Тілшілер сыналған әскери дискурс

29 Қыркүйек 2023, 17:43
3964
Бөлісу:
Тілшілер сыналған әскери дискурс
PHOTO VIDEO
Фото: автордан

Журналистика ең қызықты әрі қауіпті мамандықтардың бірі. Ақпарат жинаймыз деп журналистер басын қатерге тігіп, шартарапты шарлап кететіні тағы бар. Төтенше жағдайлар, оқыс оқиғалар мен қарулы қақтығыстар арасынан шынайы ақпарат тарататындар да сол журналистер. Осы орайда Қорғаныс министрлігі журналистер үшін арнайы «Әскери дискурс» ұйымдастырды деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

 

Жыл сайын Қорғаныс министрлігі журналистер үшін «Әскери дискурс» өткізеді. Министрліктің баспасөз өкілдері хабарласып қатысуға мүмкіндік бар ма екенін сұрағанда бірден келісім бердім. Әскери журналистикадан білерімнен білмейтінім көп еді. Бұл семинар сол олқылықтың орнын толтыруға мүмкіндік туғызды. Әрі күнде өте бермейтін практикалық сабақтан аларымыз көп екенін білдім. Бұл жолы біздің бағытымыз Қарағанды облысына қарасты «Спасск» оқу орталығы болды. 3 күнге созылатын сабаққа өзімізбен бірге жылы әрі спорттық киім, бас киім, күртеше алуымызды ескертті. Өткен дискурстарда әріптестеріміз қандай практикалық сабақтардан өткенін сұрап, біліп алған едім. Олардың айтуынша, арнайы ұйымдастырылған террористік топ тосыннан шабуылдауы мүмкін екен.

Тілшілер сыналған әскери дискурс

25 қыркүйек күні сағат 12:30 да журналистерді министрліктің алдында арнайы автобус күтіп тұрды. Әріптестерімізбен танысып, белгіленген уақытта жолға шықтық. 4 сағат дегенде аталған орынға жеттік. Ұйымдастырылған террористік топ шабуыл жасап, үрейімізді ұшыратын шығар деп ойлаған едік. Олай болмады. Барлығы тыныш. Келген бойда арнайы дайындалған жатақханадағы орындарымызға жайғастық. Ұйымдастырушылар 10 минуттан кейін төменгі қабатқа түсіп, бірден жаттығуларға кірісетінімізді ескертті. 19:00 де кешкі ас. Ал оған дейін 1 сағат уақытымыз бар. Әскерде уақытты бос өткізуге болмайды. Сондықтан біз де жаттығуды бастап кеттік. Барлығы 15 журналист. Екі топқа бөлініп команда болдық. 

Тілшілер сыналған әскери дискурс

Алғашқы жаттығу арнайы жіптермен байланған кедергілерден өту. Бізге берілген тапсырма сол кедергіде байланып тұрған жіпке денемізді тигізбей өту міндеттелді. Тағы бір дүние команданың бір мүшесі өткен кедергіден екініші адам өте алмайды. Бұл командалық жұмыс болған соң өту жолдарын қарастырдық. Оңай емес екен. Бір-бірімізді көтеріп, әупіремдеп тапсырманы орындағандай болдық. Әскери қызметті де түсіне бастағандаймыз. Екінші тапсырма 2 метр ұзындықтан бір ғана ағашты пайдаланып өту қажет. Екі бағанға жіпті созып байлаған. Қалай өту өз еркімізде. Әрине командамызда үш қыз болғандықтан жігіттер ерекше көмектесті. Көтеріп өткізуге тырысты. 

Тілшілер сыналған әскери дискурс

Бізде қарап қалмадық. Бар күш-жігерімізді жинап, секіруге тырыстық. Бұл тапсырмада физикалық жаттығудың керек екенін ұқтық. Кешкі астың уақыты жақындап қалған соң, жаттығуларды аяқтауға тура келді. Кешкі астан кейін журналистер бірігіп бір-бірімен пікір алмасып, ұйқыға кетті.

26 қыркүйек күні таңғы 08:00 де жатақхананың алдында таңғы асқа жиналдық. Таңғы астан кейін бізді семинар сабақтары күтіп тұр. Теория мен практиканы ұштастыра отырып экстремалды журналистиканың ережелерін меңгердік. Тілшілерге түрлі жағдайда жұмыс істеп үйрететін мамандар да келді. Журналист қақтығыс арасында тек ақпарат таратпай, оқыс жағдай болғанда алғашқы көмек көрсете алу керек екенін түсіндірді. Алғашқы көмек тек соғыс алаңында ғана емес өмірде де түрлі жағдайларға тап болған кезде керек екенін айтты. Оқыған әр сабағымыз практикамен ұштасты. 

Тілшілер сыналған әскери дискурс

Тілшілердің теракт кезінде қандай әрекет жасауы керек жайлы ақпарат тыңдап отырған едік, баса көктеп қарақшылар басып кірді. Атылған оқтан қалай шошып қалғанымызды сөзбен жеткізу қиын. Ешкімнің физикалық және психологиялық жағдайына, тіпті ұл-қыз екеніне қарамай қару кезенді. Суық қаруды көргенде тілің байланып, кімнен көмек сұрайтыныңды да білмей қалады екенсің. Шынайы жағдай ретінде көрсеткен әскерилерге алғыс айттық. Өмірде дәл сондай жағдайға тап болсақ қандай әрекет жасау керек екенін түсіндірді.

Тілшілер сыналған әскери дискурс

Кешкі уақыт. Әріптестерімізбен үлкен холлда еш алаңсыз ойын ойнап отырмыз. Түсте болған үрейден әлі арылар емеспіз. Есікті ашып, террористер келіп қалатындай сезімде отырдық. Бірақ министрліктегі әріптестеріміз бізбен отырған соң алаңдаудың еш қажеті жоқ екен деп ойладық. Ол ойымыз қате болды. Емен-жарқын күліп, әңгіме айтып отырғанымыз сол еді тарсылдаған оқтың дауысы мен арнайы дыбыс зәре құтымызды ұшырды. Сағат шамамен түнгі 23:00 болып қалған еді. Барлығымызды қабырғаға сүйеніп, дізерлеп тұруымызды бұйырды. Содан кейін ұйымдасқан лаңкестік топ әріптестердің арасынан 7 адамды тұтқынға алып кетті. Оның арасында өзім де болдым. Көлікке тиеп, көзің мен қолыңды байлап қойған кезде қашуға да мүмкіндік болмайды екен. Екі көлікте 7 тұтқын. Қайда алып келе жатқаны беймәлім. Әйтеуір жазық далаға қарай бағыт алып бара жатқанын сезіп келемін. Көліктен түсіріп оқ ата бастады. Дауысы жағымсыз. Бір -бірлеп жертөлеге түсіріп, жерге жатуымызды бұйырды. Арнайы ұйымдастырылғанын білсең де қорқынышты жеңу қиын екен. Айналдырған 10 минуттың ішінде жылауға шақ қалдық. Одан кейін көзімізді ашып, қолымызды шешкен сәтте барлығы жақсы аяқталғанын хабарлады. Бір-бірімізден басымыздан өткізген сезімді айтып, мұндай жағдайға тап болмау керек екенін түсіндік. Тап болсақ та өз-өзімізді қалай ұстау керек, сұрақтарға қалай жауап беру керегін білдім.

27 қыркүйек әдеттегідей таңғы астан кейін теориялық сабақ басталды. Әлі де алаңдаулымыз. Себебі есіктен арнайы топ кіріп келетіндей. Бұл жолы тауда не болмаса орман ішінде қалып қойсаң қалай күн көру керек екенін мамандар түсіндірді. Өзіңмен бірге мүмкіндік болса қол сағат, компос болғаны жақсы екен. Қазір әскерилерге ыңғайлы болу үшін кішкентай құтының ішіне ине, қалам, жіп, сіріңке сияқты заттарды салып қоятын болған. Өте ыңғайлы. 

Тілшілер сыналған әскери дискурс

Тек әскерилер емес қарапайым адам тауға шығатын болса қажетті құрал екен. Теориялық сабақ аяқталған соң түстен кейін спорттық жылы киімдерімізді киіп сыртқа шығуды ескертті. Себебі түскі астан кейін оқу-жаттығу алаңына бағыт аламыз. Ол жерде бізді арнайы топ күтіп тұр. Бізге бағыт бағдар көрсететін командирлер мен арнайы жасақ жанымызда. Алаңдағы негізгі орындайтын тапсырмамыз әдейі дайындалған миналардың арасынан өтіп, жараланған әскериге алғашқы көмекті көрсету. Қорғаныш құралы ретінде басымызға арнайы каска мен броножилет берді. Барлығымызға автобусқа жайғасып, айтылған алаңға келдік. 

Көліктің тоқтағаны сол еді тұтқиылдан бізге шабуыл жасалды. Арнайы жасақ басымызды бұғып, көліктен шығуымызды ескертті. Екі қатарға тізіліп, алдымыздағы әскериден алыстамай артынан жүруімізді бұйырды. Егер басқа жаққа бағыт алсаң, оққа ұшуың мүмкін. Сонымен айтылған ережелер мен бұйрықтың барлығын орындап келе жатырмыз. Мина бар аймаққа да жақындадық. Басымыздағы каска мен броножилеттің ауырлығы әсер етіп жатыр. Жүгіру қиындай түсті. Физикалық жаттығудың ерекше әсер ететінін білдім. Себебі шаршадық, үстімізден су болып тер ақты. Бір қатарға тізіліп, мина жасырынған аймақтан өте бастадық. Алдымдағы екі әріптес жасырынған минаны басып, практикалық сабақтан шығып қалды. Өте қырағы болмасаң жұқа ғана жіппен жалғаннған жарылғышты табу қиын. Тағы екі әріптесіміз қателесті. 15 адамның 11-і ғана қалды. Екінші болып келе жатырмын. Бірінші жол бастап бара жатқан әріптес қателеспесе екен тілек те бар. Жоқ. Бәрі жақсы аяқталды. Аман есен өттік. Келесі кезек жараланған әскериге алғашқы көмек көрсету. Теорияда бәрін түсінген едік. Қателесіппіз. Көмек көрсетудің өзі қиын болып қалды. Әупіремдеп жүріп жараланған әскериге білгенімізді, көргенімізді тәжірибе жүзінде пайдаландық. Бірінші рет мұндай дайындықтан өткен соң сасқалақтап қалғаным рас. Діттеген жерімізге жетіп, практиканы сәтті аяқтадық. Енді ешқандай террористік топ келмейтін шығар деп автобустағы орнымызға емін еркін жайғастық. Жатақханаға қарай бағыт алып барамыз. Сөйтсек бізді тосын сый күтіп тұр. Тұтқиылдан автобусқа қарай шабуыл ұйымдастырылды. Барлығымыз абдырап қалдық. Тез автобустан шығып жерге жата бастадық. Бір-бірлеп 5 қабатты ескі үйге кіргізді. Бұл жерде де дізерлеп, қолымызды жоғары көтеріп тұруымызды бұйырды. Түрлі сұрақтар қойып, психологиялық тұрғыдан әсер етті. Мұның барлығы 15 минутта болған жағдай. Ал соғысып жатқан аймақтан хабар таратып, тұтқынға түсіп қалсаң мүлде басқаша болары сөзсіз. Осылайша практикалық сабағымызды аяқтадық. Сезімді айту қиын. Журналистика оңай мамандық емес екенін тағы бір түсіндім. Үш күндік семинарда әуелі өз өмірімзді сақтап, одан кейін дұрыс ақпарат жеткізу біздің міндетіміз.

Өзгелердің жаңалығы