TikTok-та дүниежүзілік кітап күніне арналған акция өтеді

19 Сәуір 2023, 18:20
3137
Бөлісу:
TikTok-та дүниежүзілік кітап күніне арналған акция өтеді
Фото: ҚР МСМ баспасөз қызметі

Дүниежүзілік кітап күніне орай 23 сәуірде Мәдениет және спорт министрлігі танымал TikTok платформасымен бірге #кітапток жобасын іске қосады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

123 миллиардтан астам қаралым жинаған #BookTok жаһандық челленджінен бастау алған акцияның мақсаты - қазақстандықтарды оқуға, кітап туралы ой-пікірлерімен бөлісуге және жаңа авторларды танып, жаңа әдебиеттерді білуге ынталандыру.

#кітапток хэштегі бойынша әдебиет пен кітап оқу тақырыбына әртүрлі видеолар түсіруге болады: кітап шолулары мен ұсыныстар, кітапты таныстыру, сүйікті шығармаларынан үзінділер оқу және әдебиетке байланысты жеке әңгімелер, тіпті кітап сөресін жасау немесе кітап көрмесін жабдықтау туралы видеолар. Үздік үш видео авторы бағалы сыйлықтарға ие болады.

Жобаға TikTok-та танымал контент жасаушылар мен Қазақстанның бірқатар кітапханалары қатысуда. Мысалы, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы, С. Торайғыров атындағы Павлодар облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы және Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы.

Мұндай жобалар адамдарға жаңа кітаптар туралы білуге және өздерінің әдеби талғамымен бөлісуге көмектесіп қана қоймай, сонымен қатар қазіргі таңдағы отандық жазушыларға жаңа оқырмандар табуға және кітапханаларға қызығушылықты арттыруға көмектеседі. Біз қазақстандық TikTok пайдаланушылар #кітапток-қа белсенді қатысады деп үміттенеміз, - деді ҚР МСМ ресми өкілі Мөлдір Әбдуәлиева.

Өзгелердің жаңалығы