Тәуелсіздігімізді көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек – Серік Ақсұңқарұлы

9 Қаңтар 2022, 12:32
1934
Бөлісу:
Тәуелсіздігімізді көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек – Серік Ақсұңқарұлы

 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қастерлі тәуелсіздігімізді көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек. Мұндай пікірді белгілі ақын, Жазушылар одағының мүшесі Серік Ақсұңқарұлы айтты. 

Шетелден террорлық басқыншылық қауіп төніп тұр. Біз Президенттің маңайындамыз. Қастерлі тәуелсіздігімізді көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек. Бейбіт шеруге шыққан халықтың талабы дұрыс еді, оны Президенттің өзі құптады. Бірақ қазіргі жағдайда содырлардың шығуы - олардың бетіне күйе жағу үшін әдейі істелген әрекет. Содырларды күшті құрылымдар дайындаған, олардың бәрін жаппай тұтқындап, жазаға тарту керек. Президенттің саясаты дұрыс, мен оны қолдаймын, - деді белгілі ақын. 

Сондай-ақ Серік Ақсұңқарұлы Мемлекет басшысының Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымынан әскер сұрағанын да қолдайтынын жеткізді. 

Шетелден армия шақырғанын да қолдаймын. Олар өздерінің кезекті миссиясын атқарған соң елдеріне қайтады. Қазір XXI ғасыр, бір елді бір ел жаулап алатын заман емес. Қазақстанды ешқандай ел жаулап ала алмайды. Оған дүниежүзілік қауымдастық та жол бермейді. НАТО-дағы армиясы ең күшті мемлекет Түркия да бізді қолдайды. Сондықтан ол армия елімізге кірсе шықпай қояды деген сөздің бәрін тастау керек. Ол әдейі елді бұзу үшін айтылып жатқан әңгіме. Кім Қазақстанның тәуелсіздігіне қарсы, кім қолдайтыны интернеттен көрініп тұр. Бәріміз Президенттің маңайында болуымыз керек. Президент мемлекеттік төңкерістің бетін қайтарды. Қасым-Жомарт Тоқаев бізді үлкен қатерден сақтап қалды. Егер осының бәрі шындық болса, қазақ тарихында оның есімі алтын әріппен жазылады, - деп қорытындылады сөзін ол. 

Өзгелердің жаңалығы