#Тәуелсіздік30: Көкшетаулықтар ерекше акцияға белсенді атсалысуда

16 Наурыз 2021, 17:29
1796
Бөлісу:
#Тәуелсіздік30: Көкшетаулықтар ерекше акцияға белсенді атсалысуда

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Көкшетау қаласының тарихы музейі жариялаған «Музейге жәдігер сыйла» акциясына көкшеліктер белсенді атсалысуда.

Жыл басынан қолға алынған акция аясында музей қорына тәуелсіздік тарихымен байланысты 100-ден астам жәдігер қабылданды.

Музей қызметкерлері жыл басынан 1990-2000 жылдардың тарихын бейнелейтін жәдігерлерді жинау және туған қаламыздың ел тәуелсіздігінің қалыптасуы мен нығаюы кезеңіндегі тарихын сақтау мақсатында бұқаралық ақпарат құралдары және әлеуметтік желілер арқылы Көкшетау қаласының тұрғындарына жүгінген болатын. Акцияға белсенді үн қосып жатқан тұрғындар көп. Тоқсаныншы жылдары ел тұрмысында пайдаланылған бұл жәдігерлер енді музей қорында сақталады. Кейін арнайы көрме, «Музей түнін» ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бұл алдымен өскелең ұрпақ үшін жасалып отырған игі қадам. Кейінгі буын қаламыздың өтпелі кезең тұсындағы тарихын біліп жүруі тиіс, - дейді музей директоры Ботагөз Ғабдуллина.

#Тәуелсіздік30: Көкшетаулықтар ерекше акцияға белсенді атсалысуда

Акцияға алғашқылардың бірі болып көкшелік белгілі суретші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Өнер академиясы жанындағы мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі сарапшы - Дулат Қоспанов үн қосты. Ол музейге өзінің «Абылай хан» картинасын сыйға тартты.

Дулат Әбдірахманұлы кескіндемені майлы бояу техникасында орындап, билеушінің жауынгерлік сипатын шеберлікпен жеткізген. Суретші XVIII ғасырдың халықаралық саяси аренасындағы ең маңызды тұлғалардың бірі, есімі тәуелсіздік идеясымен, Қазақстанның жалпыұлттық бірлігі мен аумақтық тұтастығымен байланысты Абылай ханның мінезін дәл жеткізген, - дейді музейдің ғылыми қызметкері Алена Куц.

Картинамен бірге  суретші музейге «Кескіндеме. Дулат Қоспанов» атты каталогты тарту етті.

Қоғам қайраткері Күміс Мұратбекова музейге тәуелсіздік тарихынан сыр шертетін фотосуреттер мен кәдесыйлық бұйымдар, 1993 жылы туғанына 150 жыл толуына орай шығарылған Ақан сері әндерінің аудиокассетасын, Абылайханның 280 жылдығына, ғалым-этнограф Ш.Уәлихановтың 150 жылдығына, Бұқар жыраудың 325 жылдығына шығарылған төсбелгілерді табыс етті.

Сондай-ақ музей қоры 1993 жылғы Қазақстанның ұлттық валютасы -  теңгенің алғашқы үлгілері, тәуелсіздік жылдары Көкшетауда жарық көрген «Бұқпа!», «Риск-бизнес», «Любимый город», «Курс» газеттерінің алғашқы нөмірлері, қағаз тиындар,  сол тұста пайдаланылған теледидар, фотоаппараттар,  бейнемагнитофон, кассета, дискеталар, алғашқы ұялы телефондар, қызықты фотосуреттермен және басқа да заттармен толықтырылды.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы ұялы байланыс құралдарын жаңа заманғы смартфондар басты. Енді көкшетаулықтар тарих қойнауына кеткен жәдігерлерді музей сөресінен көре алады. Музей қызметкерлері осы жәдігерлер арқылы тәуелсіздік тарихын паш етуді көздеп отыр, - дейді музей директоры Ботагөз Ғабдуллина.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған акция жыл бойы жалғасады.

Өзгелердің жаңалығы