Лисаковск қаласында мектеп оқушыларының қатысуымен TikTok әлеуметтік желісінде мұғалімдерді қорлайтын видеолар таралғаны белгілі болды. Бұл жағдай Қазақстанның өзге өңірлеріндегі ұқсас жанжалдардан кейін қоғамда үлкен резонанс тудырып отыр.
Мәліметке сәйкес, TikTok-та мектептердің атынан ашылған фейк парақшалар арқылы педагогтарға қатысты әдепсіз, қорлайтын контент жарияланған. Мұғалімдер бұл әрекетті әдейі жасалған кибербуллинг деп бағалап отыр.
Оқиғаға байланысты жергілікті білім бөлімі мен полиция араласты. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары заңсыз контентті таратқан тұлғаларды анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Қостанай облыстық білім басқармасы мұндай әрекеттердің этикалық нормаларға қайшы екенін мәлімдеп, оның заңдық салдары болуы мүмкін екенін ескертті. Ведомство өкілдері тек ролик авторлары ғана емес, оны таратуға қатысқан жасөспірімдер де жауапкершілікке тартылуы ықтимал екенін атап өтті.
Айта кетейік, бұған дейін Көкшетау мен Петропавл қалаларында да осыған ұқсас жағдайлар тіркеліп, қоғамда қызу талқыланған еді.
Еске сала кетейік, Қостанай обылысының Лисаков қаласында оқушының сабақтағы мінез-құлқы үшін оның ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Айналасындағыларды балағаттаған оның ата-анасына айыппұл салынды.
Ал Екібастұзда мұғалімді TikTok әлеуметтік желісінде балағаттаған оқушының ата-анасына айыппұл салынған еді.