Тәуелсіздік ұрпақтары. Жетісуда грант иегерлері анықталды

10 Тамыз 2023, 19:17
878
Бөлісу:
Тәуелсіздік ұрпақтары. Жетісуда грант иегерлері анықталды
Фото: Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

Жетісуда «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының иегерлері анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Биыл Жетісу өңірінде облыс әкімінің қолдауымен алғаш рет «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына байқау жарияланған болатын. Мәдениет, ғылым, бизнес, медиа және ІТ салалары бойынша 100-ге жуық жоба қабылданып, соның ішінде 10 жоба қолдау тапты. Халықаралық жастар күні қарсаңында жеңімпаздарға грант табысталды.

Грант иегерлеріне жобаларын сәтті жүзеге асыру үшін 3 млн теңгеден берілді. Солардың қатарында «Ғылым» бағыты бойынша «Кәмелетке толмаған жасөспірімдердің психологиялық денсаулығын нығайту және суицидтік мінез-құлықтың алдын алу» жобасын ұсынған Жансерік Байденов бар. Ол суицидтік әрекетке бейім, өмірлік қиын жағдайға тап болған, сәтсіз отбасында өскен 12-16 жас аралығындағы жасөспірімдердің психологиялық денсаулығын нығайту мен суицидтік мінез-құлықтың алдын алу бойынша кешенді зерттеу жүргізбекші. 

Ал Салтанат Жақсылықова Үштөбе қаласында аудандық кітапхананың жанынан заманауи құралдармен жабдықталған коворкинг орталығын ашпақ ниетте. Ол бұл орталықты жастарды кітап оқуға тартатын, сонымен қатар түрлі семинарлар, дәрістер, тренингтер өткізуге болатын білім ордасына айналдырмақ.

Ақпараттық технология бойынша «Галографиялық 3D вентилятор» жобасымен грант ұтқан Жалғас Манархан өз бастамасы жайлы айтып өтті. 

Галографиялық 3D вентилятор дегеніміз - үш өлшемді кескін проекциясын ауада «қалқытып» тұратын технологиялық әзірлеме. Жоба Жетісу облысы көлемінде инновациялық жарнамалық қызметтерді ұсынуды мақсат етеді. Жобаны қолдану аясы кең. Вентиляторларды метро, әуежай, сауда орталықтарында, автосалондарда, бутиктерде, қонақүйлерде және басқа да халық көп шоғырланған аймақтарда пайдалануға болады. Бұл тек ақпараттық дисплей ғана емес, B2B сегментіне арналған жарнамалық құрал, - дейді ол.

Сондай-ақ медиа саласында Атамұра Мұсаханов «Қасқыр ұлыған түнде» қысқаметражды фильмін түсіруді қолға алса, Диас Нәби мобилографиялық қызметтер ұсынбақ. Бұдан өзге де грант ұтқан қызықты жобаларды жетісулық жастар бір жыл көлемінде жүзеге асырмақ.

Өзгелердің жаңалығы