Тәуелсіздік жылдарында қазақстандықтардың табысы 10 есе өсті – Ералы Тоғжанов

10 Желтоқсан 2021, 16:58
1399
Бөлісу:
Тәуелсіздік жылдарында қазақстандықтардың табысы 10 есе өсті – Ералы Тоғжанов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Көшбасшылық. Тұрақтылық. Өрлеу» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов қазақстандықтардың табысы тәуелсіздік жылдарында он есе өскенін айтты.

Халықтың табысы 10 есеге өсті, жұмыссыздық 12,8%-дан 4,9%-ға төмендеді. Қазақстан халқы 20 жылда 4 миллионға өсті. Бүгінде елімізде өмір сүру ұзақтығы 71 жасқа дейін ұзарды. Егемендік алғалы бері 1,5 миллион азаматтың тұрмыстық жағдайы жақсарды. 5 мыңнан астам жаңа әлеуметтік нысан салынды. Нәтижесінде тек балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту 99 пайызға жетті, - деп айтты Ералы Тоғжанов.

Ол тәуелсіздік жылдары елімізге 400 миллиард доллар шетелдік инвестиция тартылғанына тоқталды.

Бұл, ең алдымен, тұрақтылықтың кепілі ретінде Мемлекет басшысының тұлғасына деген жоғары сенімге негізделгенін мойындау керек. Қазақстан ТМД елдері арасында шетел инвестициясын тарту бойынша алдыңғы қатарда екені сөзсіз. 2002 жылы Қазақстан бұрынғы Кеңес Одағы республикаларының арасынан жетекші халықаралық рейтингтік агенттіктердің жоғары инвестициялық деңгейдегі рейтингін алған бірінші мемлекет болды, - деп түсіндірді Үкімет мүшесі.

Ералы Тоғжановтың айтуынша, бүгінде Қазақстанның сыртқы сауда айналымының көлемі 100 млрд долларды құрады.

Бұл елдің халықаралық резервтерінің өсуін қамтамасыз етті. Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында 2000 жылы Халықаралық валюта қоры алдындағы барлық міндеттеме мерзімінен бұрын өтелді, - деп толықтырды Тоғжанов халықаралық конференцияда.

Өзгелердің жаңалығы