Теміртау жолдарының 15 пайызы жүруге жарамсыз

28 Наурыз 2024, 14:24
301
Бөлісу:
Теміртау жолдарының 15 пайызы жүруге жарамсыз
Фото: автордан

Теміртау қаласының жолдарына тұрғындардан шағым көп. Шұрық-тесік асфальт көлік жүргізушілерінің әбден мазасын қашырған, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

Теміртау шаһарындағы жолдардың жалпы ұзындығы 720 шақырым болса, қазір оның 100 шақырымы жүруге жарамсыз. Қала басшылығы бұл мәселе кезең-кезеңмен шешілетіндігін айтады.

Қаламыздағы жолдардың 15%-дан астамының жағдайы нашар. Бұл көрсеткіш былтыр 20%-дан жоғары болып, 150 шақырым жолдың жағдайы нашар еді. Біз бұл мәселені шешу бойынша жұмысты атқарып жатырмыз. Қаланың басты күре жолы саналатын Металлургтер даңғылының бойындағы жолдың жағдайы аянышты. Аталған жолды күрделі жөндеуді құрылыс маусымы басталған бетте бастамақшымыз. Мердігер анықталған, - дейді қала әкімі Ораз Таурбеков.

Оның айтуынша, Металлургтер даңғылының бойындағы жол пайдаланылуға берілгелі бері жөндеу көрмеген.

Теміртау жолдарының 15 пайызы жүруге жарамсыз

Біздің қаланың байырғы тұрғындары біледі, бұл даңғылдың бойындағы жолға, магистральға күрделі жөндеу жұмыстары жол пайдалануға берілген уақыттан бері жасалмаған. Жоспардағы күрделі жөндеу кезінде асфальт төсемі толық жаңартылады, суағар салынады, жол бойына абаттандыру жұмыстары жасалады. Тағы бір айта кететін мәселе, осы жолдың астында Кеңес үкіметінің уақытында салынған 5 түрлі инженерлік коммуникациялар бар. Бұлар да жаңартылады. Сондықтан да біз үшін бұл жоба маңызды әрі ауқымды және де жұмысты бір маусымда іске асыру мүмкін емес. Жөндеу жұмыстары 18-19 ай жүргізіледі. Биыл жолдың тек тақ бағытын жасаймыз, - деді әкім.

Биыл Теміртау қаласы бойынша 11 жол бөлігінде орташа және күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланған. Жүруге жарамсыз жолдардың барлығы жөнделетін болады.

Өзгелердің жаңалығы