Тіл үйренуді әркім өзінен бастауы тиіс – Досжан Әмір

28 Ақпан 2022, 17:34
2243
Бөлісу:
Тіл үйренуді әркім өзінен бастауы тиіс  – Досжан Әмір

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Заң-құқық саласында мемлекеттік тілдің қолданылу аясы қандай деген сауал баршаны толғандырады. 

Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әмір сот саласында мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге қатысты пікірлерін ортаға салды. 

– Қандай да бір қорытынды жасау үшін негіз ретінде статистикалық мәліметтерден бастасақ...

– Статистикалық деректер сот ісін жүргізуде мемлекеттік тіл егемен мемлекеттің тарихы мен заңдарында дайындалған орынды әлі алмағанын көрсетеді. Көптеген саясаттанушылар демографиялық жағдаймен бірге бәрі өзгереді дейді. Бірақ нақты жағдай басқаша. Көршілес СҚО-да этникалық қазақтар жалпы халықтың 35,02% - ын құрайды. Бұл ретте өткен жылы Солтүстік Қазақстан соттарында істердің 0,5% - ы қазақ тілінде қаралды. Жамбыл облысында тиісінше 72,8% және 50,1%. Маңғыстау облысында қазақтар 83,5%-ды құрайды, мемлекеттік тілде барлық істердің 66%-дан астамы қаралды, ШҚО-да-61,2% және 15,2%. Біздің облыста этникалық қазақтардың үлесі – 51,4%. Мемлекеттік тілде сот ісін жүргізудің үлес салмағы – 17%.

Әрине, алға жылжу бар. Бірақ тәуелсіздіктің 30 жылында мемлекеттік тіл мәселесі әлдеқайда жоғары маңызға ие болуы тиіс еді. Біздің облыста 2019 жылы істердің 5%-ы қазақ тілінде, 2020 жылы 8,8%-ы, 2021 жылы 17%-ы қаралды. Бірден айтайын, тіпті мұндай өзгерістерге қол жеткізу үшін көп күш салу керек. Заңға сәйкес сот ісін жүргізу тілін түсіндіру, талап ете білу керек.

Көп мәселе судьялардың мемлекеттік тілде жұмыс істеу қабілеті мен тілегіне байланысты. Сандықтау ауданындағы судьялардың жұмысына қараңыз. Қазақ халқының үлес салмағы 19%, ал сот ісінің мемлекеттік тілдегі үлесі– 27%. Облыс орталығындағы жағдай басқаша. Қазақтар жалпы халықтың 57%-ын құрайды, ал мемлекеттік тілде небары 14% іс аяқталды.

Тілдерді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасында 2020 жылы ел халқының 95 пайызы мемлекеттік тілді меңгеруі тиіс деген міндет қойылғаны белгілі. Алайда бағдарлама толық орындалмады. Оны іске асыру мониторингін кім жүргізеді? Орындалмау себептері неде? Атқарушы билік құжаттардың қай бөлігін мемлекеттік тілде жүргізеді? Басқа ұлт өкілдерінің құқықтарына нұқсан келтірмеу үшін мемлекеттік тілді кезең-кезеңмен қолдану ұсынылды. Бірақ осы жерде біздің қандас бауырларымыздың құқықтары туралы неге аз ойлаймыз? Олар орыс тілді ортаға түскенде ана тілінде қызмет алу, қарым-қатынас жасау құқығына нұқсан келмей ме? Соның ішінде соттарда да олардың құқықтары жиі бұзылатыны жасырын емес.

– Нақты мысалдар келтірсеңіз...

– Бұған мысалдар жеткілікті. Өткен жылы біз қылмыстық істер бойынша заңды өрескел бұзу фактілері бойынша үш судьяның тәртіптік теріс қылықтарын қарадық. Сотталушы Ж.-ға қатысты үкімнің күші жойылып, қылмыстық іс жаңа қарауға жіберілді. Өйткені сот ісі ресми тілде жүргізілді. Сотталушы Ж. сот процесі барысында орыс тілін білмейтінін, материалдардың мазмұнын түсінбейтінін хабарлады. Заңды білмегендіктен орыс тілінде өтініш жазуға мәжбүр болды. Әрі қарай. Жәбірленуші М. орыс тілін білмейді, мемлекеттік тілде куәлік берген. Сотталушы К. мемлекеттік тілді білмейді. Жәбірленуші үшін орыс тілінен қазақ тіліне және айыпталушы үшін қазақ тілінен орыс тіліне аудару жүзеге асырылмады. Іс жүзінде аудармашы өз міндеттерін орындамады. Процеске қатысушылардың екеуінің де құқықтары бұзылған. Олар аудармашының қызметтерін пайдалану құқығынан айырылды.

Кейбіреулер тілдік орта жоқ дегенді айтады. Бұл – сылтау. Әркім ортаны өз жасайды, бастысы қазақша сөйлесуді талап ете білуде. Әр адам Қазақстан азаматы ретінде тұрғылықты елінің тілін білуге міндетті деп санаймын. Сондықтан ел азаматтарына тіл үйренуді әркім өзінен бастасын дегім келеді. 

–Сот саласындағы мемлекеттік тілдің қолданысы неге байланысты екенін түсіндіріп өтсеңіз...

–ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 738-бабында әкімшілік-құқық бұзушылық істер бойынша сот ісінде мемлекеттік тіл, қажет болған жағдайда басқа тілдер мемлекеттік тілмен тең қолданылатыны жазылған. Яғни, жоғарыда аталған баптың 2-бөлігіне сәйкес мемлекеттік тілден басқа тілге ауыстыруға дәлелді қаулы қажет. Көп жағдайларда, өкінішке орай, сот процесіне қатысушы мемлекеттік тілді біле ме, жоқ па, отырыстың қазақ тілінде жүргізілуін қалай ма, аудармашыға мұқтаж ба, жоқ па, соны білмейді. Ал ҚІЖК-нің 30-бабына сәйкес Қылмыстық істер мемлекеттік тілде, қажет болған жағдайда басқа тілдер мемленкеттік тілмен тең қолданылатыны, тиісті орган сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы қаулы шығаратыны жазылған. Осы талапты негізге ала отырып, менің ойымша, бастапқы кезеңде қылмыстық істер тек қазақ тілінде жүргізілуі тиіс, өйткені бастапқы тергеу әрекеттерін жүргізген кезде тергеу органдарына құқық бұзушылық жасаған адамның қай тілді меңгергені белгісіз.

–Біздегі сот отырыстарының қазақ тілінде өту тәртібіне судьялар қызығушылық танытпайтыны жиі айтылады. Бұл олардың мемлекеттік тілді жетік меңгермегендігінен бе?

– Кез-келген судья қазақ тіліне жетік деп айта алмаймын. Бірақ басты себеп – аудармашының қатысуымен сот процестері екі, тіпті үш есе ұзаққа созылады. Ал аудармашылармен-үлкен проблемалар. Ал заңда судьяның бірнеше функцияны біріктіруі сот ісін жүргізу туралы заңды бұзу болып саналады. Бұл талаптар, әрине, заңға негізделген. Бірақ қазақ және орыс тілдерін жетік меңгеріп қана қоймай, синхронды аудара алатын адамдарды қайдан табуға болады? Олар құқықтық терминологияны біле ме? Өздеріне үлкен жауапкершілік ала ма? Шынында да, көп дүние аударманың дәлдігіне, сондай-ақ, сот шешіміне байланысты. Оның артында адамның тағдыры тұрғанын ұмытпауымыз керек.

Қылмыстық істер бойынша: «аудармашыларға бір айлық есептік көрсеткіштен аспайтын жазбаша аударманың 1 беті (2 мың белгіге дейін) немесе орыс тілінен қазақ тіліне (және керісінше) ауызша аударманың бір сағаты есебінен сыйақы белгіленеді». Бүгінде бұл 1 532 теңге. Ал азаматтық істер бойынша – АЕК-тің оннан бір бөлігі». Яғни, 306 теңге. Жоғары біліктілікті қажет ететін жұмысқа төленетін төлем. Мұндай жағдайда аудармашымен проблемалар болмауы мүмкін бе? Өкінішке орай, мемлекеттік тілдегі іс жүргізу құжаттарының сапасы ешқандай сын көтермейді. Бірақ мұның бәрі мемлекеттік тілді жалпы қолдану проблемасының көрінісі. Қазір оқулықтар, әдістемелер жоқ дегенді жиі естисіз. Мұның бәрі бар. Меніңше, мемлекеттік тілді меңгергісі келмейтін адамдардың елге, халыққа деген құрметі жоқ. Философ Конфуцийден шәкірттері: Ұстаз, егер сізге елді басқартса, сіз неден бастайсыз?» деп сұрапты. «Тілден», деген екен Конфуций, – Егер тіл бұзылса, халықтың рухы мен әдет-ғұрпы бұзылады. Онсыз шындық пен әділеттілік, соңында халық та сөзсіз жойылып кетеді...». 

Егемен мемлекеттің болашағы мемлекеттік тілдің болашағына байланысты. Судьялар, мемлекеттік қызметшілер – халықтың қызметшілері. Ал сол елдің тілін білмей мемлекет халқына адал қызмет етем деу бекершілік.

Өзгелердің жаңалығы