Тілі мықты елдің рухы қашанда мықты болады – Қуаныш Жұмабек

13 Қыркүйек 2019, 12:30
4161
Бөлісу:
Тілі мықты елдің рухы қашанда мықты болады – Қуаныш Жұмабек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, PhD докторы, полиглот Қуаныш Жұмабек «тіліміздің өміршең болуы – мәңгілік ел болудың кепілі» дейді.


«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйек күні Қазақстан халқына алғаш рет Жолдау жариялады. Президент өз Жолдауында: «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін», – деген болатын. Ана тілімізді мемлекеттік тіл ретінде барынша жандандырып, ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру керек екені даусыз. Өкініштісі, елімізде өзге ұлт өкілдері қатынас құралы ретінде орыс тілін қолданады. Бұл тілдің біздің жерімізде тұратын барлық этностардың тілі сияқты, этнос тілі екенін ұмытпағанымыз жөн. Барлық қазақстандықтардың басын орыс тілі емес, тек қана қазақ тілі қосуы керек. Сонда ғана мемлекеттік тілдің мәртебесі биік болады. Тілі мықты елдің рухы қашанда мықты болмақ», - дейді Қуаныш Жұмабек.


​«Ауруын жасырған өледі» дегендей, тағы бір мәселе жайлы айтпаса болмас. Қазіргі таңда кейбір қазақтарымыздың бір-бірімен орыс тілінде сөйлесетінін білеміз. Тіліміз төрге шығып, басқаға сыйлы болуы үшін ең алдымен қазақ қазақша сөйлегені дұрыс қой. Тіпті Елбасы да «Қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін!», – демеп пе еді?! Сонымен қатар, «Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлеу, бұл – сүйініш. Ана тілін білмей тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, ол – күйініш», – деп ұлт мақтанышы Халел Досмұхамедов қалай тауып айтқан десеңізші?! Ана тілінде сөйлемейтін қазақтарды нағыз қазақ болсын десек, «өз тіліңді біл, өзге тілдерді құрметте» қағидасын қалыптастыру керек деп ойлаймын. Өйткені өзгеріс өзімізден, болашақ бүгіннен басталады», - деді Қуаныш Жұмабек.


«Президентіміздің Жолдауында айтылған тілге қатысты пікірі арманымызға арай, қиялымызға қанат бітіргені рас. Ана тілімізді сақтау және оны өркендету – бәріміздің ортақ міндетіміз. Тіліміздің өміршең болуы – мәңгілік ел болудың кепілі. Әбділдә Тәжібаевша айтсақ,
«Туған тілім – тірлігімнің айғағы,
Тілім барда айтылар сыр ойдағы.
Өссе тілім, мен де бірге өсемін,
Өшсе тілім, мен де бірге өшемін», - деп түйіндеді Қуаныш Жұмабек.

Өзгелердің жаңалығы