Мәжіліс кулуарында Ұлттық банк төрағасының бірінші орынбасары Ерұлан Жамаубаев теңгенің нығаюы тек ішкі факторларға байланысты емес екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі үрдіс жаһандық сипатқа ие, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Егер байқасаңыз, тек теңге ғана емес, басқа да бірқатар валюталар, соның ішінде Ресей рублі және дамушы елдердің валюталары доллармен салыстырғанда нығайып жатыр. Бұл үрдіс негізінен мұнай мен энергетикалық ресурстар бағасының өзгеруіне байланысты, – деді ол.
Жамаубаевтың айтуынша, бюджетке әсерді біржақты бағалауға болмайды. Себебі кірістермен қатар шығыстар да бар, әсіресе шетел валютасында орналастырылған бағалы қағаздарға қызмет көрсету мәселесі маңызды.
Бұрын біз шетел валютасында бағалы қағаздар шығарғанбыз. Оларға қызмет көрсету де шетел валютасында жүргізіледі. Сондықтан кірістер мен шығыстарды бірге қарастыру қажет. Жалпы алғанда, бюджетке айтарлықтай зиян келеді деу әзірге ерте, – деді ол.
Ол сондай-ақ Ұлттық қорға доллар бағамының тікелей әсері шектеулі екенін атап өтті. Соңғы жылдары қор көлемі тұрақты өсіп келеді, ал инвестициялық портфель жеткілікті деңгейде әртараптандырылған.
Ұлттық қорда теңгемен де, шетел валютасымен де құралдар бар. Активтер тек бір елге немесе бір валютаға тәуелді емес. Осындай әртараптандыру тәуекелдерді төмендетуге мүмкіндік береді, – деді Жамаубаев.
Оның сөзінше, қазіргі жағдайда екі негізгі фактор әсер етіп отыр: мұнай бағасының өсуі және теңгенің нығаюы. Мұнайдан түсетін кіріс шамамен 40-60 млрд доллар деңгейінде бағаланып отыр.
Сонымен қатар ол доллардың әлсіреуі уақытша болуы мүмкін екенін де жоққа шығармады. Бұл АҚШ-тың Таяу Шығыстағы геосаяси әрекеттерімен байланысты болуы ықтимал. Егер доллар қайта күшейсе, қазіргі жағдай өзгеруі мүмкін.
Осыған байланысты, Қазақстанның валюта нарығы ықтимал құбылмалылыққа дайын. Жамаубаевтың айтуынша, қазіргі таңда Ұлттық банк тарапынан интервенция жүргізілген жоқ.
Бағам нарықтағы сұраныс пен ұсыныс негізінде қалыптасып отыр. Егер қажеттілік туындаса, интервенция жасауға дайынбыз. Бірақ әзірге ондай қажеттілік жоқ, – деді ол.
Сондай-ақ ол Ұлттық банк теңге бағамына қатысты нақты болжам жасамайтынын еске салды. Бағам тек есептік көрсеткіш ретінде қолданылады.
Жамаубаев қазіргі экономикалық үрдістердің нақты әсері алдағы кезеңдерде, әсіресе кейінгі тоқсандардың қорытындысы бойынша айқын көрінетінін атап өтті.