#Тәуелсіздік30. Түркияда «Ұлы Дала әуендері» концерті өтті

20 Қыркүйек 2021, 22:40
20292
Бөлісу:
#Тәуелсіздік30. Түркияда «Ұлы Дала әуендері» концерті өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай Тәттімбет атындағы академиялық халық аспаптары оркестрінің «Ұлы Дала әуендері» атты мерекелік концерті Түркияның Конья қаласында өтті.

Концерт Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі, Конья муниципалитеті және Қазақстанның Коньядағы Құрметті консулдығының қолдауымен ұйымдастырылды.

Мерекелік концертке Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы, Конья муниципалитеті мэрі орынбасары Мұстафа Узбаш, Конья муниципалитеті бас хатшысы Ержан Услу, Қазақстанның Коньядағы Құрметті Консулы Мұстафа Кабакчы, қазақ диаспорасы, жергілікті халық пен БАҚ өкілдері қатысты.

Коньяның көркем саябағында өткен концертке 500-ден астам халық жиналды. Жиналған қауым оркестрдің өнерін тамсана тыңдады.

Ашылу салтанатында сөз алған Конья муниципалитеті мэрінің орынбасары Мұстафа Узбаш Қазақстан Тәуелсізідігінің 30 жылдығын құттықтады. Қазақстан мен Түркия арасындағы туыстық қатынастардың, сонымен қатар экономика, сауда және туризм,білім беру саласында да ынтымақтастықтың маңызды екендігін айтып өтті.

Елші А.Сапарбекұлы Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктеріне тоқталды. Сөзін жалғастыра келе Түркияның рухани астанасында егемендігіміз бен мәдениетімізді насихаттауға арналған шараның ұйымдастырылуына қолғабыс көрсеткен баршаға ризашылығын білдірді.

Тәттімбет атындағы академиялық халық аспаптары оркестрінің дирижері Ерлан Бақытгерейдің басшылығында оркестірдің сүйемелдеуімен қазақ және түрік әндері шырқалды. Сырым Хордин, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Талғат Ыдырысов, ҚР мәдениет қайраткері Меруеш Башайқызы, халықаралық конкурстар лауреаты Ерлан Жандарбай мен Гүлжан Қорғанбекованың орындауындағы қазақ әндері көрермендердің көңілінен шықты.

Концерт соңында түркиялықтар түбі бір түркі қандастарының өнерін үлкен құрметпен қабыл алып, алғыс айтты. Бұл гастрольдік сапар әрі қарай Хатай, Газиантеп және Ыстамбұлда өтетіндігін еске саламыз.

Өзгелердің жаңалығы