ТикТокты еміп отырған нәресте. Қостанайда атағы әлемді мойындатқан суретшінің көрмесі ашылды

15 Сәуір 2023, 12:22
2020
Бөлісу:
ТикТокты еміп отырған нәресте. Қостанайда атағы әлемді мойындатқан суретшінің көрмесі ашылды
Фото: автордан

Қостанайда атағы әлемді мойындатқан астаналық суретші Аңсаған Мұстафаның «Сөйле, сурет!» атты көрмесі ашылды, деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.

Қазіргі қоғамдағы өмірдің өзекті мәселелерінің түйінін қылқалам арқылы оймақтай ойымен дөп басқан Аңсағанның бұл Тобыл өңіріндегі тұңғыш көрмесі болып отыр. Суретшінің Қостанай жұртшылығына ұсынылып, көрмеге қойылған елу алты туындысының әрбірін белгілі бір манифест деуге болады. Себебі, ерекше өнер иесінің қолынан шыққан бір туынды бір қарағанда аққағазға қара бояумен салынған қарапайым суреттер секілді көрінуі мүмкін. Бірақ, Аңсаған Мұстафаның Қостанайдағы тұңғыш көрмесіне жиналған қауым, еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін өз болмыстарын көріп, еріксіз таңдай қағып жатты.

ТикТокты еміп отырған нәресте. Қостанайда атағы әлемді мойындатқан суретшінің көрмесі ашылды

Оның өзіндік бір себебі де бар. Ол Аңсанғанның кез келген туындысы өмірімізде асқынып тұрған өмірдің өзекті мәселелерін айна қатесіз көз алдыңа алып келеді. Суретшінің осы қарапайым болмысынан болар, бұл күнде оны әлем мойындап отыр.

ТикТокты еміп отырған нәресте. Қостанайда атағы әлемді мойындатқан суретшінің көрмесі ашылды

Оның жарқын бір дәлелі, Аңсағанның суреттерінің көрмесі осы кезге дейін жер шарының 50-ден астам елінде көрсетілген. Олардың арасында Италия, Франция, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Иран, Колумбия, Бразилия, Аргентина секілді мемлекеттер бар.

ТикТокты еміп отырған нәресте. Қостанайда атағы әлемді мойындатқан суретшінің көрмесі ашылды

Мен Қостанайға өмірімде бірінші рет келіп тұрмын. Тарихымызда қазақтың талай бетке ұстар текті ұл-қыздарын түлеткен осынау киелі өлкені көру - мен үшін үлкен мәртебе. Бір жағы көрменің осы жерде алғаш рет өтіп жатқаны болар қатты толқып тұрмын. Бұл әрбір суретшіге тән құбылыс деп ойлаймын. Расында, Қостанай облыстық мәдениет басқармасы тарапынан шақырту түскенде қатты қобалжыдым. Неге екенін білмеймін, Қостанай десе санамызда сіңіп қалған бір пікір бар ғой. Бұл қала орыстанып кеткен жер деп айтатын. Бірақ, мен оның жаңсақ пікір екенін айта аламын. Қостанайлық көрерменнің ықыласына дән ризамын. Көрмеге жиналған халықтың өзі залға симай тұр деуге болады. Расын айтсам, бұндай құрметті мен Астанадан да көрген жоқпын, - дейді Аңсаған Мұстафа.

Суретші қазақ қоғамының бүгінгі болмысын заманауи тұрғыда бейнелейді. Сондықтан да болар оның сурет атаулары қазақ тілінде болса да, кез келген адам картиналардың мәнін бірден түсінеді. Құтты бір айна тәрізді. Аңсаған шығармаларының жарты әлемді шарлауы да осыдан болар.

ТикТокты еміп отырған нәресте. Қостанайда атағы әлемді мойындатқан суретшінің көрмесі ашылды

Суретшінің Қостанай жұршылығының назарына ұсынған жұмыстарының бір бөлігі адамдардың, әсіресе балалардың әлеуметтік желілер мен телефонға телмірген тәуелділік мәселесіне арналады.

Солардың арасында ана құрсағында гаджетті пайдаланып жатқан нәресте бейнеленсе, екіншісінде смартфон нәресте үшін ананың рөлін атқарып, ТикТокты еміп отырған нәресте. Келесі суретте « Мені неге теледидар қылмадың. Әкем жұмыстан келгенде мені қарар еді» деп құдайға хат жазып жатқан баланы көресің. Көресің де еріксіз бас шайқайсың. Ал «Анам мені өлтіретін шығар» деген туындысын көргенде төбе шашың тік тұрады. Жалпы, суретшінің кез келген жұмысы туралы көп айтуға болады, өйткені әр туындының астарында асқынған қоғамның жарасы жатыр.

ТикТокты еміп отырған нәресте. Қостанайда атағы әлемді мойындатқан суретшінің көрмесі ашылды

Аңсаған Мұстафаның туындысымен бұған дейін әлеуметтік желілер арқылы таныспын. Осы көрме ашылады деген ақпаратты ести салысымен асыға күттік. Қаршадай қазақ қызының қоғамдағы таудай мәселелерді бір өзі көтере білуі ол үлкен шеберлік деп білемін. Оның туындыларының ішіндегі тастанды бала, қатігез қоғам, телефон мен ғаламторға тәуелділік, ұрпақ тәрбиесі, қарттар үйі секілді өзекті мәселелерге арнаған суреттерін тебіренбей қарай алмайсың. Сондықтан біз осы көрмеге өзіміздің жақын жуықтарымызды алып келіп көрсетуіміз керек. Жастар көруі керек. Көріп қана қоймай ой түйіп, сабақ алу керек, - дейді филолог ғалым Алмас Әдсадықов.

ТикТокты еміп отырған нәресте. Қостанайда атағы әлемді мойындатқан суретшінің көрмесі ашылды

Қостанайда көрме бір ай бойы жұмыс істейді, содан кейін Павлодарға аттанады.

Өзгелердің жаңалығы