Тегін үйірме көп, бірақ оны пайдаланатындар аз – орталық директоры

1 Маусым 2022, 10:23
4168
Бөлісу:
Тегін үйірме көп, бірақ оны пайдаланатындар аз – орталық директоры
PHOTO
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде 1 маусым Балаларды қорғау күні ретінде жылда аталып өтеді. Ол күні жер-жерде балаларға деп мерекелік іс-шаралар мен көңілді ойындар ұйымдастырылады. Сыйлықтар табысталады. 

Балалар ертеңгі болашағымыз деген төңіректе жылы сөздер айтып, шығарып саламыз. Дегенмен, осы балаларымыздың ертеңгі жарқын болашағы үшін, олардың мықты азамат болып өсуіне қаншалықты жағдай жасап отырмыз? Ата-ананың баланы дамыту жөніндегі көзқарасы қандай? Білімді әрі өнерпаз ұрпақ тәрбиелеуде қандай істер атқарылып жатыр? Осы және өзге де сұрақтарға балаларды өнерге баулып, дамытумен айналысатын «Dara STAR» өнер орталығының директоры Айнұр Ибраева сұхбат барысында жауап берді.

Тегін үйірме көп, бірақ оны пайдаланатындар аз – орталық директоры

- Айнұр ханым, алғашқы сұрағымызды өнер орталығының құрылуынан бастасақ, қай кезде ашылдыңыздар, оны ашу идеясы қалай келді?

- Біздің орталықтың жұмысы 2018 жылы бастау алды. Ол кезде «Алатау» дәстүрлі өнер театрында жұмыс істеп жүрген кезім. Аталған театрда қосымша балаларға арналған орталық ашылды. Балаларымды сол жердегі үйірмелерге жазып, белгіленген кесте бойынша апарып жүрдім. Бірақ, кейде уақыт тапшылығына байланысты біраз сабақтарды өткізіп алатынбыз. Себебі, балам кіші жаста болғандықтан, үнемі апарып-әкелетін адам керек болды. Жолдасым жұмыста. Қатынау расымен қиын болды. Біздің ауданда балаларды өнерге баулитын орталық жоқтың қасы еді. Балаларым қалаған курстарға өздері барып-келіп жүргенін қаладым. Бір күні жолдасым «Өнер орталығын өзің ашып көрсеңші» деген ұсыныс айтты. Менің негізгі мамандығым-журналист. Телеарна саласында 13 жыл қызмет еткен тәжірибелі маман ретінде маған бұл идея ұнады. Оның үстіне «Балапан» телеарнасында редактор болған кезімде балалармен жұмыс істеу қиындық тудырмайтын. Еліміздің өнерпаз балаларын телевидениеге шығарып, жұлдызын жаққым келді. Осы мақсатта тұрақты жұмысымнан шығып, Жетісу ауданындағы «Құлагер» ықшамауданынан ғимаратты жалға алып орталық аштым. «Dara STAR» өнер орталығының тарихы осылай басталды. 

Тегін үйірме көп, бірақ оны пайдаланатындар аз – орталық директоры

- Орталық балаларды жаппай тегін қабылдай ма әлде жартылай ақылы ма? 

- Қазір тегін өнер орталықтарын ашуға мемлекеттен қаржыландыру жүріп жатыр. Сіз де естіген боларсыз, балалар омбудсмені Аружан Саинның қоладуымен «ArtSport» бадарламасы бойынша еліміздің болашағы – балалардың өнер, спорт саласында жетістерге жету мақсатында осындай мүмкіндіктер ұсынылған. Біз де осы игілікті істі жүзеге асырғандардың біріміз. Орталықтың ашылуы білікті мамандарды жұмыспен қамтуға да септігін тигізуде. Сонымен қатар балалар мектептен тыс уақыттарын босқа өткізбей, бейімі бар саланы меңгеруге мүмкіндік алады. Біздегі ұстаздардың бәрі білікті, кәсіби мамандар. Орталығымыздың мақсаты – ел ішіндегі дарынды балаларды жарыққа шығару. Оларды тек аудан, облыс емес, республикалық деңгейдегі байқауларға қатыстыруға атсалысамыз. Қазір «Өнерді үйрен де, жирен» деген халық даналығынан сусындағысы келген жастардың қатары көбейіп келеді. Сегіз қырлы, бір сырлы болу ешқашан да көптік етпейді. Сондықтан әр ата-ана баласын өнер орталығына апарып, тегін үйірмеден дәріс алуға бағыттап, осындай мүмкіндікті жіберіп алмаса екен дегім келеді.

Тегін үйірме көп, бірақ оны пайдаланатындар аз – орталық директоры

- Қанша балаға қызмет көрсетіп жатырсыздар, орталық неше балаға дейін қамти алады?

- Қазіргі таңда орталығымызда екі жүз елуге тарта бала білім алып жатыр. Алды түрлі концерттерде өнер көрсетіп, телеарналарға шығып үлгерген. Бір қуанарлық жайт, күн сайын орталығымызға жазылғысы келетін оқушылар қатары артуда. Десе де, жаңадан жазылғысы келетін оқушылар үшін мемлекеттен бөлінетін қаржыландыру тоқтап тұр. Келген балаларды «Ақша бөлінбеді» деп бетін қайтармай, уақытын бос өткізбесін деген ниетпен әлі де тегін қабылдап жатырмыз. Осы орайда, бізге жеткіншектердің сапалы уақыт өткізгені маңыздырақ. Бірақ, ұстаздардың жалақысы тағы бар... 

Тегін үйірме көп, бірақ оны пайдаланатындар аз – орталық директоры

- Ата-аналардың баланы дамытуға деген қызығушылығы, бет бұрыстары жайлы не айтар едіңіз? 

- Қазіргі таңда дамимын деген балаға мүмкіндік көп. Түрлі өнер орталығына барып қабілетін шыңдай алады. Бізде балаларға би, домбыра, сурет салу, актерлік шеберлік, вокал, фортепиано сынды қосымша сабақтардан дәріс беріліп, түрлі байқауға қатысуға мүмкіндік жасалады. Қуантарлығы, қандай үйірмеге қатыссаңыз да тегін. Балалардың да, ата-аналардың да үйірмеге қатысуға ынталары өте жақсы. Мына қымбатшылық заманда «тегін» нәрсе кімге кедергісін келтірсін?!

Тегін үйірме көп, бірақ оны пайдаланатындар аз – орталық директоры

Бір ата-ана ақылы болған кезде баласын бермей жүріпті, кейін үйірмелер тегін болғанда баласын домбыра үйретуге алып келіпті. Баласы айналдырған 2-3 айда бірнеше күй үйреніп шыққанда «қатты таң қалдым» дейді. «Баламның осындай қабілеті барын білмеппін, оның домбыра шертуге икемі бар екен» деп айтып жатыр. Орталыққа келген соң балалардың бойындағы жасырын таланттары ашыла түседі, бірі ән айтуды игеріп әкетсе, енді бірі актерлі шеберлігін шыңдай түседі. Балаларының қабілеті ашылып, жастайынан өнерге ден қойып жатқанына ата-аналар дән риза. Бізге келіп алғыстарын айтып кетеді. Кез келген баланың бойында өзіне тән дарыны болады, соны жастайынан аша білу ата-анаға да, мұғалімдерге де парыз.

Қазір инновациялық даму кезеңінде барлық бала телефон, интернет арқылы небір түрлі пайдалы-пайдасыз ақпараттарды сіңіруде. Көптеген саланы меңгеріп, бала өзінің бағытын таба алмайтын кездер болады. Дәл осындай кезде дұрыс бағдар беретін ұстаздардың қажеттігі көрініп қалады. Бұл жердегі әңгіме телефон экранының аржағындағы «виртуалды ұстаз» жайлы емес, нағыз ұстаз жайында болып тұр. Қосымша үйірменің маңыздылығы осында.

Тегін үйірме көп, бірақ оны пайдаланатындар аз – орталық директоры

- Орталықтағы балалармен жұмыс жайлы айтып берсеңіз, балалар нені жақсы көреді? Оларды зеріктірмес үшін қандай қадамдарға барасыздар?

- Қазіргі таңда балалардың психологиясы өте нәзік. Олардың ойын, жанын түсіну үшін, сапалы білім беру үшін мұғалімдер де психолог болу керек. Бір бала тақырыпты тез меңгеріп алса, екіншісі біраз уақытты қажет етеді. Кейде ортаға сіңе алмайтын балалар да кездеседі. Ондай кезде жеке консультация жасап, ашық сөйлесіп, нені жақсы көретінін түсіну мақсатында әңгіме жүргіземіз. Бірі мақтағанды ұнатса, енді бірі ортада көзге түскенді ұнатпайды. 

Сабақ өту барысында, мәселен домбыраны біз екі методика бойынша үйретеміз. «Сандық» және «нота» жүйесімен. Баланың қабылдау қабілетіне қарай қай әдіс тиімді болса, сол бойынша сабақ өтеді. Оқушыны зеріктірмес үшін сабақ барысында тақырып бойынша викторникалық сұрақтар мен ойындар ойнатылады. Сонымен қатар, дәрістен бөлек аудан көлемінде концерттер ұйымдастырамыз, шағын бейнероликтер түсіреміз. Балаларға осындай шаралар қатты ұнайды. Біздегі жұмыстар тек әдістемелік жоспар бойынша ғана емес, қазақ халқының салт-дәстүрін дәріптеп, халықаралық мерекелерді атап өтумен ерекшеленеді. Наурыз айында ата-аналарды, балаларды «әз-Наурыз мерекесімен» құттықтап мерекелік кеш ұйымдастырған едік. Кеште балалар ойындарға қатысып, орталықта үйренген өнерлерін көрсетіп сыйлықтар алды. 1 маусым – халықаралық балаларды қорғау күніне есеп беру кешіміз ді ұйымдастырып жатырмыз. Инстаграм парақшамыз бен ватсап желісінде ата-аналар алғыстарын жаудырып жатады. «Жақсы сөз – жанды жылытады» демекші мұндай сөздер бізді одан әрі жігерлендіріп, қанаттандырады. «Dara STAR» өнер орталығы балалардың болашақта жан-жақты, білімді, өнерлі болуы үшін барын салуға дайын! Бізбен бірге әрбір бала «Дара», «Жұлдыз»!

Тегін үйірме көп, бірақ оны пайдаланатындар аз – орталық директоры

- Алда келе жатқан Балалар күнінде ата-аналар мен жас өнерпаздарға не айтар едіңіз?

- «Балам дейтін жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан болсын» деп А. Байтұрсынов айтқандай мемлекетіміз де ұрпақ тәрбиесіне барынша назар аударып келеді. Соның бір дәлелі - аталған бағдарламаның іс жүзінде жүзеге асуы. Біздің орталықтан өнер мен өнеге алған өнерпаздар- елімізді, жерімізді, бүкіл әлемге танытып, үлкен жетістіктерге жетеді деген сеніміміз мол. Біздің алдымызда тұрған зор міндет - болашақ ұрпақтың бақытты өмірін қалыптастыру. Ол үшін әр ата- ана баласының дамуына, жетістіктерге жетуіне атсалысудан аянбау керек. Баланың бос уақытын тиімді пайдаланып, талантын ашуға аса жауапкершілікпен қараса, шығармашылық қабілеттері шыңдалған баланың болашағынан зор үміт күтуге болады. Мәселен, дамыған елдерде баланы мықты оқу орнына түсіру үшін, сәби дүниеге келген күннен бастап дайындайды. Баланың физикалық және шығармашылық қабілеттерін ашумен қатар жан- жақты болуына ерекше назар аударады. Себебі, ол жақта өнер өте жоғары бағаланады. Ал, бізде өкінішке орай тек білімге ғана ден қойылып, баланың басқа да жетістіктері айтарлықтай бағаға ие болмай жатады. 

Тегін үйірме көп, бірақ оны пайдаланатындар аз – орталық директоры

Барлығыңызға ашық аспан, бейбіт өмір, балаларға бақытты балалық шақ, әрқашанда сыңғырлаған күлкі тілеймін. Бала – әр отбасының бақыты, үкілеген үміті, байлығы! Сол бақыттарымыз ортаймасын! Үміттеріміз ақталсын! Мереке құтты болсын!

- Әңгімеңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы