Профессионалдар. Тілсіздің де тілін таба білгендер

19 Қазан 2019, 09:54
7867
Бөлісу:
Профессионалдар. Тілсіздің де тілін таба білгендер
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ол – темірдей тәртіп пен құрыштай шымырлықты талап ететін мамандықтың иесі. Ол – 20 жылдық ғұмырын қауіп-қатерге толы қызметке арнаған кәнігі өрт сөндіруші. Ержүрек, батыл әрі жігерлі жан. Аяулы екі қызы мен қамшы ұстар ұлының ардақты әкесі. Біз оларды тілсіз жау тереземізден телміргенде ғана еске алсақ та, олар бізді құтқаруға әрқашан дайын. Бүгін "19 қазан – Құтқарушылар күніне" орай Ақтөбе облысының Төтенше жағдайлар департаменті "Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі" мемлекеттік мекемесінің өрт сөндіру бөлімінің жедел кезекшісі, азаматтық қорғау майоры Нұрлыбек Жалмағанбетовтен сұқбат алған едік.

WhatsApp Image 2019-10-18 at 16.32.49.jpeg

BAQ.KZ: Нұрлыбек Төлеуғалиұлы, Сіздер – бүгінгінің қаһарманысыздар. Ғаламдағы ең қауіпті саланы таңдауыңызға не түрткі болды? Қазақтың нарқасқа ерлеріне арналған мамандыққа қалай келдіңіз?

Нұрлыбек Жалмағанбетов: Өрт сөндіруші мамандығы – нағыз ер-азаматтардың жұмысы. Біздің басты міндетіміз – өртті дер кезінде ауыздықтау. Шаршау деген сөзді мүлдем қолданбаймыз. Тәуліктің кез келген уақытында, тіпті, аптап ыстық пен қақаған аязда да адам өміріне араша түсіп, тілсіз жаумен күресеміз. 1979 жылы Ақтөбе облысының Ырғыз ауданына қарасты Құрылыс ауылында дүниеге келдім. 2001 жылғы желтоқсанда әскери борышымды өтеп келе салысымен өрт сөндіру бөліміне қызметке орналастым. Бүгінде Ақтөбе облысының Төтенше жағдайлар департаменті "Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі" мемлекеттік мекемесінің өрт сөндіру бөлімінде қызметімді адал атқарып келемін. Осы 20 жыл ішінде өрт сөндіруші, аға сөндіруші, бөлімше командирі, қарауыл бастығы, Өрт сөндіру қызметі бөлім бастығының орынбасары, Өрт сөндіру және авариялық құтқаруды ұйымдастыру бөлімінің бас маманы болып еңбек еттім.

Әр секундымыз есептеулі

BAQ.KZ: Өрт сөндірушілердің бір күні қалай өтеді?

Нұрлыбек Жалмағанбетов: Өрт сөндірушілердің ауысымыдық кезекшілігі бөлім бастығына есеп беруден басталады. Тәулік бойы халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Өрт сөндірушілердің әр сағаты жоспарланған. Әр секундымыз есептеулі. Ауысым өрт сөндіру құралдары мен техниканың жағдайын тексереді, тактикалық-арнайы дайындық бойынша сабақтар өткізеді, өрт-құтқару дайындығы бойынша нормативтер орындайды, дене шынықтырумен айналысады. Өрт сөндіру бөлімдерінде асхана, оқу сыныбы, жатын бөлме, барлық тұрмыстық жағдай қарастырылған. Қызметкерлердің барлығы тәртіпке бағынады. Дабыл берілген сәтте жігіттер шырт ұйқыда, немесе асханада отыруы мүмкін. Бұл маңызды емес. Өрт сөндірушілер үшін ең бастысы оқиға орнына барынша тез жету, жедел әрекет ету. Өрт сөндірушілердің әр күні осылай өтеді.

WhatsApp Image 2019-10-18 at 16.32.54.jpeg

Өртті ауыздықтаудан басқаны ойлауға мұршаң болмайды

BAQ.KZ: Ащы шыққан сиренасы бақылдап өрт сөндіру машинасы терезе тұсынан заулап өткенде жүрегің дүрсілдейді. Сізде бойыңызды қорқыныш билейтін сәт туындай ма? Есіңізде қалған ең қауіпті, ең ерекше оқиға қандай?

Нұрлыбек Жалмағанбетов: Мәселен, түнгі сағат үште "өрт шықты" деген дабыл қақты. Шырт ұйқыдан оянып, қызыл өртке оранған көпқабатты үйді қара түтінге кіріп кетіп сөндіруге кірістік. Түнгі кезекшілікте мен болған едім. Тіпті сол түні ешкім де білмейді не болғанын. Басты мақсат - алаулаған тілсіз жауды жеңу. Тек міндетті орындауды ғана ойлайсың ол кезде. Басқа нәрсені ойлап жатуға да мұршан болмайды екен. Мен өзімнің емес, әріптестерімнің ерліктері туралы айтқым келеді. 15 ақпан күні біздің мекемеге қарасты Шалқар ауданындағы №7 өрт сөндіру бөлімінің жүргізушісі Баймурзин Қуанар ауысымнан кейін демалыста болған кезінде жеке көлігіне отырып үй шаруасымен жүрген еді. Шалқар қаласындағы Есет Көтібарұлы көшесімен өтіп бара жатып тұрғын үйлердің бірінің терезесінен қызыл жалынды байқап қалады. Содан соң будақтаған түтінді көргенде өрт болып жатқанына көзі жетеді. Дереу 101-ге хабар беріп, адамның бар-жоғына көз жеткізу үшін үйді айналып өтіп, барлық терезелерді қарап шығады. Бойын үрей билеген егде жастағы әйелдің ерсілі-қарсылы жүргенін байқайды. Терезеден ішке кіріп, үй иесін батареяда кептіріліп тұрған сүлгімен орап сыртқа шығарады. Әйелді көлігіне отырғызған соң, құтқарылған Пернегүл Намаеваның жағдайы қалыпты екеніне көз жеткізіп, жанып жатқан үйге қайта кіріп газ бен электр желісін ажыратады. Ақтөбе қаласындағы Прохоров көшесінде бес қабатты тұрғын үйдің балконы жанып, сол күні демалыста болған №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушісі Мұңалбек Құлымбай оны кездейсоқ көріп қалған. Ол алғаш боп көмек көрсетіп, Алтын Ілиясова есімді қарияны арқалап далаға шығарған. Сөйтіп, оны аман алып қалған болатын. Айта берсең, мұндай оқиғалар өте көп.

Көпқабатты үйлерден адамдарды көтеріп алып түсіреміз

BAQ.KZ: Өрт сөндіруші киімі қанша температураға дейін шыдайды және оның салмағы қандай?

Нұрлыбек Жалмағанбетов: Өрт сөндірушінің арнайы киетін киімі, етігі, каскасы, оқпаны, сүймен, белге тағатын белбауы және қолға ұстайтын балтасы бар. Барлығының салмағы 20 кг-нан асады. Түтіннен қорғайтын тыныс алу аппаратының өзі 11 киллограм. Бұның бәрі қаншама жүктеме, соны көтеріп жүрген адамға осыншама ауыр салмақ түседі. Онымен тек жүріп қана қоймай, жоғары қабаттарға шығып, адамдарды көтеріп алып төменге түсіретін кездеріміз де болады. Түтін, жалындаған оттан басқа, алда басқа да кенеттен кедергілер туындайды. Сол сәтте абдырап қалмай, салқынқандылық танытып, эмоцияға берілмей жұмыла әрекет етеміз.

WhatsApp Image 2019-10-18 at 16.32.53.jpeg

Әрбір басқан қадамымыз соңғы болуы мүмкін

BAQ.KZ: Халықтың шынайы ризашылығын көргенде қандай сезімде боласыздар? Жалпы, өрт сөндіруші болу үшін қандай қасиеттерге ие болу керек?

Нұрлыбек Жалмағанбетов: Қарапайым халықтың, қала тұрғындарының алғысын жиі естиміз. Разы болған адамдардың шын көңілмен көрсеткен ықылас ниеттері біздерге күш пен қуат, жігер сыйлайды. Жер бетінің ең қымбат байлығы - адам, сол адам қолымен жасалып жатқан ұлттық байлығымызды көзіміздің қарашығындай сақтап, көркейіп келе жатқан тәуелсіз еліміздің болашағының жарқын болуына өз үлесімізді қоссақ, одан артық игі іс жоқ.

Бір сәт көз алдыңызға өртке оранған үйді елестетіп көріңізші. Жалын ішінде жақының қалса тіптен қиын. Осындайда шырылдап көмек сұраған жанға қол ұшын созу – бұл да бір игі іс. Біздің басты мақсатымыз – еліміз үшін ең қымбат қазына адам өмірін сақтау, орын алған төтенше жағдайда дереу өртті ауыздықтау.

Әрине, отқа қарсы тұрып, өз басын өлімге тігер жан болу екінің бірінің қолынан келер іс емес екені анық. Мен өрт сөндіру қызметкері ретінде Ақтөбе облысының Төтенше жағдайлар департаменті "Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі" мемлекеттік мекемесі қызметкеркерлерінің тынымсыз еңбегін мақтан еткім келеді. Неге десеңіз, өзге салаларға қарағанда өрт сөндірушілердің мамандығы өте қиын және қауіпті. Күнделікті дабыл бойынша табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жоюмен айналысады. Бұл әрекетте өрт сөндірушілердің жұмысының қауіптілігі зор екені соншалық оның әрбір басқан қадамы соңғы болуы мүмкін. Өрт сөндірушілер үшін құтқару, сақтау, көмектесу, қорғау – ең алғашқы міндеттері болып табылады.

Әрбір өрт сөндірушінің жүрегінде Отансүйгіштік сезім болған күнде ғана өрт апаты азаяды деп ойлаймын. 

WhatsApp Image 2019-10-18 at 16.32.51.jpeg

BAQ.KZ: Әріптестеріңіздің еңбегін жоғары бағалап, мақтан тұтатыңыз ерекше байқалады. Бүгінде облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің жұмыс қарқыны қандай? 

Нұрлыбек Жалмағанбетов: Ақтөбе облысының Төтенше жағдайлар департаменті гарнизонының материалдық техникалық базасы жылдан жылға нығайа түсуде. Өрттен келер қауіп-қатерді болдырмау үшін түрлі іс-шаралар ұйымдастырудамыз. Өрт бола қалған жағдайда көмек беру үшін алдын ала атқарылатын оқу-жаттығу жұмыстары, сондай-ақ тыныс алуға жарамсыз ортада жұмыс жасауға газ түтінінен қорғаушылардың кәсіби шеберлігін арттыру, психологиялық және физикалық дайындық деңгейін жақсарту үшін оқу полигонында өрт сөндірушілердің психологиялық дайындық өрт жолағы өрт сөндірушілердің кәсіби шеберлігін шыңдай түседі.

Өрт сөндірушілердің атқаратын қызметіне сәйкес кәсіби өрт-сөндіру құтқару спорты бар. Елбасы жариялаған Жастар жылында жастардың барлық санатын қолдау мақсатында жасөспірімдер арасындағы өрт-сөндіру құтқару спортынан Қазақстан Республикасының ІХ Чемпионатын 2019 жылдың 24-28 маусымы аралығында Ақтөбе қаласында өткіздік. Ақтөбе қаласында Ерлер арасындағы өрт-сөндіру құтқару спортынан ХХV және Әйелдер арасындағы өрт-сөндіру құтқару спортынан V жазғы Чемпионаты өтті. Осы іс-шаралардың барлығы жас өрт сөндірушілерге үлгі өнеге, патриотық тәрбие береді деген сенімдеміз. 

WhatsApp Image 2019-10-18 at 16.32.56.jpeg

Жайлы орында отырып "бастық" болсам дейді 

BAQ.KZ: Балалық армандарыңыз болды ма және болашақта құтқарушы боламын деген ұл-қыздарға қандай кеңес берер едіңіз?

Нұрлыбек Жалмағанбетов: Армандамайтын адам кемде-кем. Мен тек береке мен бірлікте өмір сүрсем, еліміз аман, жұртымыз тыныш болса деп армандайтын едім. Маңдай термен адал еңбек етіп, соның жемісін көрсем деген ой болды. Бүгінде жастар офисте отырып, қолына қалам мен қағазын алып отыратын қызметке ұмтылады. Жайлы орынды иеленген бастық болғысы келеді. Түн демей, күн демей біздер сияқты қауіпті салада қызмет етуге екінің бірі ниет білдірмейді. Дегенмен, өрт сөндіру саласында қызмет етсем деген жастардың саны аз емес, жылдан-жылға артып келеді. Оқуға түсемін деген жастар Көкшетау техникалық институтында тегін оқуға түсе алады. 4 жыл білім алып, "лейтенант" атағын алып шығады. Үкімет тегін тамақтандырады, киіндіреді, шәкіртақысын төлейді. Барлық жағдайын жасайды. Оқуды аяқтаған соң қолына дипломын алып жұмыс іздеп кезіп кетпейді. Жұмыстары - дайын. Қазақстанның әр облысына жолдама береді. Әлбетте, үміткерлер арнайы іріктеуден өтеді. Бұл мамандыққа физикалық деңгейі жоғары, қайратты әрі өжет жігіттер ғана таңдалып алынады. Өзім 2 қыз, бір ұл тәрбиелеп отырмын. Әулетімде менің жолымды қуған осы салада қызмет атқарып жүрген інім бар. Егер ұлым менің жолымды қуамын десе қарсы болмаймын. Жүрек қалауы не дейді, сол мамандықтың иесі атанар.

Бар тілегім – өрт сөндіруші. құтқарушылардың әлеуметтік жағдайына баса көңіл бөлінсе деймін. Ашығын айту керек, жалақысы мардымсыз. Кадр тапшылығы да бар. Егер осы мәселелер өз шешімін тапса, мамандар жетіспеушілігі болмас еді.

BAQ.KZ: Төл мерекеңізде қазақстандық өрт сөндіруші өжет жандарға айтар жылы лебізіңіз бар ма?

Нұрлыбек Жалмағанбетов: Бірі білсе, бірі білмейді, 19 қазан – "Құтқарушылар күні". Яғни, өрт сөндіру мамандарының кәсіби мерекесі. Ел үшін ерен еңбек сіңіріп жүрген әріптестерімді шын жүректен құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, жұмыстарыңызға береке тілеймін! Халықты қорғауда әрқашан бар күш-жігері мен шеберліктерін жұмсайтынына сенімдімін. Әрқашанда аспанымыз ашық болып, еліміздің тыныштығы бұзылмасын.

WhatsApp Image 2019-10-18 at 16.32.50.jpeg

BAQ.KZ: Сұқбатыңыз үшін рақмет!

Роза ЫСҚАҚ
Өзгелердің жаңалығы