Тиктоктағы қазақша Mynbala House: Ауыл балаларының өмірі қалай өзгерді?

29 Желтоқсан 2022, 18:54
1557
Бөлісу:
Тиктоктағы қазақша Mynbala House: Ауыл балаларының өмірі қалай өзгерді?

Алматыда Қазақстандағы тұңғыш қазақ тіліндегі тиктокхаустың жылды қорытындылау кеші өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Mynbala House командасы бұған дейін қаламен қатар ауылды аймақтардан шыққан әр дарынды жасөспірімге арманын орындауға көмектесу мақсатында кастинг өткізген болатын. Нәтижесінде Атырау, Жаңаөзен, Тараз, Қарағанды, Екібастұз қалалары мен Ұлытау, Абай, Жетісу, Батыс Қазақстан, Түркістан және Павлодар облысынан 20 қатысушыны іріктеп алды. Tiktok желісінде қазақ тілінде сапалы контентті дамытуға өз үлесін қосқысы келген өрендер кеш барысында жобаға келгелі қандай нәтижеге қол жеткізгенін сөзбен ғана емес, ісімен көрсете білді. Мұнымен қатар, жоба идеясының авторы Самал Ибраева мен продюсері Абай Сейфулла Mynbala House мүшесі болғысы келген балалардың саны күн сайын артып келе жатқанын, алда жобаны көптеген өзгеріс күтіп тұрғанын бөлісті. Яғни Tiktok желісіне әлемге жаңа digital-жұлдыздарды таныту үшін сапалы қазақы контент түсіру – бұл жұмыстардың бастамасы ғана.

Жоба жетекшісі Самал Ибраева елде аналогы жоқ қазақы тиктокхаусқа Astana IT University мен «Халық» қорының демеуші ретінде көп көмектескенін айтады. Біріншілері Алматы төрінде өткен кештің қонағы болып, 20 қатысушының арасынан грант жеңімпазын таңдап алды. Astana IT University деканы Дәурен Жәкебаев пен аға оқытушы Богдан Петров тиктокхаус мүшелеріне жылы лебізін білдіріп, жеңімпаздың есімін жариялады. Ол – Жезқазған қаласының тумасы Әдемі Мақсұтова.

«Astana IT University атынан Mynbala House жобасының жетістігімен шын жүректен құттықтаймыз! Ерекше зеректік пен ақпараттық технологияларды ұштастыра отырып қоғамымыз үшін жоғары сападағы контент жасап отырсыздар. Сіздерді университетімізге осы күнге дейін жинаған білімді шыңдауға шақырамыз. Осындай ұлттық дәстүрлерімізді дәріптейтін, мемлекеттік тіліміздің дамуына үлес қосатын жоба дами берсін. Ал гранттың иегері Әдемі Мақсұтованы құттықтай отырып, жобадағы жұмысына сәттілік тілейміз», – деді Дәурен Жәкебаев.

Тиктоктағы қазақша Mynbala House: Ауыл балаларының өмірі қалай өзгерді?

Идея авторы жаужүрек, нағыз патриот қазақстандық балалардың жұдырықтай жұмылып қана қоймай, нақты нәтижеге қол жеткізуі маңызды екенін алға тартты. Айтуынша, «Әділетті Қазақстан» ұғымы құры жалаулатқан ұран емес, адал еңбектің нәтижесі болуы тиіс. Мұнымен қатар, Самал Ибраева әлеуметтік желіде күн сайын Mynbala House мүшесі болуды аңсаған жастардан мыңдаған хат пен жылы лебіз келетінін бөлісті. Осы орайда, жоба ауқымын кеңейтіп, форматын өзгерту жоспарланып отырғанын айтты.

Шыны керек, осы жобаға «үлкен кабинеттердің» есігін қағып жүріп бір жылдан астам уақыт демеуші іздедім. Ұсынысымды жерге тастамаған Astana IT University мен «Халық» қорына ерекше алғыс айтамын. Трендтегі платформалар әрдайым ауысуы мүмкін, сол себепті мәселе тиктокхаус немесе қазіргі сәннен қалмауда емес. Жобаның басты ниеті — ауылдан шыққан қазақ жастарына өзі мен өз талантына арқа сүйей отырып жетістікке жете алатынына үміт сыйлау, аз ғана демеудің өзінде зор табысқа жете алатынын дәлелдеу. Жобаның басы-қасында жүріп көп еңбек сіңірген продюсер Абай Сейфулла екеуіміз Қазақстанның түкпір-түкпірінен шыққан балаларды бір шаңырақтың астында жинап, тың форматтағы түсірілімдер жасап көрдік. Бұл тек бастамасы ғана, күн сайын әлеуметтік желіде Mynbala House мүшесі болғысы келетін жастардан мыңдаған хат келіп түсіп жатыр. Осы орайда, жобаны ары қарай да кеңейтіп, өнерлі қатысушыларды продюсерлермен қауыштырып, бейнебаян, телехикая, фильм түсіруді жоспарлап отырмыз. Қазіргі геосаяси ахуал секілді көптеген сылтауға қарамастан, қазақ тілі, діліміз және тарихымызды дәріптейтін жобаларымыз жалғаса береді. Аз уақытта туған сіңілім, бауырымдай болып бауыр басқан Mynbala House мүшелеріне алғысымды білдіремін, – деді Самал Ибраева.

Аз уақытта біртуған жандардай бауыр басып кеткенін қатысушылар да жасырмайды. Mynbala House мүшесі Жұмахан Бексұлтан жобаның цифрлық білім ғана емес, ерекше сыйластыққа толы орта сыйлағанын айтады.

Тиктокхаустың әр мүшесінің өзіндік орны бар. Әрқайсымыздың әртүрлі контентке жауап беретінімізге қарамастан, мақсат-мүддеміз бір — бойымыздағы бар талант арқылы қазақ тілінің мәртебесін көтеру, қарапайым ауыл жастарының да биік шыңды бағындыра алатынын дәлелдеу. Арамызда Зеңгір Рахатқызы, Нұрбек Қабдиев, Жанабек Қанабеков, Күлтегін ерекше талантының арқасында заманауи рэп, хип-хоппен қатар қазақ халық әндерін жастар арасында хитке айналдырып жүр. Дәл осындай қарыс қадамдар арқылы үлкен мәселелердің шешіміне өз үлесімізді қосқымыз келеді. Ең бастысы, Mynbala House бізге достық пен сыйластыққа толы орта сыйлады. Осындағы 20 бала бір шаңырақтың баласындай татумыз, бір-бірімізге әрдайым қол ұшын созуға дайынбыз. Бұдан өзге бір айда 14 қала және ауылдарды аралап жүріп өзімнің мамандығыма, ақылға азық, қиялға қазық болатын дүниелерді түйдім, – деді Жұмахан Бексұлтан.

Тиктоктағы қазақша Mynbala House: Ауыл балаларының өмірі қалай өзгерді?

Жоба қатысушысы Жетісай қаласының тумасы Нұрбол Құралов та басқа тиктокхаустан айырмашылық – қазақстандық балалардың бір үйдің баласындай күш біріктіре алғаны екенін айтады. 

Екі апта ішінде қатысушылармен бірге Қазақстанның үлкен-кіші – барлық қаласы мен ауылын араладық десем өтірік емес. Әр жақтан жиналып мың болдық, жұмыр жұдырық болдық. Бір-бірімізге бауыр басып, қуанышын бөлісіп, қиналған сәтте қол ұшын созатындай жағдайға жеттік. Сондай-ақ, осы жобаға келгелі әлеуметтік желіге деген көзқарасым өзгеріп, ұлттық тілімізді дәріптеуге тікелей атсалыса алатынымызға көзім жетті. Қатарластарым, іні-қарындастарым Tiktok желісінде көп отыратындықтан, контент үшін алаңдайтыным рас. Ең бастысы Mynbala House маған жаңашылдықтан қорықпау керегін үйретті, – деді Нұрбол Құралов.

Тағы бір қатысушы 18 жастағы Зеңгір Рахатқызы жобаның өзі таңдаған мамандықты қатар алып жүруге көп септігін тигізіп жатқанына, қазақы контентті ел аумағында ғана емес, шетелде де дамыту аса маңызды екеніне тоқталды.  

Құдайға шүкір, осы күнге дейін 20 қатысушы арасында көреалмаушылық деген болған емес, керісінше бір-біріміз үшін әрдайым қуанып, моральдық тұрғыдан болсын, заттай болсын көмек керек болса, қол ұшын созуға асығамыз. Өзім Алматы қаласында актриса мамандығы бойынша білім алып жатырмын. Mynbala House жобасына балалардың танымалдылығын арттыруға бағытталған жоба деп қарау орынсыз болатын еді. Бұл — мақсат-мүддесі бір қазақ жастарын бір арнаға тоғыстырған, әртүрлі сала бойынша білімді шыңдауға, ұлттық идеологиямызды нығайтуға бағытталған жоба. Осы үшін де жоба ұйымдастырушыларына ерекше алғыс айтқым келеді. Бұл біз үшін Жаратқан берген сый десек те болады, – деді Зеңгір Рахатқызы.

Кеш қонағы болған мобилограф Қыран Талаппек те жастарды жетістіктерімен құттықтап, әрдайым армандауға, осы жолда нақты қадамдар жасауға шақырды. Ешқандай таныс пен материалдық қолдаусыз қазақ жастарының жетістікке жете алатынына тоқталды. Осы орайда, арманына жетер жолда қандай оқиғаларды бастан кешіргенін әңгімеледі.  

Еске салсақ, Mynbala House жобасының іріктеу кезеңінде Қазақстанның барлық қаласынан жерлік мыңдаған бала кастингке қатысып, түрлі өнерін көрсетті.

Өзгелердің жаңалығы