Қызылордалық мұғалім көз ауруынан кейін өмірі қалай өзгергенін айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қызылордада көру қабілеті нашарлаған мұғалім мұңдас жандардың басын қосып, ісмерлікпен айналысып жүр.
Қала тұрғыны Гүлсім Әбілованың жасы – 56-да. Соның 20 жылға жуығы мектепте шәкірт тәрбиелеумен өтті. Алайда, тосыннан келген ауру кейіпкеріміздің өмірін күрт өзгертті.
Көруім күннен-күнге қиындай берді. Дәрігерлер балаларға сабақ беруге, дәптер тексеруге көзім жарамайтынын, сондықтан мүгедектікке шығаратынын айтты. Ешқандай ем қонған жоқ, операция жасауға рұқсат етпеді. Жұмыс істеп үйреніп қалған адам үйге сыймайды екен. Мүгедектікке шыққасын Қазақ соқырлар қоғамының филиалына тіркеліп, қоғамдық жұмысқа орналастым. Сол жерде тәубеме келдім. Өйткені онда суқараңғы кісілер көп болды, - деді Гүлсім Әбілова.
Оған қарасты «Қызылорда» корпоративті қорын, филиалды басқарды. Кейіпкеріміз мүмкіндігі шектеулі, әсіресе, көру қабілетінен түгел айырылған адамдармен жұмыс істеу өте қиын болғанын жасырмады.
Соқырлар қоғамында жүргенімде жеке ұйым ашу туралы ой келді. Оқыған адаммын. Қолымнан келеді ғой деп, «Жәудір» деген атпен қоғамдық бірлестік ашып, айналама тағдырластарды топтастырдым. Жұмыс бастағанымызға үш жыл болды. Мемлекеттік тапсырыс орындаймыз. Мүмкіндігі шектеулі 10 адам тігін, қолөнер және массаж бағытында жұмыс істеп жатыр. Барлығы еңбекқор, ыждағатты. Көрпе-төсек, бесік жабдықтары, көрпе, көрпеше, жастықтар тігеміз. Гипстен бұйымдар, тойтабақ заттарын жасаймыз. Мамандығым филолог болғанмен қолөнермен айналысқанды бала күнімнен жақсы көрдім, - деді ол.
Өмірге онсыз да өкпелі жандар мемлекет қолдауына мұқтаж. Қай-қайсысы да қолдау жеткілікті болғанын қалайды.
Бізге ешқандай грант, несие берілмейді. Маған, мысалы, зейнетақы жарнасы түспейді. Ал банктердің бір талабы – осы, кемінде алты ай зейнетақы жарнасы түсіп тұрған болу тиіс. Әуелі Алла, сосын өзімнің іскерлігім мен еңбекқорлығымның арқасында табыс тауып жүрмін. Бірақ бізге компаниялар, кәсіпкерлер инвестиция құйса деймін. Мақта тазалайтын, көрпе тігетін, көрпеге жазу ойып жазатын, шұлық шығаратын станоктар алғымыз келеді. Оған қол қысқа болып тұр, - деді қоғамдық бірлестік директоры.
Кейіпкеріміз бұл кәсіпті балалары мен келіндеріне үйреткісі келеді. Олар да ешкімге тәуелді болмай, еңбектің дәмін татса екен деп армандайды.