Теңге нығая ма? Сарапшылар доллар мен базалық мөлшерлемеге болжам жасады

Теңге нығая ма? Сарапшылар доллар мен базалық мөлшерлемеге болжам жасады.

8 Қазан 2026, 17:21
АВТОР
 ©BAQ.KZ коллажы 8 Қазан 2026, 17:21
8 Қазан 2026, 17:21
215
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қаржы нарығы сарапшылары Қазақстан Ұлттық банкінің базалық мөлшерлемені төмендету циклін жалғастырады деп күтеді. 85% сарапшы 23 қазандағы отырыста мөлшерлеме 15,75-16%-ға дейін төмендейді деп болжайды. Бұл туралы Қаржыгерлер қауымдастығының (АФК) талдау орталығы қазан айында қаржы нарығының кәсіби қатысушылары арасында жүргізген сауалнама нәтижесінде мәлім болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сауалнамаға банктердің, сақтандыру және брокерлік ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ талдау және қазынашылық бөлімшелерінің мамандары қатысты. Зерттеу барысында мұнай бағасы, доллар мен теңге бағамы, инфляция, ЖІӨ және Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесіне қатысты болжамдар зерделенді.

Сарапшылардың 71%-ы базалық мөлшерлеменің ең төменгі қадаммен, яғни 25 базистік тармаққа төмендеп, 16%-ға дейін түседі деп күтеді.

Осылайша, нарықтағы негізгі болжам ақша-несие саясатын біртіндеп жұмсарту жалғасатынын көрсетіп отыр. Дегенмен сарапшылар арасында Ұлттық банктің келесі қадамында мөлшерлемені қаншалықты төмендететініне қатысты белгісіздік сақталған.

12 айдан кейін базалық мөлшерлеме орта есеппен 14,5% деңгейінде болады деп болжанып отыр. Алайда сарапшылардың пікірінше, оны одан әрі төмендетуге мүмкіндік шектеулі. Бұған инфляциялық күтулердің әлі де жоғары болуы, бюджет және квазимемлекеттік сектор тарапынан ынталандырудың күшеюі, тарифтік реформаның жалғасуы және сыртқы баға шоктарының тәуекелі әсер етуі мүмкін.

Инфляция бойынша болжам да төмендеді. Сарапшылар 12 айдан кейін тұтыну бағаларының өсімін 9,7% деңгейінде күтеді. Бір ай бұрын бұл көрсеткіш 10,4% болған.

Еске сала кетейік, қыркүйекте Ұлттық банк 2027 жылға арналған инфляция болжамын 6,5-8,5%-ға дейін көтеріп, базалық мөлшерлемені одан әрі төмендету мүмкіндігі шектеулі екенін айтқан.

Теңге бағамына қатысты сарапшылардың болжамы да жақсарған. Қараша айының басында АҚШ долларының бағамы 456,5 теңге болады деп күтіледі. Бір ай бұрынғы болжам 474,2 теңге болған.

12 айлық кезеңге арналған болжам бойынша доллар бағамы 502,6 теңге деңгейінде болады деп күтілуде. Бұған дейін сарапшылар 511,6 теңге болады деп болжаған.

АФК мәліметінше, теңгеге жоғары нақты кірістілік, Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингінің көтерілуі, Ұлттық банктің валюта операциялары аясындағы шетел валютасын тұрақты сатуы және резидент еместердің мемлекеттік бағалы қағаздарға қаражатының келуі қолдау көрсетіп отыр.

Сондай-ақ 2027 жылы Ұлттық қордан берілетін трансферттердің көлемі 2,8 трлн теңгеден 4,4 трлн теңгеге дейін ұлғаюы мүмкін. Бұл да ұлттық валютаға қолдау көрсететін факторлардың бірі ретінде қарастырылған.

Мұнай бағасына қатысты 12 айлық болжам төмендеді. Сарапшылар Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 79 доллар болады деп күтеді. Бір ай бұрын бұл көрсеткіш 83,7 доллар болған.

Болжамның төмендеуіне Таяу Шығыстан мұнай экспортының артуы және G7 елдерінің стратегиялық қорларының бір бөлігін нарыққа шығаруы себеп болуы мүмкін.

Соған қарамастан, сарапшылар алдағы 12 айда Қазақстан экономикасының өсімі 4,4% деңгейінде сақталады деп күтеді. Экономикалық белсенділікті қаржылық жағдайлардың біртіндеп жұмсаруы, бюджет шығыстарының артуы және ірі инвестициялық жобалардың іске асырылуы қолдауы мүмкін.

Наверх