Білім сапасын арттыру, еңбек нарығын дамыту, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану. Президент Жолдауында айқындалған осы және өзге де міндеттер «Әділет» партиясының жастар қанаты өткізген «Bir Tolqynda» диалог алаңында жан-жақты талқыланды. Басқосуға Құрылтай депутаттары, партия өкілдері және 150-ге жуық белсенді жас қатысты.
Президент Жолдауында цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамытуға ерекше мән берілген. Осы бағытта «Әділет» партиясы жастардың технологиялық сауаттылығын арттыруға ден қойып отыр. Партия төрағасының орынбасары Ержан Жылқыбаев «Жасампаз AI» жобасы іске асыру көзделгенін атап өтті. Ол кәсіби бағдар беруге, еңбек нарығында сұранысқа ие дағдыларды меңгертуге және жұмысқа орналасуына қолдау көрсетуге бағытталған.
«Біз жастарды жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды пайдаланып, кәсіп жүргізуге үйретуді қолға алмақпыз. Басты мақсат – олардың әлеуметтік желіде уақыт өткізумен шектелмей, интернет мүмкіндіктерін табыс көзіне айналдыруы, жаңа дағдыларды меңгеріп, заман талабына бейімделуі», – деді Ержан Жылқыбаев.
Осы ретте Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Дидарбек Ділдәбек партияның сайлауалды бағдарламасында 2031 жылға дейін 5 миллион азаматты жасанды интеллект негіздеріне оқыту көзделгенін атап өтті.
«Кез келген саланың соңғы түйіні осы цифрландыруға келіп тіреледі. Әсіресе, жасанды интеллектіні барынша ұтымды пайдалануымыз керек. Мұның бәрі – мемлекетті заман талабына сай дамыту жолында жасалып жатқан қадамдар. Бұл іске өскелең ұрпақ өлшеусіз үлес қоса алады», – деді Дидарбек Ділдәбек.
Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Ақерке Искандерова өңірлердегі білім беру инфрақұрылымын дамыту мәселесін көтерді. Ол жастардың туған жерінде сапалы білім алып, кәсіби тұрғыдан өсуіне жағдай жасау қажеттігін атап өтті.
«Жалпыұлттық құрылыс дегеніміз – жай ғана сөз емес. Енді сапалы инфрақұрылым қалыптастыратын уақыт келді. Бұған еліміздің әлеуеті жеткілікті. Алайда мұндай инфрақұрылым тек Астана мен Алматыда ғана емес, барлық өңірде дамуы тиіс. Әрбір жас туған жерінен кетпей-ақ, ірі қалалардағыдай білім алып, кәсіби тұрғыдан дамуға мүмкіндік алуы керек», – деді Ақерке Искандерова.
Жастар қанаты төрағасының міндетін атқарушы Ержан Хамитов Президент Жолдауындағы міндеттердің жас ұрпақтың келешегімен тікелей байланысты екенін атап өтті.
«Президент Жолдауында еліміздің алдағы даму бағытына қатысты маңызды міндеттер айқындалды. Соның ішінде білім сапасын арттыру, еңбек нарығын дамыту, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану мәселелеріне баса назар аударылды. Бұл бағыттардың әрқайсысы жастардың бүгіні мен болашағына тікелей байланысты», – деді Ержан Хамитов.
Кездесу барысында жастар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, спикерлермен ашық пікір алмасты. Диалог алаңы Президент Жолдауындағы міндеттерді жастарға түсіндіріп қана қоймай, олардың ұсыныстары мен бастамаларын ортаға салуға мүмкіндік берді.
Айта кетейік, «Bir Tolqynda» диалог алаңы аясындағы осындай кездесулер еліміздің 20 өңірінде де ұйымдастырылды.