Тегін оқыған студенттер грантты қалай өтейді?

21 Сәуір 2021, 16:46
6406
Бөлісу:
Тегін оқыған студенттер грантты қалай өтейді?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің басқарма басшысы Жанна Есінбаева мемлекеттік грант арқылы білім алған түлектер грантты жұмыспен өтеуге міндетті екенін айтты.

Сонымен бірге қай аймақта қандай мамандыққа сұраныс бар екенін мәлім етті.

Тапсырыс республикалық көрсеткіштерге байланысты жасалады. Ол Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынған кадрлар қажеттілігінің орта мерзімді болжамы негізінде қалыптастырылады. Тапсырыс аймақ бойынша емес, республика деңгейінде құрылады. Дегенмен басымдық педагогикалық, инженерлік және ақпараттық коммуникациялық мамандықтарға беріледі, - деп айтты Жанна Есінбаева.

БҒМ өкілі мемлекеттік грантпен оқыған түлектер грантты қалай өтейтіні туралы айтып берді.

Қазіргі таңда білім гранты бойынша түскен студенттердің грантты жұмыспен өтеу шаралары енгізілген. Мұндай студенттер грантты жұмыспен өтеуге міндетті. Енді түлектер мемлекеттік мекемелерде ғана емес, сонымен қатар жекеменшік ұйымдарда да жұмыс істей алады. Бұл жаңа норма ұйымдардағы кадр мәселелерін шешуге септігін тигізеді. Сондай-ақ түлектердің жұмыспен қамтамасыз етілу мәселесін де шешеді, - деп түсіндірді ол.

Айта кетейік, мемлекеттік грантты жұмыспен өтеу мерзімі – 3 жыл.

Жас мамандарды жұмысқа жіберу бойынша ЖОО-ларда құрылған дербес комиссиялар жұмыс істейді. Комиссиялар әр аймаққа мамандығына байланысты жұмысқа жіберіп отырады. Егер жұмыс табылса, онда комиссияның шешімімен түлектер 1 қыркүйектен кейін жұмыс орнына келулері керек. Ал егер жұмыс табылмаса, онда Жұмыспен қамту орталығына жүгінуі қажет, - деп қорытындылады Есінбаева.
Еске салсақ, ЖОО-ларда бір грант құны қанша теңге екені белгілі болды.

Айта кетейік, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларына гранттар бөлініп келеді.

Өзгелердің жаңалығы