңды және сайлау процесіне қатысты барлық нормативтік-құқықтық актілерді мұқият зерделедік. Бақылау нәтижесінде Қазақстан ұлттық заңнаманың талаптарын толық сақтап отырғанын көріп отырмыз, – деді Михаил Лебединский.

Ол сайлаудағы басты көрсеткіш ретінде «сайлаушылардың келуін» емес, олардың белсенділігін бағалау маңызды екенін атап өтті. Оның пікірінше, дауыс беру халықтың көңіл-күйін және сайлауды ұйымдастыру деңгейін көрсетеді.

Сондай-ақ сарапшы қазіргі сайлаудың тарихи маңызға ие екенін айтты. Оның сөзінше, парламенттік модельдегі өзгерістер саяси партиялардың рөлін күшейтіп, елдің заң шығару жүйесіне жаңа серпін береді.

Михаил Лебединский әр мемлекеттің өз ерекшелігіне сай сайлау жүйесін қалыптастыратынын жеткізді.

Қай жүйе тиімді екенін талқылаудың қажеті жоқ. Әр ел белгілі бір кезеңде қоғамның сұранысына қарай шешім қабылдайды. Бұл шешімдер Конституция мен қолданыстағы заңнама аясында жүзеге асырылады, – деді ол.

Байқаушы түстен кейін сайлаушылардың белсенділігі арта түседі деген пікір білдірді. Оның айтуынша, дауыс беру учаскелеріне келіп жатқан азаматтардың көңіл күйінен олардың сайлауға деген қызығушылығы байқалады.

Біз бүгін жасы 80-90-ға таяған әженің дауыс беруге арнайы келгенін көрдік. Бұл адамдардың сайлауға қатысуды маңызды санайтынын көрсетеді, – деді ол.

Сонымен қатар Михаил Лебединский сайлау алдындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына да жоғары баға берді. Оның айтуынша, соңғы күндері бұқаралық ақпарат құралдарында сайлау туралы ақпарат кеңінен жарияланып, тұрғындарды дауыс беруге шақыратын материалдар жеткілікті деңгейде таратылған.

Ол Қазақстанда жеке деректерді қорғауға қатысты заңнамалық өзгерістердің де заман талабына сай қабылданып жатқанын атап өтті.

Мемлекет, Президент, Үкімет және сайлауды ұйымдастырушылар ауқымды жұмыс атқарды. Ақпараттық науқан да жоғары деңгейде жүргізілді. Сондықтан сайлаушылар белсенділігі өткен сайлаулармен салыстырғанда жоғары болуы мүмкін деп ойлаймын, – деді Михаил Лебединский.

Оның сөзінше, сайлау қорытындылары жарияланғаннан кейін алматылықтардың саяси науқанға қалай үн қосқанына нақты баға беруге мүмкіндік туады.

Наверх