Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Президенттің Парламенттің төменгі палатасының жаңа құрамына үндеуі бірқатар жаңа саяси бастаманы қамтыды. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы әлеуметтанулық зерттеулер бөлімінің басшысы Мадина Нұрғалиева айтты.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысының қатысуымен өткен VII сайланған ҚР Парламентінің бірінші сессиясы - Қазақстанда жаңа саяси маусым ашатын маңызды және күтілетін оқиға.
Президенттің Парламенттің төменгі палатасының жаңа құрамына үндеуі бірқатар жаңа саяси бастаманы қамтыды. Олардың ішіндегі негізгілері - сайлау кедергісін 7%-дан 5%-ға дейін төмендету, сайлау бюллетеньдеріне «барлығына қарсы» бағанын қосу. Жақында өткен парламенттік сайлаудың нәтижелері көрсеткендей, жекелеген партиялар үшін қолданыстағы 7%-дық межеге қол жеткізу қиын. Әлемнің әртүрлі елдерінде бұл меже айтарлықтай ерекшеленеді. Мысалы, РФ-да, Қырғызстанда қазіргі уақытта бұл меже 5%-ды құрайды. Көрші республикада бұл сайлау кедергісі жақында ғана қабылданғанын, ал Ресейде, керісінше, бұл межені 3%-ға дейін төмендету туралы бастама өткен жылдан бері талқыланып келеді, - дейді сарапшы.
Сонымен қатар, ол Қазақстан үшін сайлау шегін қысқарту бұрыннан пісіп-жетілген қажеттілік екенін жеткізді.
2012 жылдан бастап Парламентте тек 3 партия - Nur Otan, Ақ жол және қазіргі Қазақстанның Халық партиясы өкілдік етеді. Таяудағы 5 жыл ішінде елімізде жаңа саяси партиялар пайда болады деп санаймын, оның үстіне олардың пайда болуы үшін барлық мүмкіндіктер жасалған. Заңнамаға сәйкес жаңа партияны тіркеу үшін барлық өңірлерде 20 мың мүше жеткілікті. Өткен сайлау кезеңіндегі ақпараттық кеңістікті, әлеуметтік желілерді талдау «барлығына қарсы» бағанының болмауына байланысты сынның белгілі бір үлесінің болуын көрсетті. Дәл осы көрсеткіш дәстүрлі түрде балама немесе тіпті наразылық дауыс беру ретінде қарастырылады, - дейді М. Нұрғалиева.
Сонымен қатар, ол Мемлекет басшысы жариялаған реформалар жөніндегі Жоғары Кеңестің 29 қаңтарға жоспарланған отырысы ағымдағы қоғамдық-саяси процестің маңызды кезеңі болмақ деген ойын білдірді.
Нақ осы жерде мемлекеттік жоспарлаудың түбегейлі жаңа жүйесі, мемлекеттік басқарудың жаңа тұжырымдамасы және ел дамуының 2025 жылға дейінгі өзектілендірілген Ұлттық жоспары ұсынылатын болады, - дейді ол.