Тегін стоматологиялық көмекті кім және қалай ала алады?

1 Ақпан 2023, 09:46
6272
Бөлісу:
Тегін стоматологиялық көмекті кім және қалай ала алады?
Фото: автордан

2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры стоматологиялық клиникалармен қызмет көрсетуге тікелей шарттар жасай бастады, деп хабарлайды Жамбыл облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Бұған дейін жалпы емханалар арқылы ғана келісім-шарт жасалатын. Ал мұның емделушілерге пайдасы бар ма, медициналық қормен жұмыс істейтін тіс емдеу емханасын қалай табуға болады, оған жалпы тәжірибелі дәрігердің арнайы жолдамасы қажет пе? Жамбылдық тұрғындардың көкейінде жүрген осындай қарапайым әрі маңызды сауалдарға қор өкілі Ирина Подскочая жауап берді.

– Жыл басынан бері МӘМС есебінен стоматологиялық қызмет көрсетуде қандай өзгерістер орын алды? Әңгімеміздің әлқиссасын осыдан бастасақ.

– Стоматологиялық көмек көрсету барысында ештеңе өзгерген жоқ деуге болады, пациенттер үшін бәрі бұрынғыдай. Тек келісім-шарт жасау тәсілі өзгерді. Яғни, осы жылға дейін стоматологиялық клиникалар қосалқы мердігерлікпен медициналық қызмет көрсетсе, емханалармен өзара келісім-шартқа отыратын. Енді, 1 қаңтардан бастап қор көрсетілген қызметтердің көлемін тиімді тексеру және сапасын бақылау мақсатында тіс емдейтін емханалармен тікелей келісім-шартқа отыратын болдық. Демек, бұдан былай стоматологиялық клиникалар қанша қызмет атқарғанын және қормен келісім бойынша қаншасы қалғанын өз бетінше қадағалап отыруы қажет. 

Бұрын мұны тұрғындар бекітілген жердегі емханалар жасайтын, ал жұмыстың ауырлығын ескеретін болсақ, оларға бұл процесті бақылау әрі тексеру өте қиын болатын. Сондықтан да, өкінішке қарай, медициналық қызметтерді пациенттерге жай ғана «жаза салу» оқиғалары кездесіп жататын, тұрғындар іс жүзінде алмаған прецеденттер болды. Бұған мониторинг шараларын жүргізген кезде көз жеткіздік. Қор мамандары медициналық жазбалардан адамдар қабылдамаған процедуралар туралы деректерді жиі тауып жатты.

– Қазіргі таңда стоматологиялық көмекті алуға кімдер құқылы? Бұл халықтың белгілі бір санатына ғана қол жетімді ме?

– Міндетті медициналық сақтандыру жүйесінде немесе тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде стоматологиялық қызметтер барлығына бірдей қолжетімді емес. Халықтың әлеуметтік жағынан осал жекелеген санаттарына ғана қолжетімді. Мысалы, тек балалар мен жүкті әйелдер күнделікті стоматологиялық күтімді ала алады. Жедел ауырсыну кезінде төтенше жағдайды 10 санаттағы азаматтар, соның ішінде балалар мен жүкті әйелдер, зейнеткерлер, мүгедектер және оларға күтім жасайтын жұмыс істемейтін азаматтар, мүгедек балалар немесе бірінші топтағы мүгедектер қабылдай алады. Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар және жұқпалы аурулары бар науқастар, көп балалы аналар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар да жоғарыдағыдай жағдайда тістерін тегін емдете алады.

– Стоматологиялық қызмет алу кезінде қандайда бір медициналық ұйымға тіркелудің маңызы бар ма? Стоматологиялық клиникалар «өз» клиникаларына тіркелуді талап ете ала ма?

– Жоқ, олай емес. Қазір әлеуметтік желілерде стоматологиялық емханалардан қор қаржыландыруды қысқартқаны, осыған байланысты емхана ұйымының көрсетілген стоматологиялық емханасына бекітілген шектеулі немесе белгілі бір санаттағы азаматтарға ғана қызмет көрсетілетіндігі туралы жазбаларды көріп жүрміз. Ал басқа жағдайда ақылы негізде көмек алу ұсынылады. Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды деп айтуым керек.

Бұл жөнінде бізге көптеген арыз-шағымдар келіп түсті, оларды мұқият қараудың нәтижесінде Пациенттер құқығын қорғау қоры тарапынан тиісті шаралар қабылданатын болады.

– Өте жақсы. Стоматологиялық қызмет алу үшін емханадан жолдама алуымыз керек пе?

– Жоқ, емханадан жолдама алу қажет емес. Ең бастысы, науқас МӘМС немесе ГОБМП-да стоматологиялық көмек алушылардың санаттарының біріне кіруі тиіс. Сондай-ақ медициналық көрсеткіштері болуы керек.

– Міндетті медициналық сақтандыру есебінен стоматологиялық қызмет алу үшін сақтандыру мәртебесі қажет пе?

– Мұнда басқа медициналық қызметтердегідей принцип жұмыс істейді. Егер қызмет міндетті медициналық сақтандыру тізіміне енгізілген болса, мәртебе қажет. Мысалы, жоспарлы медициналық көмек алу үшін осы ізбен жүзеге асады. Егер қызмет медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізімінде болса, мәселен, өткір ауырсыну, онда мәртебе қажет емес, қызмет тегін көрсетіледі. Бұл жерде барлық медициналық қызмет тек медициналық себептер бойынша ғана көрсетілетінін атап өткен жөн.

Сонымен қатар, жоспарлы стоматологиялық көмекті алушылар балалар мен жүкті әйелдер екенін де еске сала кетейін. Балалар – азаматтардың бірінші артықшылықты санаты, олар үшін мемлекет жарнаны мемлекет төлейді. Жүкті әйелдер болса, жұмыс істемесе, жеңілдік санатына кіреді.

– МӘМС есебінен қандай стоматологиялық қызметтерді алуға болады?

– Шын мәнінде, тізім өте ұзақ. Кәсіби тілмен айтқанда, стоматологиялық клиникалар амбулаторлық деңгейде консультациялық-диагностикалық қызметтер мен манипуляцияларды ұсынады. Мысалы, пломба салдыру, алып тастау, анестезия алуға болады.

Сондай-ақ амбулаториялық деңгейде жақ-бет аймағының туа біткен патологиясы бар балаларға арналған МӘМС-те ортодонтиялық пластиналар орнатылған. Егер пациенттерде стационарда стоматологиялық көмек алуға көрсеткіштер болса, онда ол ауруларды диагностикалау және емдеу хаттамаларына және стоматологиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартына сәйкес көрсетіледі.

– Тұрғындар тіс емдеу емханасын өз бетінше таңдай ала ма?

– Иә, бірақ өтініш берер алдында бұл емхананың Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жеткізушісі болып табылатынын нақты анықтап алу керек. Провайдерлердің тізімін fms.kz ресми сайтынан көруге немесе емхананың өзінен сұрауға болады.

– Бүгінде емханаларда стоматологиялық көмек көрсетіле ме, ол жаққа кімдер жүгіне алады?

– Тиісті құрал-жабдықтар мен мамандары бар емханаларда стоматологиялық көмекті де алуға болады. Ал мұны тек осы емханаға тіркелген азаматтар ғана емес, басқа емдеу мекемесіне тіркелгендер де ала алады. Ол үшін тізілім арқылы емделуге жазылу керек.

– Науқасқа МӘМС есебінен стоматологиялық қызмет көрсетуден бас тартылса немесе толық көлемде көмек көрсетілмесе, пациент не істеуі керек?

– Бұл жағдайда тұрғынға осы емхананың пациенттерді қолдау қызметіне немесе Медициналық сақтандыру қорына Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы немесе 1406 қысқа нөмірі арқылы хабарласу қажет.

– Әңгімеңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы