Тауарларды міндетті таңбалау операторының қызметін тоқтату керек - депутат

19 Қаңтар 2022, 12:30
1649
Бөлісу:
Тауарларды міндетті таңбалау операторының қызметін тоқтату керек - депутат

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілісте депутаттар тауарларды міндетті таңбалау мәселесін көтеріп, Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановқа сауал жолдады.

Бүгін біз тауарларды міндетті таңбалау мәселесін көтеруге мәжбүрміз. «Ақ жол» фракциясының депутаттары 2018 жылы Тауарларды таңбалау туралы келісімнің ратификациялануын қолдамады. Сонымен қатар біз Еуразиялық экономикалық одақ комиссиясының алаңында таңбалауға жататын тауарлар тізбесін негізсіз кеңейтуді қайта қарау талабымен Үкіметтің атына екі рет хат жолдадық. Тауарларды таңбалауды, шын мәнінде, халықаралық практикада қолданылатындай, көлеңкелі, заңсыз тауарлармен күресу тетігі ретінде акцизделетін тауарлар тобы үшін ғана қолдану керек екенін атап өттік, - деді Мәжіліс депутаты Дания Еспаева.

Депутаттың сөзінше, «Ақ жол» фракциясы Үкіметтің назарын міндетті таңбалауды енгізу тұтыну тауарлары мен тамақ өнімдерінің қымбаттауына алып келетініне, бизнес үшін есептілікте елеулі проблемалар туғызатынына аударған.

Тауарларды міндетті таңбалау операторының қызметін тоқтату керек - депутат

Шенеуніктер бізді бұл болмайды деп сендірген, бірақ өткен жылы пилоттық жоба таңбалаудың енгізілуі сүт өнімдерінің 35%-ға қымбаттауына алып келгенін көрсетті. Соның нәтижесінде олар одан бас тартты. Бірақ аяқ киім үшін таңбалауды енгізді, содан көптеген аяқкиім дүкендеріне жұмысының тоқтап қалу қаупі төніп түр, кәсіпкерлер бағаның 20-25%-ға өскенін айтып отыр, бұл жалпы инфляцияға үлесін қосуда. Басқа тауарлар үшін де таңбалауды енгізу кезекте тұр. Мәселен, Үкіметтің 2020 жылғы 10 қыркүйектегі №568 қаулысына сәйкес тоқыма өніміне, су мен сусындарға, дәрілік заттарға таңбалауды енгізу мерзімдері белгіленген. Кезекте басқа да өнімдер бар, - дейді Еспаева өз сауалында.

Ол 2020 жылғы 19 мамырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында тауарларды міндетті таңбалауды енгізуді кейінге қалдыруды және бұл мәселені анағұрлым мұқият зерделеуді ұсынғанын еске салды.

Сонымен бірге, мемлекет енгізетін кез келген міндетті төлемдер өзінің табиғаты бойынша салық деп есептелуге тиіс. Мысалы, алкоголь мен темекі өнімдеріне арналған дәл сол акциздік маркалар, олар да нарықтың ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған. Осыған байланысты, «Ақ жол» фракциясы мемлекет атынан енгізілетін міндетті төлемдер – ал бұл төлемдер, шын мәнінде, салықтар – неліктен жекеменшік компанияға – таңбалау операторына келіп түседі деген сұрақты қайтадан көтеруге мәжбүр, - деп атап өтті Мәжіліс депутаты.

Мәселен, тауарларды таңбалау мен қадағалаудың бірыңғай операторы болып 49% жекеменшік құрылымдарға тиесілі «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы айқындалған.

«Ақ жол» ҚДП фракциясы жоғарыда көтерілген мәселелер негізінде өз ұсыныстарын айтты:
1) Ұлттық экономикалық мүдделерді қорғау мақсатында Еуразиялық экономикалық комиссияға таңбалауға жататын тауарлар тізбесін кеңейтуді тоқтата тұру туралы ұсыныс енгізуді.
2) Тауарларды таңбалауды енгізу тұтыну нарығындағы бағаның өсуімен қатар жүретін жерде одан бас тартуды.
3) Таңбалау операторының функцияларын мемлекетке беруді және тауарларды таңбалаудан қаражаттың ел бюджетіне түсуін қамтамасыз етуді сұрайды.

Өзгелердің жаңалығы