Тек ресми мәліметтерге сенулеріңізді сұраймын – Исекешев

17 Наурыз 2020, 22:08
1480
Бөлісу:
Тек ресми мәліметтерге сенулеріңізді сұраймын – Исекешев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Президенті жанындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі Әсет Исекешев қабылданып жатқан шаралар туралы айтты.

Қазір елдегі, жалпы әлемдегі жағдайға тәулік бойы мониторинг жүргізіліп жатыр. Өкілетті органдар, министрліктер мен әкімдіктер барлығы жұмылдырылды. Қажет болған жағдайда белгілі салаларда қатаң шаралар қабылданады. Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары 19 наурыздың сағат 00.00-інен бастап карантинге жабылады. Ірі ойын-сауық орталықтары, балабақшалар жұмысын тоқтатып, қаланың шыға берісіне блокпосттар орнатылады. Алғашқы қажеттілік тауарлары, азық-түлік, дәрі-дәрмек пен медициналық өнімдер «жасыл дәліз» арқылы жеткізіледі. Карантиннің негізгі мақсаты – вирустың басқа өңірлерге таралуына жол бермеу. Бұл халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қолға алынған мәжбүрлі, бірақ қажетті шара, – деп жазды Исекешев.

Сондай-ақ ол тұрғындарды қазіргі жағдайға түсіністікпен қарауға шақырды.

Гонконг, Қытай, Сингапур, Оңтүстік Кореяның тәжірибесі үкіметтің қатаң шаралары мен халықтың ұйымдасуы жағдайды тұрақтандыруға көмектескенін көрсетіп отыр. Біздің азаматтар да үкіметтің қабылдап жатқан бар шешіміне қолдау көрсетеді деп сенемін. Өкінішке қарай, елімізде коронавирустық инфекцияны жұқтырған 33 адам тіркелді. Сондықтан, бәріміздің қоғамдық орындардан (спортзалдар, ХҚКО, фудкорт және т.б.) алшақ болып, іс-шараларды кейінге қалдырып, сапардан бас тартқанымыз жөн. Дәрігерлердің ұсыныстарын қатаң ескеріп, үйде болғанымыз дұрыс, - деді ол.   

Сонымен қатар мемлекет басшысының кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, несиелерге жеңілдік жасауды тапсырғанын айтты.

Бизнесті және азаматтарды қолдау шаралары да қабылданды. Ең алдымен, төтенше жағдай кезінде жеке тұлғалардың кепілсіз тұтынушылық несиелері 90 күннен артық төленбеген жағдайда сыйақы қосуға тыйым салынатын болады. Сауда, кинотеатр, театр, көрмелер, спорттық нысандар бір жылға мүлік салығынан босатылады. Отандық кәсіпкерлерді қолдауға және жаңа жұмыс орындарын ашуға 300 миллиард теңге бөлінеді, - деп жазды Әсет Исекешев.

Жалған ақпарат тарату мәселесіне де назарлар аударды.

Қазір бізге еліміздегі жағдайды тұрақсыздандыруға әкелуі мүмкін қандай да бір жалған ақпаратты таратуға жол бермеу керек. Өзекті әрі тексерілген барлық мәлімет біздің мемлекеттік органдарда бар, олар өз кезегінде күн сайын пресс-конференциялар мен брифингтерге шығып, сіздермен бар ақпаратпен бөлісіп отырады. Сондықтан тек ресми мәліметтерге сенулеріңізді сұраймын. Билік органдарына, бұл жағдайда тыңымсыз еңбек етіп жатқан дәрігерлер мен медицина, құқық қорғау органдары қызметкерлеріне қолдау көрсетейік, - деп жазды президент кеңесшісі.

Өзгелердің жаңалығы