Белгілі бір сырқат бойынша дәрі-дәрмектерді тегін алу үшін сақтандыру мәртебесі болуы керек, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Денсаулық сақтау саласындағы нормативтік құқықтық актілер азаматтарда белгілі бір аурулар болған кезде ТМККК және МӘМС қаражаты есебінен амбулаториялық деңгейде дәрілік заттар және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етілуге құқылы екенін айқындайды.
Бүгінгі күні емханаларда МӘМС жүйесінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың 261 атауы 68 сырқат бойынша және ТМККК шеңберінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың 386 атауы 52 сырқат бойынша қамтамасыз етіледі.
МӘМС аясында, яғни «Сақтандырылған» мәртебесі болған жағдайда, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен диспансерлік есепте тұрған жекелеген сырқаттары бар пациенттер қамтамыз етіледі. Мысалы темір тапшылығы бар фертильді жастағы әйелдер темір препараттарын ала алады, атероклероз ауруы бар және диспансерлік есепте тұрған пациенттер өз аурулары бойынша қанды сұйылтатын дәрілер (антикоагулянттар) мен басқа да парепараттарды ала алады. Яғни, динамикалық бақылауда тұрған әр пациент өзінің сырқаты бойынша препараттармен қамтамасыз етілуі қажет, - делінген «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Жетісу облысы бойынша филиалы таратқан ақпаратта.
Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап артериялық гипертензия және аритмия аурулары бойынша амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету МӘМС шеңберінде жүзеге асырылады. Яғни, осы сырқат бойынша дәрі-дәрмектерді алу үшін сақтандыру мәртебесі болуы керек.
Сондай-ақ МӘМС жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан, ТМККК шеңберінде тегін дәрі-дәрмектермен диспансерлік есепте тұрған жекелеген жағдайлары бар азаматтар, мысалы, психикалық және мінез-құлық бұзылыстары бар пациенттер, органдар мен тіндерді трансплантациялаудан кейінгі пациенттер, қант диабеті, бронх демікпесі, өкпе гипертензиясы, жүректің ишемиялық ауруы және басқа да сырқаттарға шалдыққан пациенттер қамтамасыз етіледі.
Тегін дәрі-дәрмектерді алу үшін ең алдымен рецепт тағайындауға тіркелген учаскелік дәрігерге жүгіну керек. Содан кейін дәрі-дәрмекті рецепт арқылы, жеке басын куәландыратын құжатты көрсете отырып емханадағы дәріханадан алуға болады.