Тауарға ілеспе құжат мәселесін үкіметпен бірлесе, наурызға дейін шешеміз – Баталов

30 Желтоқсан 2022, 14:05
852
Бөлісу:
Тауарға ілеспе құжат мәселесін үкіметпен бірлесе, наурызға дейін шешеміз – Баталов

Қаржы министрлігі және  «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы арасында қол қойылған ынтымақтастық туралы меморандум аясында тауарларға ілеспе құжатты ресімдеу жөніндегі міндеттемелерді түбегейлі қайта қарау көзделген, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Меморандумға сәйкес Қаржы министрлігі және «Атамекен» ҰКП арасыда тауарларға ілеспе құжатты ресімдеу жөніндегі міндеттемелерді түбегейлі қайта қарау 2023 жылғы 1 наурызға дейін іске асырылады. Осылайша, мемлекеттік орган және Ұлттық палата кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы жағдай жасауға ниетті. Бұл шара бизнесті жүргізуді жеңілдетеді.

 Ұлттық кәсіпкерлер палатасы екі жыл бойы тауарға ілеспе құжатты енгізуге қарсылық білдіріп келді. Біздің позиция – бизнестің жұмысындағы әкімшілік кедергілерді барынша жою. Бүгін, жаңа жылдың қарсаңында бизнес пікірі еленді. Бірлескен меморандумға қол қойылды. Бұл құжат келер жылы тауарға ілеспе құжатты рәсімдеуді түбегейлі қайта қарауға мүмкіндік береді. Бұл шара ТЖҚ және виртуалды қоймамен жұмыс істейтін  бухгалтерлер, ШОБ өкілдері үшін жақсы жаңалық, – деді «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов.

Спикер бизнесмендердің көпшілігі тауарға ілеспе құжатты алып тастауды қолдайтынын атап өтті.

Тауарға ілеспе құжатты енгізу кәсіпкерлер үшін қолма-қол ақша мен адам ресурстарына қатысты қосымша шығын тудырады. Жалпы Үкіметпен ТЖҚ қолдануды қайта қарау қажеттілігі туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Тоқсан ішінде, 1 наурызға дейінгі мерзімде біз енгізілетін барлық норма бизнес үшін шынымен ыңғайлы болуы үшін барлық олқылықты пысықтауымыз керек, – деп атап өтті Райымбек Баталов.

Тауарға ілеспе құжатты рәсімдеу бойынша пилоттық жоба 2020 жылы Мемлекеттік кірістер комитетінің бастамасымен енгізілді. Құжат Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінген тауардың айналымын қадағалап, елдегі көлеңкелі экономиканы төмендетуі керек еді. Алайда жобаның нәтижесі ТЖҚ бойынша процестер жолға қойылмағанын көрсетті. Құжатты рәсімдеу бойынша ақпараттық жүйе тұрақсыз жұмыс істейді. Әлі де техникалық ақаулар бар. Техникалық мәселелерді пысықтау бойынша кәсіпкерлерді ұйымдастырушылық және сервистік қолдау жағы ақсайды.

Бұл ретте Мемлекетткі кірістер тарапынан ақпараттық жүйені әрбір модификациялау, пысықтау, жаңарту шаралары бизнеске қосымша шығын келтіреді, сондай-ақ өзінің бизнес-процестерін үздіксіз іске асыру үшін қосымша штатты (бухгалтерді) жалдауды талап етеді.

Осылайша, тауарларға ілеспе құжатты енгізу салық төлеушілер мен салық органдары арасындағы тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз етпейді, фискалдық әкімшілендіруді қиындатады. Салдары кәсіпкерлік қызметті шектейді және бизнес пен мемлекеттің негізсіз шығындарына әкеп соғады.

Өзгелердің жаңалығы