Ұлттық қордан шетел валютасын сату – еліміздің макроэкономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды құралдардың бірі. Бұл механизм республикалық бюджеттің қажеттіліктерін өтеу, қаржы нарығындағы тұрақтылықты сақтау және сыртқы экономикалық факторлардың әсерін төмендету мақсатында жүзеге асырылады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ақпан айында Ұлттық қордан 550-650 млн доллар сату туралы шешім қандай факторларға негізделген? Ұлттық Банктің валюталық интервенциясы теңге бағамына қалай әсер етеді? Биыл теңгені күштеп ұстап тұру үшін тағы да интервенция жасала ма? Сондай-ақ болашақта валюта сату көлемін қысқарту немесе толық тоқтату мүмкін бе? Осы және басқа да маңызды сұрақтарға Ұлттық банктің монетарлық операциялар департаменті директоры Нұржан Тұрсынханов толыққанды жауап берді.
Ақпан айындағы валюта сату көлемі қандай факторларға байланысты?
Алдағы айда сатылатын валюта көлемін анықтау кезінде Ұлттық Банк бірнеше факторды ескереді. 2025 жылғы нысаналы трансферт көлемі – 3,25 трлн теңге, ал кепілдендірілген трансферт 2 трлн теңге болып бекітілген.
Бекітілген трансферттер шеңберінде шетел валютасын сату көлемін айқындайтын негізгі фактор – Қаржы министрлігінен трансферттерге қажеттілікке алдын ала өтінім. Сонымен қатар, сауда шотының ағымдағы балансы және алдағы айға арналған Ұлттық қорға теңгелік түсімдердің болжамды көлемі де есепке алынады, - дейді департамент директоры.
Ұлттық қор қаражатымен операциялар жүргізу кезінде Ұлттық Банк нарықтық бейтараптық қағидатын ұстанады. Бұл – шетел валютасын тұрақты және біркелкі сатуды көздейтін саясат.
Ұлттық Банктің валюталық интервенциясы теңге бағамына қалай әсер етеді?
Еркін өзгермелі айырбас бағамы режимінің қағидасына сәйкес, Ұлттық Банк валюта бағамының қалыптасу процесіне араласпайды, бірақ интервенция жасауға құқылы.
Айрықша жағдайларда қаржы тұрақтылығына төнетін қауіптің алдын алу үшін Ұлттық Банк ішкі валюта нарығында бірреттік операциялар жүргізуі мүмкін. Валюта интервенциялары:
• Айырбас бағамының тұрақсыз ауытқуларын болдырмауға,
• Нарық жұмысын қалыпқа келтіруге,
• Нарық тетіктеріне деген сенімді нығайтуға,
• Өтімділікті қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Ұлттық Банк ай сайын валюта нарығы туралы мәліметтерді ресми ақпараттық хабарламалар мен басқа да жарияланымдар түрінде ашық жариялап отырады, - делінген МОД басшысының ресми жауабында.
Қаңтарда 850 млн доллар, ақпанда 650 млн доллар
Қаңтарда Ұлттық қордан 850 миллион АҚШ доллары сатылды. Бұл қаражат республикалық бюджетке 550 миллиард теңге көлемінде трансферттер бөлуге және “Талдықорған-Үшарал” магистральдық газ құбырын салу инфрақұрылымдық жобасын қаржыландыруға жұмсалды. Газ құбыры жобасы аясында 12,2 миллиард теңгеге “Самұрық-Қазына” АҚ облигациялары сатып алынды, - деп айтты Нұржан Тұрсынханов.
Оның сөзінше, ақпанда Ұлттық қордан 550-650 миллион АҚШ долларын сату жоспарланып отыр. Бұл сома Үкіметтің республикалық бюджетке трансферттер бөлуге берген алдын ала сұраныстарына байланысты анықталды.
Осылайша, Ұлттық қордан сатылатын шетел валютасының көлемі әр айдағы Үкіметтің (ҚР Қаржы министрлігі атынан) кепілдендірілген және нысаналы трансферттерге деген қажеттілігіне қарай белгіленеді.
Ұлттық қордан валюта сату болашақта қысқаруы мүмкін бе?
Ұлттық қордан шетел валютасын сатуды қысқарту немесе толық тоқтату Үкіметтің трансферттерге деген қажеттілігі мен Ұлттық қордың теңгедегі шотындағы қаражат көлеміне байланысты, - деп айтты Ұлттық Банк өкілі.
Ұлттық қорға қаражат негізінен мұнай секторы ұйымдарынан түсетін салықтар, республикалық меншікті жекешелендіруден түскен қаражат, инвестициялық табыс және басқа да түсімдер арқылы жиналады.
Тарихи тұрғыдан алғанда, Ұлттық қорға түскен қаражаттың басым бөлігі АҚШ долларында түседі. Осыған байланысты республикалық бюджетке трансферт бөлу үшін алдымен теңгедегі қаражат жұмсалады, ал егер теңге көлемі жеткіліксіз болса, валютаны сату арқылы толықтырылады.
“Валюта сату теңгеге оң әсер етеді”
Ұлттық қордан бюджетке трансферт бөлу аясында валюта сату шетел валютасының қосымша ұсынысын тудырады. Бұл теңге бағамына оң әсер ететін факторлардың бірі. Сонымен қатар, Ұлттық қор қаражатымен жүргізілетін операцияларды жүзеге асыру кезінде Ұлттық Банк нарықтық бейтараптық қағидатын сақтайды. Бұл шетел валютасын тұрақты және біркелкі сату саясатын ұстануды білдіреді, сондықтан бағамның жалпы динамикасына кедергі келтірмейді, - дейді МОД директоры.
Ұлттық Банк импортқа тәуелділікті қалай азайтпақ
Импортты алмастыру және экспортты әртараптандыру жөніндегі шараларды қамтитын сауда саясатын іске асыру Үкіметтің мандатына кіреді. Ұлттық Банк өз кезегінде баға тұрақтылығын қамтамасыз ету арқылы бұл үшін жағдай жасайды.
Негізгі құралдар:
• Базалық мөлшерлеме
• Еркін өзгермелі айырбас бағамы саясаты.
Еркін өзгермелі айырбас бағамы теңгерімсіздіктерді азайтуға мүмкіндік береді, ал инфляция төмен болған жағдайда теңгенің әлсіреуі экспорттың бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
Әдетте, төмен инфляция кезінде теңгенің айырбас бағамының әлсіреуі қазақстандық өндіріс тауарларының арзандауымен қатар жүреді. Бұл олардың сыртқы нарықтардағы бағалық бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Сонымен қатар, импорттық өнім көлемі қазақстандық тұтынушылар үшін олардың қымбаттауына байланысты қысқаруы мүмкін. Бұл да ішкі өндірістің дамуын ынталандырады. Бірге алғанда, бұл сауда балансының және, сәйкесінше, төлем балансының ағымдағы шотының жағдайын жақсартуға ықпал етеді, - деп түсіндірді Нұржан Тұрсынханов.
Айырбас бағамы тым нығайған жағдайда шетелдік тауарлар арзандап, импорттың өсуіне әкеледі. Бұл ретте, жергілікті өндірушілердің бағалық бәсекеге қабілеттілігі төмендеп, сауда балансына қысым көрсетеді.