Тергеу амалдарының ашықтығын қадағалау  үшін Мәжіліс депутаттары аймақтарға барды

18 Ақпан 2022, 15:52
1363
Бөлісу:
Тергеу амалдарының ашықтығын қадағалау  үшін Мәжіліс депутаттары аймақтарға барды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес тергеу амалдарының ашық әрі әділ жүруін қадағалау мақсатында Мәжіліс депутаттары, «Ақ жол» партиясы фракциясының мүшелері Берік Дүйсенбинов пен Ерлік Өмірғали Қызылорда қаласына барды. 

Онда қаңтар оқиғасына байланысты күдікті деп танылып, тергеу изоляторында қамауда отырған азаматтармен және олардың жақындарымен кездесті.

Жеке қабылдауға келген азаматтар қаңтар оқиғасына қатысы бар деген күдікпен ұсталып, тергеу изоляторында қамауда жатқан азаматтардың жағдайы туралы баяндады.

Кездесу барысында мемлекет тарапынан берілетін адвокаттар мәселесі де терең талқыланып, қамауда жатқандардың туыстары ақылы адвокаттарды жалдауға қалталары көтермейтінін жеткізді.

Бүгінгі тергеу изоляторында мен анық айта аламын ондай қорлық көру, олардың құқығын таптау деген орын алып отырған жоқ. Біз тергеу амалдарына араласу ойымызда жоқ. Тек, мына расымен де адасқан, жансық басқан жастардың қылмыскерлердің қатарын толықтырмаса екен, әділдік болса екен деген оймен келіп отырмыз, - деді Берік Дүйсенбинов. 

Жеке қабылдауға келген азаматтардың арыз-шағымдарымен танысққаннан кейін, депутаттар Қызылорда облыстық прокуратурасының өкілдерімен де кездесті.  Қызылорда облыстық прокурорының орынбасары Д.Катаев, Қылмыстық қудалау басқармасының басшысы Б.Нұрмағамбетов және арнайы прокурорлар басқармасының басшысы А.Әлімбаев тергеу изоляторында қамауда отырған күдіктілер бойынша және құқық қорғау органдарымен жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде түсініктеме берді.

Қызылорда облыстық прокуратурасы өкілдерінің мәлімдемесіне сәйкес күдікті деп ұсталған азаматтарды ұрып-соғу және олардың денсаулықтарына зиян келтіру деректері бойынша қазіргі таңда полиция қызметкерлеріне қатысты 13 қылмыстық іс қозғалған.

Сондай-ақ бұл жиынға  Қызылорда қаласының адвокаттар коллегиясының адвокаттары да қатысты.  Депутаттар тарапыпан жеке қабылдауда болған азаматтардың арыз-шағымдары жинақталып, Бас прокурордың қарауына ұсынылатындығын және азаматтардың заңды құқықтарының қорғалатындығы түсіндірілді.

Өзгелердің жаңалығы