TikTok-та "шоколадты құлпынай" сатып, 13 адамды алдаған алаяқтар жазаға тартылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Шымкентте әлеуметтік желі арқылы жалған жарнама жасап, бірнеше адамды алдаған екі тұрғынға қатысты сот үкімі шықты. Олар TikTok-та "шоколадты құлпынай" сатамыз деп тұтынушыларды алдаған. Бірақ тапсырысты орындамай, жәбірленушілердің ақшасын өз қажеттіліктеріне жұмсаған.
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты TikTok желісінде алаяқтық жасаған екі азамат – Б. және А.-ға қатысты істі қарап, үкім шығарды. Тергеу барысында анықталғандай, олар 2025 жылдың 8 наурызында әлеуметтік желіде "шоколадты құлпынай" сатылатыны туралы жалған жарнама жариялап, 13 адамды сендірген. Алайда уәде етілген тауар жеткізілмеген, ал ақшалай төлемдер алаяқтардың жеке қажетіне жұмсалған. Сот материалында олардың алдын ала сөз байласқаны, түскен қаражатты өзара бөліскені көрсетілген, - деп жазылған соттың хабарламасында.
Сот отырысында айыпталушылар кінәсін мойындап, жәбірленушілермен татуласып, келтірілген залалды толық өтеген. Жәбірленушілер кешірім берген.
Нәтижесінде, сот Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігінің 3) тармағы бойынша (ақпараттық жүйені пайдаланып, алаяқтық жасау) Б. мен А.-ны кінәлі деп танып, әрқайсысына 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.
Айта кету керек, үкім заңды күшіне әлі енген жоқ.
Еске салайық, бұған дейін сатушы жеміс сақталған бөлмеге дихлофос шашып, жәндіктерді улағанын жазған болатынбыз.