Техникамды оталған күйі қалдырған – шымкенттік Қаңтарды еске алды

5 Қаңтар 2023, 14:12
1079
Бөлісу:
Техникамды оталған күйі қалдырған – шымкенттік Қаңтарды еске алды

Тиегіш сияқты техникаларды жалға беріп, сол техникалармен құрылыс жұмыстарын жасауды кәсіп еткен шымкенттік Нәрік Жақаев Қаңтар оқиғасы кезінде басынан өткен жағдайды айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ол Шымкент қаласындағы тәртіпсіздіктер басталмай тұрып техникасын тұрғын үй салынып жатқан күзеті бар нысанға қойып кеткенін айтады. Алайда 5 қаңтарда сол техниканы Нәрік Жақаевтың таныстары әкімдіктің қасынан байқаған.  

Сол күні жаңбыр жауып тұрған. Таныс жігіттер «Сендердің техникаларың әкімдіктің қасында неғып тұр? Өздерің шығарғансыңдар ма?» деп сұрады. Дереу сонда бардық. Біздің техника сол кезде тәртіпсіздіктер болған әкімдіктің қасында оталған күйі қалып кеткен, - деді ол. 

Бұзақылар әкімдікке жақын орналасқан нысаннан тек Нәрік Жақаевтың емес, Әділхан Нұрмахановтың да техникасын шығарып, оларды Бәйтереков көшесінің бойында қалдырған.  

Олар менің погрузчигімнен басқа бірге жұмыс істейтін Әділхан деген жігіттің погрузчигін де алып кеткен. Көліктердің қасында КамАЗ бен экскаватор да тұрған. Олардың терезесін сындырып, құлыптарын бұзған. Бірақ шығара алмаған. Ал біздің техниканы айдап кетіп, көп залал келтірген. Оқ тиген, майы аққан, балондары жарылған, - деді шымкенттік.

Нәрік Жақаев бас кезінде қайда барып, кімнен көмек сұрарын білмей қалғанын жеткізді. Қаратау аудандық полиция бөлімшесі оған жауап бермейтінін айтқан. Бірақ кейін Нәрік Жақаев прокуратура шақырып, істі тергеп, шығын өтелгенін қуана хабарлады.     

Бізге техниканы қалпына келтіре беріңдер, кейін шығынды төлеп береді деді. Мен шын айтсам, ақша төлейді дегенге сенген жоқпын. Бірақ дәлел болсын деп погрузчикті жөндеп, оған қосалқы бөлшектер алғанымды суретке түсіріп отырдым. Кейіннен 2 121 500 теңге шығынды төлеп берді, - деді ол. 

Өзгелердің жаңалығы