Терминалды су басу фактісі: Алматы әуежайы әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Алдын ала мәлімет бойынша, су басу себептерін толық жою және қажетті жұмыстарды 6 ай ішінде аяқтау жоспарланған.

 gov.kz Бүгiн 2026, 08:28
Бүгiн 2026, 08:28
84
Фото: gov.kz

Алматы әуежайындағы терминалдың су басуына байланысты жауапты органдар шұғыл шаралар қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ Көлік министрлігіне сілтеме жасап.

Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі басшылығы Алматы халықаралық әуежайы әкімшілігі және құқық қорғау органдарымен бірлесіп, оқиғаға қатысты жедел кеңес өткізді.

Тексеру нәтижесінде Азаматтық авиация комитеті әуежайды Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартты.

Әуежай басшылығы техникалық мәселелерге жауапты аға вице-президент Мехмет Гюзель тәртіптік жазаға тартылғанын хабарлады.

Әуежай әкімшілігі жолаушылардан келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұрап, анықталған кемшіліктерді жою бойынша жұмыстар күшейтілгенін мәлімдеді. Қазіргі уақытта барлық жөндеу және қалпына келтіру шаралары жедел режимде жүргізіліп жатыр.

Алдын ала мәлімет бойынша, су басу себептерін толық жою және қажетті жұмыстарды 6 ай ішінде аяқтау жоспарланған.

Министрлік алдағы уақытта мұндай жағдайлардың алдын алу үшін авиациялық инфрақұрылым нысандарына бақылау күшейтілетінін атап өтті.

Бұған дейін 3 мамыр күні Алматы халықаралық әуежайы терминалдарын нөсер жаңбырдан кейін су басып қалғанын жазғанбыз.

Наверх