Тек қана қазақ балаларынан құралған хоккей командасын құру ұсынылды

29 Қараша 2022, 22:49
3799
Бөлісу:
Тек қана қазақ балаларынан құралған хоккей командасын құру ұсынылды

Мұндай ұсынысты белгілі журналист әрі 7 жылдан бері баласын хоккей ойынына тәрбиелеп келе жатқан ата-ана Нұрболат Туысбайұлы жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

“Қазақтан хоккейші шықпайды” деген қатып қалған түсінік бар. Осы сеңді бұзу үшін көптен ойда жүрген бір шаруаны қолға алып көргім келеді. Сырттай пафос көрінуі мүмін, бірақ түпкі идея өзіме сұмдық көрінеді. Мен — баласын 6 жастан хоккейге берген әкемін. Соңғы 7 жылда белгілі бір деңгейде түсінік-пайымы қалыптасқан, намыс-жігері қайралған, үлкен ортада әбден піскен адам ретінде балалардан қазақ құрама командасын жасақтап көргім(із) келеді. Бұл бір жағынан “қазақ баласы хоккей ойнай алмайды” дейтін түсінікті жоққа шығару үшін өзімізді сынап көретін мүмкіндік, - дейді ол.

Ол үшін Қазақстанның әр түпкірінен тек қазақ балаларын іріктеп алу керек деп шешіпті.

Қазір жылдағыдай хоккейден Қазақстан Чемпионаттары өтіп жатыр. Барлық ойыншы көз алдымызда. Хоккей агенттері де, бапкерлер де YouTube арқылы тікелей эфирде көріп отыр. Яғни, кішкентайынан хоккей ойнап, тек көзге түсіп жүрген, статистикасы жақсы, болшағынан үміт күттіретін балаларды “шекесінен шертіп” тұрып таңдап алуға болады. Оны тәжірибелі тренердің өзі таңдайды. Іріктегенде “спортивный интерес” бірінші орында болады. Әкесі әкім, шешесі шенеунік деген принцип жүрмейді!, - дейді Нұрболат Туысбайұлы. 

Хоккейде Жастар Хоккей Лигасына дейінгі (ЖХЛ/МХЛ) балалар тек өз жасында ойнайтын заңдылық бар. Жасы үлкен-кіші араласпайды.

Идеяның басында өзім(із) тұрғандықтан баламызды 6 жасынан конькиге тұрғызып, баптаған тренерге таңдау түсіп отыр. Ол өз ортасында да, ата-аналар арасында да мойындалған мықты бапкер. Ең бастысы, идеяны құптады. Баламызды кішкентайынан Ресейдің Челябі, Екатеринбург, Пермь және т.б. қалаларына, тіпті, Башқұртстанға дейін жарыстарға алып барып, әйгілі “Трактор”, “Авангард”, “Автомобилист” секілді КХЛ деңгейіндегі командалар арасында жүлделі орындарды жұлып әкетіп жатқанда “оказывается, казахи тоже умеют играть в хоккей” деп ресейліктердің аузын аштырған бапкер. Иә, ұлты - қазақ! Сондықтан, қазақ құрама командасы 2009 жылғы балалардан жасақталады. Олардың жасы қазір 13-те. Екі-үш жылдан кейін ЖХЛ-да ойнайтын шамаға келеді. Әрі қарай бап пен бақ қатар шапса — ҚХЛ/КХЛ, ҰХЛ/НХЛ, - дейді ата-ана.

Айтуынша, қазақ хоккейіне легионер керек емес! Осы балалар ертең елдің намысын жыртады.

Әрине, бұның бәрі ауызбен айтуға оңай көрінеді. Іске келгенде белгілі бір мөлшерде, тіпті, көп мөлшерде қаржылай қолдау қажет болады. Сондықтан, тиісті қаржылық-сметалық-құжаттарды дайындап, идеялас ата-аналармен бірігіп инвестор іздеуге бел буып отырмыз. Демеуші іздейміз! Себебі балалардың қазіргі жасына қарай АҚШ, Еуропа елдерінде үлкен халықаралық турнирлер өтіп жатыр. Бас жүлдені алып келеміз демесек те, Қазақстанда хоккей ойнай алатын қазақ балаларының бар екенін мойындата аламыз деп айта аламын. Ол жарыстарда міндетті түрде гимн ойналады. Сол сәтте шлемін шешіп, кеудесіне қолын қойып тұрған қазақ балаларының жап-жарқын кескінін көрудің өзі қандай ғанибет! Қазір өкінішке қарай, жол шығынын кез келген ата-ана көтере алмай отыр. Ал, мемлекеттің еншісіндегі спорт мектептері қолдауға жоқ. Оларда бір ғана принцип: ақшаң болса бар, болмаса үйіңде отыр. Марқұм Амангелді (Сейітхан) ағам айтпақшы, мұзда жасындай жарқырап жүрген балалар осы бір қолдың қысқалығынан үлкен жарыстардан шет қалып жатыр. Ал, спортшыға халықаралық деңгейде тәжірибе керек! Өсем деген қазақ баласының жолын ақша байламауы керек, - дейді Нұрболат Туысбайұлы.

Ол бұл балалардың ертең демеушінің де, елдің де атын жарға жықпай алып шығарына сенімді.

Сондай-ақ неге өз күшімімен инвестор іздеуге мүдделі болып отырғанын да айтты. 

Өйткені қазір ресми жұмыс істеп тұрған спорт мектептері нәтиже шығара алмай отыр. ҚХЛ-да ойнап жүрген “Барысымыз” анау, сырттан хоккейші әкеліп, миллиондап ақша шашқаннан басқа бітіріп отырғаны шамалы. Жергілікті әкімдікке қарайтын СДЮСШ10 секілді мектептер туралы ештеңе айтпай-ақ қойса да болады. Босқа сөзің шығын. Оларға енді сенудің де қажеті жоқ-ау… Оларда қазақ спорты, қазақтың намысы, қазақ баласы деген түйсік жоқ. Кесіп алсаң да осы. Қазір қолында билігі, күші бар адамда ҚАЗАҚ ҮШІН деген идея болмай тұр. Саланың солқылдап тұрғаны сол. Бірнеше ұлт топтасқан ондай ортада (хоккей мектептерінде) қазақ баласы — екінші сортты ойыншы. Ылғи шеттетіледі. Мен, Біз баламызды ондай лайға лақтыра алмаймы(н)з. Бізді бұл идеяға жетелеп әкелген — хоккейдегі осы бір пасық жүйе. Бәлкім, біреулер күлер, бірақ идея өліп қалмас үшін, өзім(із)ді үнемі қамшылап отыру үшін осында жазып қояйын деп шештім. Енді МЕН деген мықтылардың (меценаттардың) есігін қаға бастаймыз, табалдырығын тоздырып, үнімізді жеткізіп көреміз. Қай жерге дейін шаба алатындарын уақыт көрсетер, - деп жазды Нұрболат Туысбайұлы.

Айтуынша қазір барлық жағынан қолдау керек. Бастысы, идея қағазға түсті. Енді оны тарату керек. Тиісті жеріне жеткізу керек. 

Өзгелердің жаңалығы