Тәжікстан Ираннан жалпы көлемі 2,55 млн тонна отын жеткізу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл мәселені Тәжікстанның көлік министрі Әзім Иброхим мен Иранның жолдар және қала құрылысы министрі Фарзона Содик талқылады, деп хабарлады Анадолы агенттігі.
Тәжікстан Көлік министрлігінің мәліметінше, Душанбе Ираннан 2 млн тонна шикі мұнай, 150 мың тонна бензин, 300 мың тонна дизель отыны және 100 мың тонна авиациялық керосин жеткізуді ұсынған. Бұл көлем шамамен 51 мың теміржол вагонына тең.
Әзім Иброхим геосаяси жағдайдың өзгеруі Тәжікстанға отын жеткізілімінің азаюына әсер еткенін айтты. Бұған дейін ел импорттайтын отынның 80%-дан астамы Ресейден жеткізілген.
Тәжік тарапы отын тасымалдайтын вагон-цистерналардан арнайы құрамдар жасақтап, олардың Иран теміржолы арқылы өтуіне «жасыл дәліз» режимін енгізуді ұсынды.
Келіссөздер барысында Иранның Чабахар портында «Тәжікстан» логистикалық орталығын салу және пайдалану үшін жеңілдіктер беру мәселесі де қаралды. Сондай-ақ Иран аумағы арқылы автокөлікпен жүк тасымалдау, навигациялық қызметтер мен әуежайлардағы авиаотынға жеңілдіктер беру мүмкіндігі талқыланды.
2026 жылдың қаңтар-маусым айларында Тәжікстан мен Иран арасындағы жүк тасымалы 432,79 мың тоннаны құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 117,5%-ға көп. Оның 333,9 мың тоннасы теміржолмен, 98,9 мың тоннасы автокөлікпен тасымалданған.
Қазіргі уақытта екі ел арасындағы мұнай өнімдері саудасының көлемі жылына шамамен 800 мың тоннаны құрайды. Тәжік тарапы жаңа логистикалық тетіктер енгізілсе, бұл көрсеткіш бірнеше есе өсуі мүмкін деп есептейді.
Тараптар бұдан бөлек «Иран – Ауғанстан – Тәжікстан – Қытай» жаңа көлік-логистикалық дәлізін құру мәселесін талқылады. Жоба жүзеге асса, тасымалдау қашықтығы шамамен 2 мың шақырымға, ал жеткізу мерзімі кейбір қолданыстағы теңіз бағыттарымен салыстырғанда 10 күнге дейін қысқаруы мүмкін.