Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Астанада өтіп жатқан RES 2026 саммитінде су қауіпсіздігі мен климат өзгерісінің салдарына қатысты өзекті мәселелерді көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Президенттің айтуынша, Орталық Азиядағы су ресурстарының шамамен 60%-ы Тәжікстан аумағында қалыптасады. Бұл елдің өңірлік су қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлін айқындайды.
Біздің елде қалыптасатын су ресурстары бүкіл өңірдің тұрақты дамуы үшін аса маңызды, - деді Эмомали Рахмон.
Сонымен қатар ол мұздықтардың жедел еруі күрделі қауіп төндіріп отырғанын атап өтті.
Тәжікстандағы 14 мың мұздықтың мыңнан астамы толық еріп кеткен. Бұл үрдіс жалғасып, табиғи тепе-теңдікке және су қауіпсіздігіне қауіп төндіруде, - деді президент.
Рахмонның сөзінше, климаттың өзгеруі шаңды дауылдардың жиілеуіне де әсер етіп отыр.
Былтыр елімізде 60-тан астам шаңды дауыл тіркелді. Олардың жалпы ұзақтығы шамамен 7 айға созылды. Бұрын мұндай жағдай жылына 2-3 рет қана болатын, - деді ол.
Президент Біріккен Ұлттар Ұйымы бастамалары аясында су және климат мәселелері бойынша халықаралық ынтымақтастықтың маңызын атап өтті.
Сондай-ақ Тәжікстанда мұздықтарды зерттейтін өңірлік орталық құру жоспарланып отырғанын жеткізді. Бұл бастама Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым қолдауымен жүзеге асуы мүмкін.
Бұдан бөлек, елде жасыл энергетика мен экологиялық саясатты дамытуға бағытталған шаралар қолға алынған. Атап айтқанда, гидроэнергетика басым бағыт ретінде қарастырылып, «жасыл» облигациялар шығару арқылы инвестиция тарту көзделген.
Президенттің айтуынша, биоалуантүрлілікті сақтау мақсатында 2040 жылға дейін 1 миллиардтан астам ағаш отырғызу жоспарланған.