Астана әлемдік AI-киноның кездесу алаңына айналды

Жеңімпаздар қатарында қазақстандық Мырзахан Жұмахан да бар. Ол «It Was Just a Joke» комедиясындағы үздік кейіпкері үшін марапатқа ие болды.

 Kazinform 3 Қазан 2026, 23:49
3 Қазан 2026, 23:49
464
Фото: Kazinform
Мыңдаған автор өз фильмдерін ұсыну үшін Қазақстандағы байқауды таңдады. Алғаш рет өткен Astana AI Film Festival әлемнің 125 елінен 8 067 өтінім қабылдап, өтінімдер саны бойынша әлемдегі ең ірі халықаралық AI-кино байқауына айналды. 3 қазанда елордада фестиваль жеңімпаздары анықталды.

Үш күн бойы Астана режиссерлерді, технологиялық компаниялардың өкілдері мен инвесторларды бір сұрақ төңірегінде біріктірді: жасанды интеллект автордың қолындағы құралға айналған кезде кино қалай өзгереді?

Халықаралық қазылар алқасының құрамына ЮНЕСКО-ның бұрынғы бас директоры Одри Азуле, Қытай киноиндустриясының өкілдері және кәсіпкер Баладжи Сринивасан кірді. Ал 25 финалистің жұмысы MEGA Silk Way сауда орталығында үлкен экранда көрсетілді.

Фестивальдің халықаралық ауқымын отандық бизнестің қолдауы да күшейтті. Freedom Holding Corp. жанындағы Freedom Шапағат корпоративтік қоры жүлделерге $1 млн бөлді. Тағы $1 млн перспективалы AI-командаларға инвестиция салуға және Қазақстандағы өндірісті дамытуға бағытталады.

Жеңімпаздар қатарында қазақстандық Мырзахан Жұмахан да бар. Ол «It Was Just a Joke» комедиясындағы үздік кейіпкері үшін марапатқа ие болды. Ал Гран-при және $450 мың жүлде Латвиядан келген автор Nikolay Shestak-қа «The First Honest Day» фильмі үшін табысталды.

Астана үшін бұл — идеялармен келіп, оларды жүзеге асыруға серіктестер табатын халықаралық орталыққа айналу мүмкіндігі. Ұйымдастырушылардың басты мақсаты да осы: фестиваль айналасында халықаралық қауымдастық қалыптастырып, Қазақстанда AI-кино өндірісін дамытуға жаңа мүмкіндіктер жасау.

Наверх