Тіл мәселесін мектептен бастау керек – Ермек Нұғыманов

27 Қазан 2022, 14:21
2252
Бөлісу:
Тіл мәселесін мектептен бастау керек – Ермек Нұғыманов

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі Ақмола филиалының жетекшісі Ермек Нұғыманов мемлекеттік тілді дамытуға қатысты өз көзқарасымен бөлісті, деп хабарлайды Ақмола облысындағы BAQ.KZ тілшісі. 

–Қоғамда мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту үшін нақты қандай бетбұрыс жасалуы тиіс деп ойлайсыз?

Ел тәуелсіздігінің басты нышандарының бірі – мемлекеттік тіл болып табылады. Сондықтан қазақстандықтардың мемлекеттік тілде еркін және сенімді сөйлеуі үшін оны күнделікті өмірде қолданудың мәртебесі мен функцияларын арттыру қажет.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі қазақ тілінің беделін көтеру және оны ұлтаралық қарым-қатынас тілі ретінде тану екендігін атап өтті. Қазақ тілінің қазақстандық қоғамдағы беделін арттыру және тілді жаппай тарату үшін Президент бірнеше аспектілерді атады. Қазақ тілі біздің қоғамда беделді, сұранысқа ие болуға тиіс. Қазақша сөйлеуге тырысқандарға күлуге болмайды, керісінше, біз оларға қолдау көрсетуіміз керек. Төртіншіден, телевизия және радио хабарлардың мазмұнын жақсарту бойынша жұмыс істеу керек. Олар шетелдік аналогтарды көшірудің орнына, қоғамдық пікірдің орталығына айналуы тиіс. Ұлттық идеяға қызмет ететін, біздің болмысымыздың түп тамырына бет бұратын бағдарламалар көп болуы керектігін айтты Президент. Мемлекет басшысы тілдің беделін арттыру бойынша жұмыста кинематографияға ерекше орын береді. Ол елге қазақстандық қоғамның өткенін де, бүгінін де бейнелейтін мықты мәдени және тарихи жұмыстар қажет деп санайды.

ҚР Конституциясында қазақ тілі мемлекеттік тіл болып табылатыны және барлық мекемелер мен ұйымдар іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуге, өтініштер бойынша ақпарат беруге, жиналыстар өткізуге міндетті екендігі жазылған. Алайда, қазақ тілінің мәртебесі әлі тиісті деңгейде емес екенін бәріміз білеміз. Заңда жазылғанымен, іс жүзінде бәрі орыс тілінде сөйлейді және жазады. Жиналыстардағы баяндамалар орыс тілінде тыңдалады, құжаттама орыс тілінде жүргізіледі. 

–Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының жұмысына тоқталсаңыз...

 90-шы жылдары халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдастығы құрылды, бірақ жұмысы белсенді болмады. Бірлестіктің міндеті – басқа елдердегі қазақ диаспораларына әдістемелік қолдау және көмек көрсету, қазақ тілін халықаралық деңгейге шығару. Өткен жылы Түркістанда халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының VI құрылтайы өтті, барлық өңірлерден делегациялар жиналды, дәл сол жерде бірлестіктің жаңа мүшелері сайланды. Біз әділет органдарында тіркеуден өттік. Барлық аудандар бойынша жиналыстар өткізіліп, сол жерде филиалдар мен бастауыш ұйымдар ашылды. Бүгінгі таңда олардың саны 100-ден астам бірлестікті құрайды. Ақпан айында кеңейтілген отырыс өткіздік, әлеуметтік желілерде тәжірибе алмасу үшін ортақ чат құрдық.

Біздің миссиямыз – мемлекеттік тілді қолдану саласын арттыру, оның мәртебесін нығайту және қазақ тілінде сөйлеушілердің санын арттыру. Сонымен қатар, біз жастармен, оқушылармен жұмыс істеуге тырысамыз, қоғамда ана тіліне деген құрмет отбасынан басталады деген пікір қалыптастыруға тырысамыз.

Ұжыммен түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін «ENKI», «Намыс» ЖШС сияқты ірі өндірістер мен кәсіпорындармен меморандумдар жасадық. Мысалы, АРЭК кәсіпорнының басшысы бірлестікке 5 млн теңге қаражат бөлді.

Бірлестіктің қызметі қаржыландырылмайды, соған қарамастан оның мүшелері ынта-жігермен жұмыс істейді. Команда халыққа қызмет көрсету орталықтарында, банктерде, коммуналдық-тұрмыстық қызмет көрсететін мекемелерде мемлекеттік тілдің қолданылуына мониторинг жүргізеді. Жақында тіл жанашырларын жинап, есеп бердік.

–Тіл үйретуде қандай кемшіліктер бар?

Көпшіліктің қазақ тілінің мәртебесін нығайту жөніндегі мемлекеттің бастамаларын қолдамайтыны қынжылтады. Өйткені, үкімет мемлекеттік тілді үйретуге миллиардтаған қаражат бөледі, тіл оқыту орталықтарында тілек білдірушілерге арналған тегін курстар ұйымдастырылған, орталық оқытушылары мекемелерде мемлекеттік қызметшілермен сабақ жүргізеді және ҚАЗТЕСТ шеңберінде тестілеу өткізеді, авторлық бағдарламалар мен мемлекеттік тілді меңгеру әдістері әзірленеді, сөздіктер мен әдістемелер шығарылады. Тіл заңнамасының тиімді орындалуына қоғамдық бақылау орнату қажет деп санаймын.

–Бұған қандай дәлел келтірер едіңіз?

Дәлел ретінде көңіл көншітпейтін статистиканы алға тартқым келеді. Егде буынға жаңа дағдыларды, атап айтқанда тіл үйрету қиын, бұл жерде қай ұлт екені маңызды емес. Елімізде 19 миллионнан астам адам тұрады. Оның 62 %-ы 39 жасқа дейінгі тұрғындар. Бұл тәуелсіздік жылдарында өскен ұрпақ деп айтуға болады. Бала 11 жыл мектепте оқыды. Бізде орта білім берудің мемлекеттік стандарты бар, онда оқушылардың білімі мен дағдыларының нормалары, белгілі бір сөздік қоры мен ой-өрісі жазылған. Осы жерде қазақ тілі мұғалімдеріне қатысты сауал туындайды. 11 жыл ішінде оқушылар амандасып, күнделікті іс-әрекетке қатысты қарапайым сөздерді білуі үшін балаға қазақ тілінің негіздерін ауызекі тіл деңгейінде үйрету мүмкін емес пе еді. Сонда мұғалімдер не үшін жалақы алып отыр? Әрине, егер мұғалімдер өз пәні мен білім сапасы үшін алаңдаса, мемлекеттік тіл мәртебесіне қатысты жағдай осыншалықты мүшкіл халде болмас еді. Оның үстіне білім беру саласына орасан зор қаражат бөлінуде. 

Бірде өзге ұлт өкілімен қазақ тілінде сәлемдескенде жасөспірім сәлемдесу сөздерін білмейтінін айтты. «Мектепте 12 жыл оқыдың, қазақ тілінде бірде-бір сөз үйренбегенің, қалай?!» дедім. Мысалы, «Алтын белгі» иегерлерінің барлық пәндер бойынша жоғары бағаға ие екені белгілі. Алайда олардың қазақ тілін меңгеру деңгейі нормаларға сәйкес келе ме деген сұрақ туындайды. Осыған байланысты біз колледждерде, мектептерде және балабақшаларда қазақ тілін оқытуды мониторингілеу үшін білім басқармасының басшылығына және облыстық білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментіне ұсыныспен шықтық. Менің ойымша, егер білім басқармасы бұл мәселеге мұқият қарайтын болса, онда оң нәтиже болады.

–Қоғамда тіл мәселесін шешудің нақты жолдары бар ма?

Біздің басты міндетіміз – өскелең ұрпақпен жұмысты күшейту, сонда ана тілінде сөйлей білетін және өз тамырын ұмытпайтын балалар өседі. Шынында да, мектеп оқушылары қазақ тілін жетік білсе де, бір-бірімен орысша сөйлесу сәнге айналған және ересектер де оларға үлгі бола алмай отыр. Сонымен қатар, көптеген басшылар жиналыстарда баяндамалар мен есептерді орыс тілінде оқиды. Ал қазақтарды орыс тілінде сөйлеуге ешкім мәжбүрлеп отырған жоқ. Менің ойымша, кейбір қандастарымызда ұлттық ар-намыс, және халық алдындағы жауапкершілік жоқ. Тілге деген мұндай көзқарас – ұлт трагедиясы. Ана тілімізді елемесек өзімізді қадір-қасиетімізді жоғалтамыз.

–Басқа елдердің тәжірибесіне үңіліп көрдіңіз бе?

Негізі тәуелсіздік алған тұстан бастап бізде балабақшалар түгел қазақша болуы тиіс еді. Бірақ бізде ондай шектеу талап болған жоқ. Жапонияның осы бағыттағы тәжірибесі өзекті деп санаймын. Бұл елде бала санасына 10 жасқа дейін тек ұлттық тәрбие сіңіріледі, содан кейін ғана олар басқа халықтардың мәдениетімен танысады. Мысалы, Үндістанда тәуелсіздік алған жылдары мемлекеттік тіл ағылшын тілі болды, бірақ 15 жылдан кейін ағылшын тілінің мемлекеттік мәртебесі жойылып, ресми тіл хинди тілі болады деген жарлық шығады. Осылайша тіл мәселесін шешті. Ешкімнің ар-намысына тимей, тіл мәселесін мектептен бастау керек. Талап заңды түрде қойылуы тиіс. 

–Мемлекеттік тілде іс жүргізу сапасы қай деңгейде деп ойлайсыз?

Өз елімізде мәтіндерді ана тілімізге аудару үшін аудармашылар ұстаймыз. Бұл – абсурд қой! Барлық құжаттама мен ақпарат алдымен орысша жазылады, содан кейін қазақ тіліне аударылады. Тек бақылаушы органдар тексеріс жүргізбесе болғаны, өйткені мемлекеттік тілде іс жүргізу өңірлер рейтингіне енгізілген. Шындығында, мемлекеттік тілдегі құжат айналымы 80%-ды құрайтыны күмәнді. Бізде кеңсе тілі мен терминология дамуы керек, сонда ғана оң нәтиже болады.

Жасырары жоқ, бізде екі тілге де сауатты мамандар аз. Кезінде алаш арыстарының бірі Сәкен Сейфуллин материалдық ынталандыру мақсатында өзге ұлт өкілдеріне мемлекеттік тілді жақсы білгені және іс қағаздарын жүргізгені үшін қосымша ақы төлеуі керек деп дұрыс айтқан деп ойлаймын. Сонда қазақтар ана тіліне немқұрайлы қарағаны үшін ұялуы мүмкін. Өйткені 30 жыл ішінде оны үйренуге болар еді. Қазақ тілі кеңсе тіліне айналмай қазақтың көсегесі көгермейтініне көзіміз жетіп отыр. Әрине, жағдай бір күнде түзеліп кетпейді. Елдің намысын ояту керек. Заң талаптарын міндеттеу керек. Өз тілімізден безу - нағыз сорақылық, Өзгелерге біз өзіміз дұрыс талап қоя білуіміз қажет. Үкімет қазақша сөйлесе, бір жылдың ішінде бәрі қазақша сөйлер еді. Елде заңдар қадағаланып отырса, әділетті мемлекет орнайды, берекелі қоғам да болады. Бізде жүзден астам ұлт тұрады, олар біртұтыс ұлт болып бірігуі керек. Ассамблеяның да діттегені осы. Бізде өзге ұлттардың тілін, мәдениетін дамытуға қолайлы жағдай жасалған. Олай болса олар да мемлекеттік тілге құрмет көрсетуі тиіс.   

–Өңірде тіл жанашырлары жүргізіп отырған жұмыстарды айтып өтсеңіз...

Өткен жылы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде оқу орны басшылығының бастамасымен студенттер көкшетаулықтарды қазақ тілінде қарапайым сөздерді үйренуге шақыру үшін мемлекеттік тілде ауызекі жадынамалар әзірлеп, қоғамдық орындарда және сауда үйлерінде сатушыларға, халыққа қызмет көрсететін адамдарға таратты. Университетте мемлекеттік тілді ілгерілету жобаларын әзірлеу бойынша топ ұйымдастырылды. Жастар креативті идеялар ұсынды. Мысалы, балаларды қазақ тіліндегі анимациялық мультфильмдер арқылы қызықтырып, танымал балалар мультфильмдерін аударады, қазақ тілінде ертегілер шығарып, қызықты конкурстар өткізеді.

Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі сонымен қатар көше жарнамаларындағы қателерді, визуалды ақпараттың дұрыс жазылуын тексеру үшін мониторинг ұйымдастыра бастады. Сондай-ақ, заң бойынша дәмханалар мен мейрамханалардағы мәзір қазақ тілінде жазылуы керек, бірақ бұл барлық жерде сақталмайды. 

–Әлеуметтік желілерде өзге этностардың мемлекеттік тілді менсінбей қарауы көрініс беріп қалады. Бұған не айтасыз?

Бұның бәрі біздің жалпақшешейлігіміздің нәтижесі, мемлекеттік тілді мемлекеттік деңгейде қолдайтын және қорғайтын заң жоқ. Бүгінгі елдегі тұрақтылық пен тыныштық  қазақ халқының төзімділігінің, кеңдігі мен бауырмалдығының арқасы екенін елімізде тұрып жатқан өзге этностардың түсінгендері абзал болар еді. 

–Қоғамда қазақ тіліне деген қажеттілік артты ма? 

Менің ойымша, егер сіз тұрып жатқан елдің азаматтығын алсаңыз, осы мемлекеттің ұлт өкілі болып саналасыз. Мысалы, сіз Францияда тұрсыз, демек сіз французсыз, Германияда – неміссіз, ал егер Қазақстанда болса, онда сіз автоматты түрде қазақстандық болып саналасыз. Қазір біз мультикультурализм ұғымынан алшақтап, интеркультурализмге көшудеміз. Көпшілік азшылыққа ғана емес, азшылық көпшілікке де бағынады. Біз жергілікті емес ұлт өкілдеріне, диаспораларға, олардың дәстүрлерін, тілін, мәдениетін сақтауға қолайлы жағдай жасап отырмыз. Осы ретте басқа ұлт өкілдері де құрмет көрсетіп, тұрмыстық деңгейде қазақ тілінде түсіну және сөйлеу үшін кем дегенде 30 сөз үйренуге тырысуы керек. Қазақстанда жұмыс істейді, отбасын құрды, балаларын тәрбиелеп, бизнес бастады. Сондықтан егер олар Қазақстанды өз Отаны деп санаса, онда өздерінің патриотизмін көрсетулері керек. Мен ешкімді ренжіткім келмейді, өз ойымды айтып отырмын. Біздің ең маңызды байлығымыз – бейбітшілік, бірлік, тұрақтылық, қауіпсіздік және әрқайсымыз оларды сақтауға тырысуымыз керек. Үкіметтің өзі, депутаттар мен шенеуніктер мемлекеттік тілде сөйлеуі тиіс, құжат айналымы шынымен де қазақ тілінде жүргізілуі керек, сонда ғана тіл мәртебесі тиісті деңгейде болады.

–Тілді дамытуды әркім өзінен бастауы тиіс қой?

Әрине, мен төрт ауданда он алты жыл әкім болып жұмыс атқардым. Барлық жиналысты қазақ тілінде өткіздім, облыстық әкімдік пен мәслихат отырыстарында қазақ тілінде есеп бердім. Ешкім маған мемлекеттік тілде есеп бердің деп ескерту жасаған жоқ. Мен үшін бұл принципті мәселе. Өзім қазақ мектебін бітірдім. 30 жылдан астам мемлекеттік қызметте жұмыс істедім. Қазіргі уақытта мемлекеттік тілді дамытуға және этно бірлестіктердің мәдениетін сақтауға жауапты мекемені басқарамын.

Менің ойымша, ұлтыңа, жасыңа және дініңе, қызметіңе қарамастан өзің тұратын елге, құрмет көрсету керек, бұл – азаматтық борышың. Мен үшін Тәуелсіздік жылдарындағы ең үлкен жетістік – ана тілінде сөйлеу мүмкіндігі. Өйткені бізге бұған тыйым салынған кезеңдер де болды. Бірақ тәуелсіздіктің дәмін татқан адам ешқашан құл болмайды. Экономиканы дамытуға, саяси жағдайды тұрақтандыруға болады, бірақ ұлттың тілін жоғалту ең қорқынышты және ел бірлігін сақтау қиын. Сондықтан біз басты құндылықтарымызға ерекше құрметпен қарауымыз керек. Ахмет Байтұрсынов «Тіл – ұлттың жаны» деген. Ұлттық мәдениетті тек ана тіліміз арқылы сақтауға болады. Қазақ тілінің тағдыры біздің қолымызда!

Өзгелердің жаңалығы