Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Тікелей эфир кезінде журналиске оқ атылды

9 Маусым 2025, 18:28
635
Бөлісу:
 видеодан скриншот
Фото: видеодан скриншот

8 маусым күні Лос-Анджелесте иммиграциялық рейдтерге қарсы өткен наразылық акциясы кезінде австралиялық журналист Лорен Томаси полицей атқан резеңке оқтан жарақат алды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оқиға тікелей эфир кезінде болған.

9News телеарнасының мәліметінше, тілші Калифорниядағы наразылықтарды хабарлап тұрған сәтте болған. Екінші рет атылған оқ журналистің аяғына тиіп, түсірілім тобы оқиға орнынан дереу кетуге мәжбүр болған.

Келесі күні Томаси эфирге қайта шығып, әріптестеріне жағдайының жақсы екенін мәлімдеді.

"Менде бәрі жақсы. Мен және менің операторым Джимми қауіпсіз жердеміз," – деді ол.

Айта кетейік, Лос-Анджелестегі наразылықтар 6 маусымда басталған. Жергілікті тұрғындар, негізінен латынамерикалық қауым өкілдері, АҚШ-тың Иммиграция және кеден қызметі (ICE) жүргізіп жатқан рейдтерге қарсылық танытып жатыр.

АҚШ президенті Дональд Трамп наразылықтарды басу мақсатында Калифорнияға 2000 ұлттық гвардия сарбазын жіберген. Бұған дейін The Washington Post басылымы Трамп әкімшілігінің бір жыл ішінде 1 миллион мигрантты депортациялауды көздеп отырғанын хабарлаған болатын.

Өзгелердің жаңалығы