Бұрын спортпен айналысу көбіне футбол, волейбол немесе жаттығу залымен байланысты болса, қазір жастар арасында белсенді демалыстың өзгеше түрлеріне қызығушылық артып келеді. Астанада да теннис ойнайтын, садақ ататын, велосипед тебетін жастарды жиі кездестіруге болады.
Спорттың әр түрінің өз аудиториясы бар. Біреулер үшін теннис – физикалық белсенділікпен қатар жаңа орта тауып, уақытты қызықты өткізудің тәсілі. Ал садақ ату дәлдік пен зейінді қажет етсе, велоспорт қаланың қарқынынан сәл алыстап, қозғалыста болуға мүмкіндік береді.
BAQ.KZ тілшісі Астана жастары арасында танымал болып келе жатқан осы үш спорт түрін байқап көрді. Әр спорттың ерекшелігімен танысып, жастардың бұл бағыттарды не үшін таңдағанын сұрадық. Сонымен қатар спортпен тұрақты айналысу үшін қандай шығын қажет екенін де анықтадық: жаттығу бағасы, қажетті құрал-жабдықтар және оларды жалға алу мүмкіндіктері қарастырылды.