Тілектің қырағылығы арқасында бала аман-сау табылды

17 Тамыз 2022, 11:19
1756
Бөлісу:
Тілектің қырағылығы арқасында бала аман-сау табылды
PHOTO

Жуырда Өскеменде он екі жасар бала із-түссіз жоғалып кетіп, бүкіл республика жұртшылығын алаңдатты. Қостанайда жоғалған бес жасар бүлдіршін Мәдина Ерланқызының қайғылы қазасына жүректерін ауыртқан ел енді Темірланның тілеуін тілеген еді. Аман-есен табылса екен деген ниетте болды бәрі де, деп хабарлайды Шығыс Қазақстан облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Естеріңізге салсақ, аутизм дертіне шалдыққан Темірлан Ахмеджанов 14 тамызда түнгі сағат 2-лерде үйінен шығып кеткен болатын.

Балақайды іздеуге полицейлер, құтқарушылар, кинологтар, тіпті әскер мен халық арасынан шыққан еріктілер де жұмылдырылған. Яғни, мыңға жуық адам осы іске тартылды.

Тілектің қырағылығы арқасында бала аман-сау табылды

Қуанышқа орай, із-түзсіз жоғалып кеткен екінші күні бала аман-сау табылды. Белгілі болғандай, бала шұңқырға құлап, шыға алмай қалған. Оны полиция лейтенанты Тілек Ерлібеков тапты.

Тілек 1997 жылы 16 желтоқсанда, яғни Тәуелсіздік күні Катонқарағай ауданының Үлкен Нарын ауылында қарапайым жанұяда туған екен. Ата-анасы бүгінгі таңда аталған ауылда тұрады. Әкесі ауруханада жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі, ал анасы сол ауруханада көз дәрігері болып еңбек етеді екен. Отбасында екі бала, апайы бар.

Тілек 2016 жылдан беру күштік құрылымдарда қызмет етіп келеді. Алғашында өрт сөндіруші болған, полицияға ауысқанына екі жылдай болыпты. 

Біз белгіленген учаскелерді бөліп алып баланы іздедік. Мен кешкі бестер кезінде Титан-магний комбинаты аумағындағы көпір маңын тексеріп жүрдім. Ол жерде бірнеше құдық бар екен. Беттерін қалың шөп басыпты. Бірден көзге шалынбайды. Мен бесінші құдыққа тақап, ішіне үңілсем, жоғалған балақай жоғарыға үнсіз қарап отыр екен. Қатты қуанып кеттім, бірден басшылыққа хабар бердім. Жайлап шұңқырдан шығарып алдық. Денесінде сырылған жерлер болды, шамасы жүріп бара жатып құлап кеткен болуы керек. Өздігінен шыға алмаған. Медицина қызметкерлері дереу жетті. Бала тек жекелеген сөздерді ғана айта алады. Мысалы «ауырады», «ауырмайды», «суық», «бұл не»  деген сөздерді ғана. Әсіресе, «суық» дегенді көп айтты, байқұс тонып қалған ғой. Біз баланы екінші тәулікте таптық, бір тәулік бұрын оны жанармай құю стансасы қасынан көргендер бар. Яғни, ол шұңқырда ары кетсе бір тәуліктей отырған, – деді бізге берген сұхбатында ШҚО ПД арнайы жасағының қызметкері Тілек Ерлібеков. 

Бір қызығы, дәрігерлер тексеріп жатқанда да бала Тілектің қолынан ұстап, жібермей отырыпты. Бұны баланың өз құтқарушысына деген алығысы деп қабылдадық. Полицей Темірланды аптыға жеткен ата-анасына өз қолымен тапсырыпты. 

Ішкі істер министрі баланы іздеуге қатысқандардың еңбегін бағалап, алғыс білдірді, ал Тілекті «Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен марапаттады. Десек те, Тілек кереметтей ештеңе істемегенін, тек қана өзге әріптестері секілді өзіне жүктелген міндетті атқарғанын айтады. «Ең басытысы – баланың дін аман табылғаны» дейді ол.

Әр минут санаулы болатын. Бала табылған шұңқырдың тереңдігі – 3 метрдей. Түнде күннің қатты суытатынын ескерсек, оқиға қайғылы аяқталуы ықтимал еді. Өз міндетіне адал Тілектің қырағылығы арқасында бала тірі қалды. Қазір Темірлан ата-анасымен бірге. 

Өзгелердің жаңалығы