Тез арада қолға алу қажет. Депутат Маңғыстау облысында мектеп салу мәселесін көтерді

9 Ақпан 2022, 19:32
3158
Бөлісу:
Тез арада қолға алу қажет. Депутат Маңғыстау облысында мектеп салу мәселесін көтерді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова Халқымыз Маңғыстау облысындағы білім саласына қатысты мәселені көтеріп, Премьер-министр Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдады.

Депутат Маңғыстау облысындағы мектеп оқушыларының білім сапасы туралы мәселені осыған дейін бірнеше рет көтергенін айтты. 

Көтерілген сұрақтар жергілікті атқарушы билік тарапынан шешілмей де келеді. Халықаралық PISA тестінен аталған аймақ төмен көрсеткіштерге ие. Оқу сауаттылығынан – 14 орында, математикалық сауаттылықтан – 15-орында, ғылыми-жаратылыстану сауаттылығынан – елімізде 15-орында. Қала мен ауыл оқушыларының оқу сауаттылығындағы алшақтық 27 балл. Бұл еліміздегі ең үлкен алшақтық, - дейді Сүлейменова.

Депутаттың айтуынша, ҰБТ нәтижесі және мектеп бітірушілердің ЖОО-ға мемлекеттік грантқа қабылдану деңгейі төмен. Мәселен, 2019-2020 оқу жылында 6 365 түлектің 1631 түлегі ғана Мемлекеттік білім грантына қабылданды. 

Өңірде білікті педагогикалық кадрлар тапшылығы 2021 жылы 1 563 ұстаздарды құрады. Жалпы педагогикалық контингенттің 52 пайызы ғана аттестациядан өткен. Сапалы кадр мәселесін шешпей білім сапасын арттыру мүмкін емес. Маңғыстау облысындағы 143 мемлекеттік жалпы білім беретін  мектептердің 103-і ауылдық және аудандық мектептер. Олардың тек 22-сіне пән кабинеттер, кітапхана, қауіпсіздік жүйелері орнатылды. Облыс әкімдігі барлық ауылдық мектептерді заманауи деңгейде дамыту мәселесіне назар аударуы қажет, - дейді Мәжіліс депутаты.

Ол депутаттық сауалында атап өткендей, білім нысандарының құрылысы аймақтағы оқушы орнының тапшылығы мәселесін түбегейлі шешпейді. Өткен жылы жоспарланған Мұнайлы ауданындағы Басқұдық ауылдық округіндегі 600 орындық мектептің құрылысы дер кезінде аяқталмады. 

2025 жылдың 1 қаңтарына арналған оқушы орын тапшылығының болжамдық динамикалық өсімі 60 000 оқушы орнының тапшылығын құрайды. Алайда Маңғыстау облысы 2025 жылға қарай өңірде 19 660 оқушы орнына есептелген 28 мектептің құрылысы жоспарланған. Бұл қалған 40 мың оқушы орын тапшылығын шешу үшін кем дегенде қосымша 20 мектеп салу қажет. Әкімдік мектеп салу мәселесінің шешімін тез арада қолға алуы қажет, - деп атап өтті Жұлдыз Сүлейменова.

Депутат Маңғыстау облысының әкімдігі білім беру объектілерінің инфрақұрылымын дамыту, оқушы орын тапшылығын шешу, облысты білікті педагог кадрлармен 100 % қамтамасыз ету,  ұстаздардың біліктілігін арттыру, директорлар корпусын қалыптастыру, мектептерде оқушылардың білім даму индивидуалды траеториясын қалыптастыру, ҰБТ даярлау, кәсіби бағдар жұмыстарын күшейтуге байланысты білім саласын кешенді дамытуға арналған арнайы бағдарлама қабылдауды қарастыруы қажет екенін айтты.

Өзгелердің жаңалығы